Жаңалықтар

Rocket Plastic: “Адамдардың экологиялық сауатын арттырғымыз келеді”

Rocket Plastic жобасының авторы Данияр Бакимовпен әңгіме
Rocket Plastic: “Адамдардың экологиялық сауатын арттырғымыз келеді”
26.02.2019 16:52 9083

Данияр Бакимов - IT-маман. Осы салада ұзақ жыл жұмыс жасап жүрген Данияр былтырдан бері әлеуметтік жобаны қолға алған. Ол негізін салған Rocket Plastic шеберханасы пластикті қайта өңдеп, одан ұзақ уақыт қолданыста болатын заттар әзірлеумен айналысады. Жобаға жарты жылдан аса уақыт болса да, шеберхана Алматыдан бөлек тағы үш қалада іске қосылған. Данияр El.kz порталына жобаның идеясы мен жұмысы жайлы айтып берген еді.

Эко-жобаның идеясы қалай туды?

Былтыр Алматыда өткен марафонға қатысқан едім. Сол кезде су ішуге арналған орындардың айналасында шашылып жатқан пластик бөтелкелер мен қағаз стақандарға көзім түсті. Қоқыс жәшіктерін көре тұра, адамдардың пластик қалдықтарын далаға тастағаны мені қатты таңғалдырды. Сол кезден бастап осы проблеманы зерттей бастадым. Бұл пластиктің бәрі қайда кетеді? Инфрақұрылым бар ма, жоқ па? Жоқ болса, проблеманы шешу жолдары қандай? Пластик бір ғасырдан аса уақыт бұрын ойлап табылса да, ол 500 жылға дейін шірімей, табиғатқа зиян келтіреді деген дерек бар. Бұл - үлкен экологиялық проблема.

Қазақстанда пластик қалдықтарын қайта өңдеу жолға қойылмағанын білеміз. Әдетте барлық пластикті жинап, қала сыртындағы полигондарға шығарып тастайды. Қала көшелерінде шашылып жатқан пластикті көрмегеннен болар, біз үшін бұл проблема болып көрінбеуі мүмкін. Бірақ қала сыртындағы қоқыс қоршаған ортаға, адамдарға үлкен зиянын тигізеді. Сіз қалада тұрасыз ба, қала сыртында тұрасыз ба, қарапайым қазақстандықсыз ба, жоқ миллионерсіз бе, маңызды емес. Экология бәріне ортақ.

Қазақстанда пластик қалдықтарын қайта өңдеу жолға қойылмағанын білеміз. Әдетте барлық пластикті жинап, қала сыртындағы полигондарға шығарып тастайды. Қала көшелерінде шашылып жатқан пластикті көрмегеннен болар, біз үшін бұл проблема болып көрінбеуі мүмкін. Бірақ қала сыртындағы қоқыс қоршаған ортаға, адамдарға үлкен зиянын тигізеді. Сіз қалада тұрасыз ба, қала сыртында тұрасыз ба, қарапайым қазақстандықсыз ба, жоқ миллионерсіз бе, маңызды емес. Экология бәріне ортақ.

Rocket Plastic: “Адамдардың экологиялық сауатын арттырғымыз келеді”

Фото: pixabay.com

Статистикаға сенсек, бүгінгі күні әлемдегі барлық пластиктің тек 10 %-ы қайта өңдеуге жіберіледі. Біз тұтынатын пластиктің санымен салыстыратын болсақ, бұл үлкен көрсеткіш емес. Мысалы әлемде жылына 500 миллион пластик пакет пен 480 миллион пластик бөтелке өндіріледі екен. Қарапайым отбасы жылына 500 пластик бөтелке тұтынады. Егер ол пластик бөтелкелерді бір қатарға қойса, шамамен Бәйтеректің ұзындығымен пара-пар болар еді. Халықтың экологиялық сауатының төмендігі мен мемлекет тарапынан қызығушылықтың болмауы өз нәтижесін беруде. Бізде қоқыспен байланысты бизнес оны жинап, сұрыптап, не Ресейге, не Қытайға сатудан әрі аспайды. Ал қазір Қытайдың өзіне сату мүмкіндігі төмен, себебі бұл ел қалдықтарды импорттау үлесін төмендетуде. Өзіміз сатқан пластикті (өңделген түрде) одан жоғары бағаға сатып алу экономикалық тұрғыда да тиімсіз. Сондықтан қалдықты қайта өңдеуді өз қолымызға алатын уақыт келді.

Осы жағдайлармен таныса келе, проблеманы шешуге мүмкіндік беретін жоба жасау жайлы ой келді. Мұнымызды азаматтық борыш деуге бола ма, білмеймін. Еуропада Precious Plastic деген жоба бар. Жоба авторлары өнеркәсіптік жабдық негізінде станоктар ойлап тапқан. Өте қарапайым, тез жиналатын құралдар, көп орын алмайды. Олар өз жұмыстарын интернетке жүктеп, барлығына қолжетімді етті. Осылай әлемнің кез келген аймағында тұратын адамдар пластикті қайта өңдеумен айналысып, оның қоршаған ортаға тигізер зиянын төмендете алады. Біз құрылғылардың сызбасын көшіріп алып, оны құрастыра бастадық. Алғашында оңай көрінгенмен, кейбір бөлшектерін Қазақстаннан таба алмадық. Жетіспеген бөлшектерді шет елден тапсырыспен алдырып, аппаратты былтыр қыркүйек айында толық құрастырып шықтық.

Команда қалай жинақталды?

Rocket Plastic: “Адамдардың экологиялық сауатын арттырғымыз келеді”

Жоба жайлы идеямды досым әрі IT саласындағы серіктесім Кенен Ысқақовқа айтқан едім. Ол бірден қолдайтынын білдірді. Десе де командаға әлі де адамдар керек болды. Сондықтан мен әлеуметтік желіде эко-жобамен айналысқалы жатқанымды, егер командаға қосыламын дейтіндер болса, маған хабарласуын өтіндім. Осылайша біздің қатарымызға Карим Қанатов пен Асылбек Мырзахметов қосылды.

Жұмысқа кіріспес бұрын біз арнайы онлайн курстардан өттік. Пластиктің қандай түрлері бар? Қандай температурада ериді? Оны қалай сұрыптау керек? Қандай пластикті қайта өңдеуге болады, қайсысын болмайды? Осы сұрақтарға жауап алып, білімімізді арттырғаннан кейін тестілеу жұмыстарын бастадық. Пластик өте икемді зат болғандықтан, одан кез келген нәрсені жасап шығаруға болады. Қазірдің өзінде біздің айналамыздағы заттардың тең жартысы пластик өнімдер.

Сондай-ақ қазір командадан бөлек, бізге қолдау көрсететін топ жинақталып үлгерді. Олар біздің жұмысқа араласпаса да, идеяларымен бөлісіп, қолдарынан келгенше көмек береді. Біздің жобаға сенім білдірген адамдар барын білу, олармен үнемі байланыста болу бізді шабытандырмай қоймайды. Олармен ортақ чатта "Қандай өнімдерді шығарғанымыз дұрыс болады?", "Концепциядан алыстап кетпедік пе?" деп үнемі сұрап тұрамыз. Себебі біздің концепция - ұзақ уақыт қызмет ететін пластик өнімдерді шығару.

"Біздің концепция - ұзақ уақыт қызмет ететін өнім шығару"

Біз пластиктен 15 шақты өнім түрін әзірлеп жүрміз. Олардың бәрі дерлік күнделікті қолдануға арналған қарапайым тұрмыс заттары. Мысалы, кеңсе аксессуарлары, смартфон қаптамалары, сағаттар және т.б. Қазір корпоративтік сектормен серіктестік орнатуды жоспарлап отырмыз. Сонымен қатар үйдің немесе офистер мен коворкингтердің декорына арналған интерьерлік плиткалар жасаймыз. Мұндай өнімдер адамдарға оң әсер етеді деп ойлаймыз. Қайта өңдеуден өткен затты қолдану арқылы олар өздерінің де қоршаған ортаны қорғауға ат салысып жатқанын сезінетін болады. 

"Біз адамдардың экологиялық сауаты мен белсенділігін арттырғымыз келеді"

Осы жобаға кірісер алдында эко-қауымдастықтардың жұмысымен танысып, біздің қалада белсенді жандардың аз емесіне көзім жетті. Мысалы, "Эко-сенбілік" жобасының авторы Бану-Ақкүміс Құспанованы атауға болады. Ол эко-энтузиасттармен жиналып, айына екі рет қоқыс көп жерлерде тазалық жұмыстарын жасайды. Оның бәрі сол жерде сұрыпталып, арнайы орындарға жөнелтіледі. Біз де өз тарапымыздан жиналған пластиктерді қайта өңдеуге әкетіп отырдық. 

Қазір өзіміз де осындай шаралар ұйымдастыруды жоспарлап отырмыз. Осылайша біз адамдардың экологиялық сауаты мен белсенділігін арттырғымыз келеді. Қоқысты бөлек сұрыптау, қайта өңдеу "культке" айналса дейміз. Үш апта бұрын көпшілікке пластик түтікшелердің зияны туралы фильмді көрсеттік. Алдағы уақытта да осындай кинокөрсетілімдерді дәстүрге айналдырып, адамдардың санасына әсер еткіміз келеді.

Әлеуметтік жоба табыс әкеле ме?

Әлеуметтік жобалар, әсіресе экологиямен байланысты болса, тұрақты табыс әкелмейтіні белгілі. Сондықтан мұндай жоба авторлары көбіне гранттар мен спонсорлар іздейді, мемлекеттен қолдау сұрайды. 

Ал біз әуелден жұмысымыздың бағытын нақтылап алдық. Осы күнге дейін біз төрт аппаратты құрастырып үлгердік. Біреуі Алматыда болса, қалғандары Қарағанды, Рудный және Қызылорда қалаларында. Қазір Астанада шеберхана ашу бойынша келіссөздер жүріп жатыр. Біз осылайша жобамыздың ауқымын арттырғымыз келеді. 

Қазақстандықтардың қоқысты сұрыптауына не кедергі?

Rocket Plastic: “Адамдардың экологиялық сауатын арттырғымыз келеді”

Әдетте бізге қоқысты бөлек жинауға не кедергі келтіреді? Біріншіден, инфрақұрылым дұрыс жолға қойылмаған. Көшеде бөлек сұрыптауға арналған қоқыс жәшіктері қойылса да, оны тазалайтын адамдар көбіне бәрін бір көлікке тиеп, алып кетеді. Осы жерде адамдардың мотивациясы да аяқталады.

Оның үстіне біздің елдің адамдарында бұдан да маңызды проблемалары бар. Халықтың тең жартысы несиесін қалай төлеймін деп әлек, қоқысты сұрыптауды ойлайтын уақыттары да жоқ. Оларға пластиктің зияны, сұрыптаудың маңызы жайлы ақпарат жиі айтылмайды. Маслоу пирамидасын мысалға алатын болсақ, адамның негізгі қажеттіліктері қанағаттанбай, ол басқа нәрсені ойлай алмайды. Содан кейін бір проблеманы шешу үшін біз міндетті түрде Швейцария, Еуропа, Жапонияның мысалын қараймыз. Ал ол елдерде адамдардың қажеттіліктері де басқаша ғой. Бірақ солай екен деп, ештеңе жасамай отыра беруге де болмайды.

Біздің ел бұл проблемаға енді-енді назар аударып келеді. Көшелерде арнайы қоқыс жәшіктері қойылып, кейбір дүкендер биопакеттер ұсынуда. Бәрі өз уақытымен. Осылай жалғаса берсе, эко-белсенділердің де қатары арта түседі деп ойлаймын.

Rocket Plastic: “Адамдардың экологиялық сауатын арттырғымыз келеді”

Мысалы, мен қазір "Recycle birge" жобасы аясында Алматы қаласындағы эко-белсенділермен бірігіп жұмыс жатырмын. Осы жоба арқылы кеңсе жұмыскерлеріне, тұрғын-жайлардағы адамдарға қоқысты сұрыптаудың маңызын, оны қалай дұрыс жасау керектігін түсіндіреміз. Арнайы қоқыс жәшіктерін қою жоспарда бар. Бұл біздің кішігірім "азаматтық белсенділігіміз" болмақ.

Даниярдан кеңес 

— Егер саналы тұтынуға өтуге шешім қабылдасаңыз, бірінші кезекте, дүкеннен пластик пакет алудан бас тартасыз. Азық-түлік заттарын салу үшін өзіңізбен бірге бірнеше рет қолдануға болатын пакет немесе эко-сөмке ұстаңыз; 

— Содан кейін сатып алатын өнімдерге назар аударыңыз. Олардың қаптамасы экологияға зиянын тигізе ме? Ол қаптама қайта өңдеуге келе ме, жоқ па? Егер бұл сұрақтарға теріс жауап берсеңіз, ондай өнімдерден бас тартқан жөн; 

— Үйде бірнеше қоқыс жәшігін қойыңыз. Пластик, қағаз, шыны қалдықтарын бөлек жинаңыз. Егер үйіңіздің жанында қоқысты бөлек тастайтын контейнерлер болмаса, оны қабылдайтын арнайы орындарға тапсырыңыз;

— Бірден эко-белсенді болып кету мүмкін емес. Бәрі әсте-әсте. Сондықтан әуелі өзіңіздің қолыңыздан келетін істерден бастаңыз. Орта жолда "берілмеу" үшін қалаңыздағы эко-қауымдастықтың жұмысымен танысыңыз. 


Мен өзімді әлі де толықтай эко-белсендімін деп айта алмаймын. Себебі ауаны ластағысы келмей, автокөлікпен немесе қоғамдық көлікпен жүруден бас тартатын адамдар бар. Ал мен ондай деңгейге әлі жеткен жоқпын. Бұның бәрі бірте-бірте келеді деп ойлаймын. 

Суреттер Данияр Бакимовтың жеке мұрағатынан алынды

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға