Жаңалықтар

Ринат Зайытов: ҰБТ дегеніміз ұлттың болашағын тоздыру емес пе?

Ринат Зайытов: ҰБТ дегеніміз ұлттың болашағын тоздыру емес пе?
Фото: instagram.com/rinat_zaitov_resmi 15.11.2023 14:28 4013

Мәжіліс депутаты Ринат Зайытов Ұлттық бірыңғай тестілеудегі былықтарды атады, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Депутаттың сөзінше, 2019 жылдан бастап еліміздегі Ұлттық бірыңғай тестілеу және Педагог қызметкерлерінің біліктілігін тестілеу «Тест жүйелерін жетілдіру» деген желеумен U-STUDY секілді жеке компанияларға келісімшарт арқылы берілген.

Бәлкім бұл келісімнің ар жағында шынымен жақсы ниет болған шығар, алайда бүгін біз бұл тәжірибенің өте сәтсіз болғанын көріп отырмыз. Ол сәтсіздіктің салдарын тағы да қарапайым халық тартып отыр. Дәлірек айтсақ, келісім жасалғаннан бері ҰБТ-ның бағасы 2 240 теңгеден 5 640 теңгеге, яғни екі есеге өсті. Бұл бір. Келесі, өңірлерде 114 ҰБТ өткізу пункті жабылып, тест тапсырушыларға қосымша жол мен жатын орын шығынын алып келді. Мысалы, тест тапсыру – ауыл тұрғындары үшін үлкен мүмкіндік пен қуаныш. Олар баласын қолдап, барын салып орталыққа баруға мәжбүр. Өйткені тестілеу пункттері аяқ жетім жерлерден алыстап кетті. Онсыз да табысынан шығыны көп халыққа, бұл тағы бір салмақ болып отыр, - деді мәжілісмен.

Ринат Зайытов аталған компаниялардың мемлекетке келтірген зияндарына тоқтала кетті. Сөзінше, 2019 жылы Ұлттық тестілеу орталығының шотынан 46 млн теңгеден астам қаражат «U-FUTURE» компаниясына бағдарламаны қамтамасыз ету үшін тікелей бір көзден берілген. Алайда, біздегі ақпарат бойынша, қаражатқа сай бағдарламалық қызмет көрсетілмеген.

Екіншісі, 15 жыл бойы сараптамадан өткен, мыңдаған оқытушының еңбегімен жасалған, кемінде жүздеген миллион теңге тұратын Ұлттық тестілеу орталығына тиесілі 21 мыңға жуық тест сұрақтары мен тапсырмалары өтеусіз негізде «U-FUTURE» ұйымына тегін берілген. Ал өз кезегінде «U-FUTURE» фирмасы осы тест тапсырмаларын пайдалана отырып, педагогтер үшін ақылы негізде сынақ тестілеуін өткізіп отыр. Мұны «U-FUTURE» ЖШС-нің өңірлік тестілеу орталықтарындағы педагогтердің сынақ тестілері бойынша оңай тексеруге болады, - деді ол.

Оның айтуынша, тест сұрақтары мен тапсырмаларының қауіпсіздігі, яғни құпиялылығы сақталмай отыр. Оған да негіз жоқ емес. Кейбір өңірлерде 3 миллион теңгеге дейін пара алып, серіктестік өкілдері талапкерлерге жоғары балл жинауға көмектесетін көрінеді.

Ринат Зайытов үкіметтен барлық тестілеу жұмыстарын Ұлттық тестілеу орталығына тез арада қайта беру және мемлекеттік мекемелер көрсете алатын қызметтерге көлденең көкаттылардың араласуына тыйым салуды сұрады.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға