Reuters

Роналду Ақ үйде кешкі ас ішті

Португалиялық футболшы Криштиану Роналду АҚШ президенті Дональд Трамппен және Сауд Арабиясының тақ мұрагерімен бірге кешкі асқа қатысты. Бұл туралы Reuters-ке сілтеме жасай отырып El.kz интернет порталы хабарлайды.

АҚШ президенті Дональд Трамп пен Сауд Арабиясының мұрагер ханзадасы Мұхаммед бен Сальман әл-Сауд арасындағы кездесуден кейін Ақ үйде өткен салтанатты кешкі асқа Криштиану Роналду, FIFA президенті Джанни Инфантино және америкалық миллиардер Илон Маск та шақырылды.

Трамп салтанатты кеште әзілдеп, ұлы Бэрронды Сауд Арабиясының «Әл-Наср» клубы мен Португалия құрамасының шабуылшысы Криштиану Роналдумен таныстырғаннан кейін одан бұрынғыдан да көп құрмет көргенін айтты.

Білесіздер ме, менің ұлым Роналдудың үлкен жанкүйері, – деді Трамп сейсенбі күнгі кешкі ас кезінде.

Бэррон Криштианумен кездесті. Меніңше, сізбен таныстырған соң ұлымның маған деген құрметі арта бастаған сияқты, – деді Трамп.