Жаңалықтар

Ринат Зайытов ЛГБТ-ны насихаттауға тыйым салуды талап етті. Премьер жауап берді

Ринат Зайытов ЛГБТ-ны насихаттауға тыйым салуды талап етті. Премьер жауап берді
Фото: коллаж El.kz 07.11.2024 16:35 371

Осыдан бір ай бұрын Мәжілістің жалпы отырысында депутат Ринат Зайытов ЛГБТ мен феминита қауымдастығына толық тыйым салу туралы Үкіметке сауал жолдаған болатын. Депутаттың бұл сауалына премьер-министр Олжас Бектенов жазбаша жауап жолдады, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Үкімет басшысының жазбаша жауабында құқық қорғау органдарының деректері бойынша елімізде «Калейдоскоп», «Feminita» және «KazFem» деген 3 бейресми бірлестік жұмыс істейтіні атап өтіледі. Дегенмен олардың қызметі дәстүрлі емес жыныстық бағыттағы әйелдердің құқықтары мен бостандықтарын қорғаумен, оның ішінде қоғамда ЛГБТ-қоғамдастығының өкілдеріне деген толерантты көзқарасты ілгерілетумен байланысты екені айтылады.

Көрсетілген бірлестіктер биыл жергілікті атқарушы органдармен келіспей, топтық акциялар ұйымдастырған. Бұл жағдайда олардың әрекеті Қазақстан Республикасының бейбіт жиналыстарды ұйымдастыру және өткізу тәртібі туралы заңнамасын бұзу болып сараланды (ӘҚБтК-нің 488-бабы бойынша 2 белсенді әкімшілік жауапкершілікке тартылды). Өз кезегінде ЛГБТ-қозғалысын экстремистік деп тануды халықаралық құқық қорғау ұйымдары азаматтардың сенім білдіру және қоғамдық бірлестіктерге қатысу бостандығына құқықтарын бұзу ретінде қарастыруы мүмкін. Бірқатар елдердің заңнамасы ЛГБТ-ны кәмелетке толмағандар арасында «насихаттауды» шектейтінін атап өткен жөн, алайда бұл шаралар тек бұқаралық тұрғыдан қарастырылады және мұндай қозғалыстарды экстремистік деп жіктеуге қатысы жоқ, - деп түсіндіреді премьер-министр.

Сонымен бірге биыл Мәдениет және ақпарат министрлігі ЛГБТ-ны ашық және жасырын насихаттауға қарсы петицияны қарайтын жұмыс тобын құрғаны айтылған. Оның құрамына Парламент депутаттары, қоғамдық бірлестіктердің, мүдделі мемлекеттік органдардың өкілдері кірді.

Нәтижесінде «жасөспірімдер мен балаларды сексуалдық қатынастарды насихаттаудан қорғау, сақтау туралы» талап бөлігінде петицияны ішінара қанағаттандыру туралы шешім қабылданды. Осыған байланысты қазіргі уақытта мүдделі мемлекеттік органдар ЛГБТ қозғалысының кәмелетке толмағандарға әлеуметтік, психологиялық, медициналық және басқа ықпал ету факторларын зерттеуде. Бұдан басқа, 2025 жылы осы мәселе бойынша ғылыми-зерттеу жұмысын жүргізу жоспарланған. Барлық қажетті зерттеулер аяқталғаннан кейін осы саланы реттеу бойынша қоғамдық талқылау ұйымдастырылады. Жалпы мәселе уәкілетті органдар мен Үкіметтің бақылауында, - делінген Үкімет басшысының жауабында.

Бұған дейін Мәжілістің бірқатар депутаттары мен Ринат Зайытовтың ЛГБТ мен феминита қауымдастығының Қазақстан аумағында насихаттауға толықтай тыйым салуды талап еткенін жазған болатынбыз.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға