Жаңалықтар

Ұрлықтан қалай сақтанамыз?

Сақ жүрсең, сау жүрерсің
12.12.2016 03:12 8727

Ұрлықтан қалай сақтанамыз?Бүгінде бөтеннің мүлкін ұрлау үлкен мәселеге айналып отыр. Ресми дерек бойынша, Астанада жасалатын ұрлықтың 80 пайызы – қалта ұрлығы. Әсіресе қоғамдық орындарда автокөлік тонау, ұялы телефон ұрлығы, құрылыс объектілері мен пәтер тонау тиылмай келеді. El.kz сайтына Астана қаласы Алматы ауданы ІІБ криминалдық полиция басшысының орынбасары, полиция майоры Ілияс Жұмағұлов қоғамдық орындардағы қауіпсіздік шаралары туралы айтып берді. Ұрылардан сақтанудың тиімді тәсілі – қарапайым қауіпсіздік шараларын сақтау.

Ұялы телефонын ұрлатып алған Әмина Тұрсынбаева Алматы ауданы ІІБ-да арыз жазып отыр, 07.12.2016 ж

Біз Алматы ауданы ішкі істер басқармасына келгенде, тергеуші алдында арыз жазып отырған Әмина Тұрсынбаеваны жолықтырдық. Әмина емханаға автобуспен бара жатқан жолда ұялы телефонын ұрлатып алғанын айтады.

– 20 бағыттағы автобусқа отырғанда телефоным қалтамда болған. Автобустан түскен кезде барып, телефонымның жоғалғанын білдім. Несиеге алған телефонды ұстап жүргеніме бір жылдай болған, – дейді ол.

Әминаның айтуынша, ол алдыңғы жылы да Қарағандыда телефонын ұрлатып алған. Алайда бір ай өтер-өтпес мерзім ішінде полиция қызметкерлерінің көмегімен қайтарып алған екен. Осы жолы астаналық полиция қызметкерлеріне үміт артып келіп отырғанын айтады.

Астана қаласы Алматы ауданы ІІБ криминалдық полиция бастығының орынбасары, полиция майоры Ілияс Жұмағұлов, 07.12.2016 ж

Әмина болған оқиғаны тергеушіге түсіндіріп жатқан кезде, ІІБ криминалдық полиция бастығының орынбасары, полиция майоры Ілияс Жұмағұлов бізге қоғамдық орындардағы қауіпсіздік шаралары туралы айтып берді. Оның айтуынша, қалада жасалатын қылмыстардың 40 пайызы осы қалта ұрлығына жатады. Алматы ауданы бойынша күніне он шақты қалта ұрлығы тіркеледі. Қалта ұрлығы көбіне қоғамдық орындарда, адам көп жүретін әр түрлі сауда үйлерінде, автобустарда жиі жасалады.

«Біздің басқармада сотқа дейінгі тергеу жұмыстары жүргізіледі. Телефонын ұрлатқан жәбірленуші алдымен арыз жазады. Кезекші жедел уәкіл немесе тергеуші арызын қабылдап алады. Оны қылмыстық есептік журналына тіркегеннен кейін, аудандағы жедел уәкіл қызметкерлеріне хабарланады. Олар аймақты бақылап, іздестіру шараларын жүргізеді. 1 күн ішінде бұл іс анықталмаса, сотқа дейінгі қылмыстық іс қозғалады. Телефонның imei коды арқылы 1-3 күн аралығында  іздестіріледі».

Алматы ауданы ІІБ-да қалта ұрлығымен айналысатын арнайы іздестіру бөлімі жұмыс істейді. Ондағы 20 қызметкер күніне үш мезгіл қоғамдық орындарды аралап, бақылау жүргізеді. Мұндай қадам ұрлық жасамақшы болған адамды тіксіндіріп, ойынан қайтаруы мүмкін. Алматы ауданында әр түрлі қылмыс бойынша 400-ге жуық азамат есепте тұр. Аймақтық жедел уәкіл тобы сотталған, шартты түрде босатылған осы адамдармен хабарласып, апта сайын тексеріп тұрады.

El.kz сайты қоғамдық орындардағы ұрлық-қарлық бойынша сауалнама жүргізген болатын. Оған 80-ге жуық интернет қолданушысы қатысты. Респонденттердің  61,3 пайызы қоғамдық орындарда затын жоғалтып көрген болса, 34,7 пайызы «жоқ» деп жауап берген. Сонымен бірге олардың 82,7 пайызы жоғалған затының полиция қызметкерлерінің көмегімен табылмағандығын айтады. Олардың 49,3 пайызы ұрланған мүлкі үшін құқық қорғау органдарына шағымданбаған. Ал, 18,7 пайызы құқық қорғау органдарына сенбейтіндігін айтса, 22,7 пайызы «иә, шағымдандым» деп жауап берген.

Ұрлықтан қалай сақтанамыз?

Ұрлықтан қалай сақтанамыз?

Полиция майоры Ілияс Жұмағұлов халық арасында құқық қорғау қызметкерлеріне деген  сенімсіздік бар екенін айтады. 

«Ел арасында полиция қызметкерлеріне деген сенімсіздік бар екенін мойындаймын. Полиция қызметкерлерінің сыйлы, абыройлы мамандық иесі атануы үшін әлі де уақыт керек. Алдыма келген әр адамға ерекше көңіл бөлемін. Қызметіміздің беделі үшін, абыройы үшін жұмысымызды адал атқаруға тырысамыз» дейді ол.

Қалада жасалатын қылмыстардың ҚР Қылмыстық іс жүргізу кодексінің 188-бабы бойынша ауыр емес және орташа ауыр қылмыстар, егер жинақталған дәлелдемелер арқылы қылмыс фактісі және оны жасаған адам белгілі болса, ол адам дәлелдемелерге, өзінің кінәсін келтірілген зиянның сипаты мен мөлшеріне дау айтпай мойындаған жағдайда сотқа дейінгі жеңілдетілген іс жүргізу жүзеге асырылады. Ал, бұрыннан есепте тұрған, сотталған адам болса, қамау шарасы қолданылады.

«Ұялы телефон бекітілген "imei" кодқа байланысты іздестіріледі. Телефон қосылған жағдайда барлық ақпаратты анықтауға мүмкіндік болады. Адамдардың көбі ұялы телефоны табылмағанын айтып, реніш білдіріп жатады. Полиция қызметкері ұрымен бірлесе отырып, ұялы телефонды өзіне алуы мүмкін емес. Біз мұндай заңсыздыққа жол бермейміз.Тергеуші өндірісіне күніне 50-ге жуық қылмыстық іс келіп түседі. Сондықтан халық арасындағы сенімді жоғалтып алмай, түсіністікпен бірлесіп жұмыс істегеніміз дұрыс. Ұялы телефон табылмаған жағдайда арыз беруші кеңесге келіп, қылмыстық іс туралы мәліметтерді нақтылай алады» дейді І. Жұмағұлов.

Ұялы телефонға қатысты қылмысты ашу және алдын алу мақсатында 2016 жылдың 19 сәуірінде ҚР Ішкі істер министрлігі ұялы телефон операторларымен меморандумға қол қойған. Мобильді телефонын ұрлатқан жәбірленуші полицияға хабарласқаннан соң, байланыс операторлары абоненттердің арызы бойынша телефонды бұғаттап тастайды. Осылайша ұрланған немесе жоғалған телефон жарамсыз болып қалады.

2016 жылдың 10 айы бойынша қоғамдық орындардағы ұрлық-қарлық туралы мәлімет

Астана қаласы ІІД қоғамдық орындардағы қауіпсіздік шарасы туралы кеңестерін қаперлеріңізге ұсынамыз:

  • Полиция қызметкерлері автокөлік иелерінен сауда орындарына барып тоқтаған уақытта көліктерін арнайы автотұрақтарға қоюларын сұрайды. Көлікті қараусыз қалдырмауын және есік-терезелерін мұқият жауып жүрулерін ескертеді. Бірден көзге түсетін бағалы құнды заттарды көлік ішінде қалдырмаған жөн.
  • Көп пәтерлі үйлерді жобалау кезінде оларды бейнебақылау камералары, домофондар, консьерждерге арналған үй-жайлар және басқа да техникалық қорғаныс құралдарымен жабдықтау мәселелерін, күзетілетін автотұрақтар мен паркингтер желісін кеңейту бойынша ұсыныстар енгізудеміз.
  • Қоғамдық көліктерде, сауда үйлері мен өзге де қоғамдық орындарда өз заттарына мұқият болуы керек. Әсіресе пакет, сөмке ауызын ашық қалдырмауды, құнды заттарды артқы, жан қалталарға салмауды ұсынады. Сонымен бірге банк карточкасы мен құпия сөз жазылған қағазды бірге ұстамаған дұрыс. Әсіресе, қоғамдық көлік ішінде заттарыңыздың түгел екендігін ауық-ауық мұқият тексеріп тұрған дұрыс. Қоғамдық орындарда жасалатын ұрлықтың 30 пайызы ұялы телефон ұрлау ісі болса, ақша ұрлығы 17 пайызға жуықтайды.

Ая ӨМІРТАЙ

Суретке түсірген - Нұрбек ӘЛМАНБЕТ

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға