youtube.com/@baq_kz

Ризабектің әлі алты әлем чемпионатында топ жаратын мүмкіндігі бар – Ақжүрек Таңатаров

Еркін күрестен Лондон олимпиадасының қола жүлдегері Ақжүрек Таңатаров BAQ.KZ YouTube арнасында қонақта болып, алдағы әлем чемпионатындағы болжамын бөлісті, деп хабарлайды El.kz интернет порталы.

Спортшы алтын алуға басты үміткер ретінде Ризабек Айтмұханды атады. Бірақ ол үшін жас балуанға да жақсылап жағдай жасау керек деп санайды.

Әлем чемпионатында ең басты үміт Ризабек Айтмұханда. Қазақтың маңдайына біткен бірінші әлем чемпионы. Ризабек ­– еркін күреске бұйырған жігіт. Алла Тағалай мына баланы еркін күреске әкеліп, осыдан Олимпиада чемпионын шығарыңдар дегендей. Өзі бойшаң, қарсыласына ыңғайсыз. Өзім әлем чемпионатында, Олимпиада ойындарында күрестім, бірақ Ризабек секілді балуандармен күресу өте қиын. Оның бабы келсе, онда тағы да әлем чемпионатында топ жара алады, - дейді Таңатаров.

Ақжүрек балуандардың жанында бапкерлерден бөлек психологтар мен массажистер де жүруі керек деп санайды.

Қазір спортта да IQ-ға мән береді. Яғни оның жанына физикалық даярлық жағынан білікті бапкер, психолог берілуі қажет. Өкінішке қарай, бізде психологтар жоқ. Футбол, велоспорт болмаса, күрес немесе бокс секілді спорт түрлерінде массажист те жоқ. Егер осы мәселелердің барлығын шешіп берсе, Ризабек бір емес, бірнеше әлем чемпионатында үздік шыға алады. Әлі жап-жас. Олимпиада жылын қоспағанда, алты рет әлемде топ жаратын мүмкіндігі бар, - деді Ақжүрек.

Танымал балуан Ризабектің айналасында айтылатын сынға қатысты да пікір білдірді.

Көрші Өзбекстан, Ресейді қараңыздаршы, оларда спортшылар маңызды жарыстарда ұтылып жатса да, журналистердің өзі «ұтылған жоқ, төрешілер бұра тартты» деп, оны келесі жарысқа психологиялық тұрғыда дайындап, қолдау көрсетіп жатады. Ал бізде бір қателіктің өзін бетіне басады. Спорт қой, мұнда жеңіліс те, жеңіс те бар. Ризабектің жанына жаттықтырушы мамандар мен психолог, массажистердің бәрін қою керек дейтінім сондықтан. Ризабек дайын тұрған бала, тек оған күшін дұрыс жұмсауды үйрететін мамандар берілуі керек. Білімсіздіктің кесірі ғой, өзіміз кезінде қара күшке салып жүре бердік. Қазір заман бөлек, мемлекет тарапынан да барлық жағдай жасалып жатыр, - дейді Таңатаров.