Roblox - дәстүрлі сюжеті бар дайын ойын емес, пайдаланушылар өздері құратын ауқымды виртуалды әлемдер жиынтығы.
Бұл платформада кез келген адам аркада, симулятор, рөлдік ойын секілді жобаларды құрастырып, жариялай алады немесе басқа әзірлеушілер жасаған миллиондаған ойындардың кез келгенін ойнай алады. Яғни Roblox - ойын ғана емес, пайдаланушы қалыптастыратын тұтас экожүйе.
Платформаның танымалдығы оның еркіндігі мен қолжетімділігіне байланысты: біреулер үшін бұл - көңіл көтеру алаңы, енді біреулер үшін - шығармашылық мүмкіндіктер мен табыс көзі. Төменде Roblox-тың қалыптасу тарихы, негізгі мүмкіндіктері, артықшылықтары мен кемшіліктері туралы толық ақпарат берілген.
Айта кету керек, 2025 жылғы 3 желтоқсаннан бастап Roblox Ресей аумағында бұғатталды. Шектеу елдің заңнамасын бірнеше рет бұзу фактілеріне байланысты енгізілген.
Roblox туралы негізгі деректер
-
Roblox - пайдаланушылар жасаған миллиондаған ойындары бар онлайн-платформа.
-
2006 жылы іске қосылған. Құрылтайшылары – Дэвид Базуки мен Эрик Кассел.
-
Платформадағы ойындар плейс деп аталады. Олар жанры, күрделілігі, графикалық деңгейі бойынша әр түрлі.
-
Пайдаланушылар Roblox Studio арқылы өз ойындарын жасай алады. Бағдарламаны меңгеру үшін күрделі бағдарламалау тілін білудің қажеті жоқ.
-
Ішкі валюта - робакс. Оны сатып алуға немесе өз жобалар арқылы табуға болады.
-
Roblox компьютер, смартфон, планшет, Xbox және PlayStation құрылғыларында қолжетімді.
Платформаның қалыптасу тарихы
Roblox идеясы 1980-жылдардың соңында пайда болды. Сол кезеңде инженер Дэвид Базуки оқу мақсатында түрлі симуляциялар әзірледі. Бұл тәжірибе кейін ойындық орта жасауға негіз болды.
-
2004 жыл: Roblox Corporation тіркелді, алғашқы нұсқа DynaBlocks ұсынылды.
-
2005–2006 жыл: жоба Roblox атауын алып, пайдаланушыларға өз деңгейлері мен шағын ойындарын жасау мүмкіндігі берілді.
-
2009 жыл: аватарларды киім және әртүрлі бұйымдармен баптау мүмкіндігі енгізілді.
-
2012–2014 жылдар: iOS және Android жүйелеріне шығу - аудиторияның күрт өсуіне себеп болды.
-
2015 жыл: Xbox One нұсқасы жарық көрді. Roblox кроссплатформалы жобаға айналды.
-
2023 жыл: PlayStation 4 және 5 үшін нұсқа қосылды.
-
2020-жылдар: әлемдік брендтермен әріптестік, виртуалды концерттер, ойындарға жас шектеулерін енгізу.
Қазір Roblox - мазмұнын пайдаланушылардың өздері жасайтын ең ірі платформалардың бірі.
Roblox Studio: өз ойыныңды жасау мүмкіндігі
Платформаның басты құралы - Roblox Studio. Ол тегін әрі барлығына қолжетімді.
Редактор арқылы:
-
дайын үлгілерді пайдаланып карталар құруға;
-
нысандарды баптауға (түсі, материалы, қасиеттері);
-
жарық, дыбыс, анимация қосуға;
-
Luau тілінде қарапайым сценарийлер жазуға;
-
толыққанды экономикасы бар күрделі ойындар жасауға болады.
Roblox-та тіпті фильмдер мен мультсериалдардың виртуалды әлемдері жасалады: бұрын Netflix жобаларының локациялары ұсынылған, қазір танымал бағыттардың бірі – K-pop стиліндегі қиял-ғажайып әлемдер.
Платформадағы ойын түрлері
Roblox-та орталықтандырылған сюжет жоқ - тек пайдаланушылар жасаған миллиондаған ойын әлемдері бар.
Танымал бағыттар:
-
Рөлдік ойындар: виртуалды қалада өмір сүру, кәсіби рөлдерді ойнау.
-
Симуляторлар: шаруашылық жүргізу, жануар бағып-қағу, аттракциондар паркін басқару.
-
Экшен және атыс ойындары: командалық шайқас, монстрлардан қорғану.
-
Паркур: кедергілер жолағын жылдам өту.
-
Қорқынышты ойындар: атмосфералық карталар мен жұмбақтар.
-
Әлеуметтік кеңістіктер: бейресми араласатын алаңдар.
-
Спорттық ойындар: футбол, жарыстар және т.б.
Мысал: Brookhaven RP - қаладағы өмірді толықтай модельдейтін ойын; Jailbreak - қашқындар мен полиция арасындағы текетірес ойыны; Super League Soccer - командалық футбол.
Әлеуметтік өзара әрекеттесу
Әр ойыншының өз аватары бар: киім, эмоция, аксессуарларды өзгертуге болады.
Қолжетімді мүмкіндіктер:
-
мәтіндік чат;
-
13 жастан асқан, жасының расталған пайдаланушылар үшін дауыс чаты;
-
топтар құру, достар қосу;
-
ереже бұзу жағдайында уақытша немесе толық бұғаттау.
Экономика және ішкі валюта
Робакс - платформаның негізгі ақшасы. Оны:
-
сатып алуға;
-
өз ойындары арқылы табуға болады.
Танымал жобалардың авторлары табыс алып, оны нақты ақшаға айналдыра алады (әзірге кей елдерде бұл мүмкіндік шектеулі). 2025 жылғы мәлімет бойынша, әзірлеушілерге төленген жалпы сыйақы 1 млрд доллардан асқан.
Creator Marketplace дүкенінде пайдаланушылар киім, анимация, 3D нысандар жариялап, пайда таба алады.
Тұрақты жаңартулар
Roblox ай сайын емес, апта сайын жаңартылады.
Жаңартулар:
-
қателерді түзету;
-
интерфейсті жетілдіру;
-
жаңа функциялар енгізу.
2024 жылдан бастап барлық ойындар жас санатына қарай белгіленеді: «Барлығына», «9+», «13+», «17+». Бұл - балаларды қауіпті контенттен қорғау тетігі.
Roblox неліктен танымал? Артықшылықтары
-
Тегін және қолжетімді: әлсіз құрылғыларда да жұмыс істейді.
-
Жанрлар көп: қалаған ойынға бір секундта ауысуға болады.
-
Шығармашылық еркіндік: кез келген адам өз ойынын жасай алады.
-
Әлеуметтік орта: достармен ойнау, топтарға қатысу, виртуалды концерттер.
-
Табыс табу мүмкіндігі: ойын құраған авторлар шынайы пайда көреді.
-
Кроссплатформалық жұмыс: компьютер, телефон және консоль арасында деректер жоғалмайды.
Платформаның кемшіліктері
-
Ішкі шығындар: кей ойындар мен заттар ақылы.
-
Контент сапасының әркелкілігі: ойындарды пайдаланушылар жасайтындықтан, сапасы да әртүрлі.
-
Желіде қауіпті жағдайларға тап болу мүмкіндігі: балалар үшін ата-аналық бақылау маңызды.
-
Уақытты көп алып қоюы: ойындар саны шексіз, қызығып кету оңай.
-
Кей елдердің заңнамасына сай келмейтін контент болуы мүмкін.
Roblox қай платформаларда бар?
Roblox келесі құрылғыларда іске қосылады:
-
Компьютерлер: Windows, macOS
-
Смартфондар мен планшеттер: iOS, Android, Amazon
-
Ойын консольдері: Xbox, PlayStation
Ал ойын жасау тек компьютердегі Roblox Studio арқылы жүзеге асады.

