ІІМ-нің баспасөз қызметі

Риддерде орман алқабында жоғалған саңырауқұлақ терушілер аман табылды

Шығыс Қазақстан облысында полицейлер мен құтқарушылар жоғалған саңырауқұлақ терушілерді іздеп тапты, деп хабарлайды El.kz интернет порталы. 

Риддер қаласының маңындағы "Березовая грива" орман алқабына саңырауқұлақ теруге барған үш адам адасып кеткен. Олар 62 және 41 жастағы екі әйел мен 9 жастағы қыз бала белгіленген уақытта туыстарымен кездесетін жерге оралмаған көрінеді. 

Оқиға орнына бірден полиция департаменті мен төтенше жағдайлар департаментінің қызметкерлерінен құралған іздестіру тобы жіберілді. Жұмысқа жаяу топтар, арнайы автокөлік пен ұшқышсыз ұшу аппараты тартылды. Жүргізілген іздестіру шараларының нәтижесінде барлық азамат табылды. Олардың жағдайы қанағаттанарлық, медициналық көмек қажет болмады. Әйелдер мен бала туыстарына тапсырылды, - деп жазылған ІІМ хабарламасында. 

Бұл ретте полиция азаматтарға орманға шыққанда қауіпсіздік ережелерін сақтауды, жолға шығар алдында бағытыңыз бен оралу уақытыңызды жақындарыңызға хабарлауды, көзге бірден түсетін ашық түсті киім киюді, толық қуатталған телефон, су және азық-түлік алу керек екенін ескертіп отыр.