Жаңалықтар

Рейдерлікке қатысты 19 қылмыстық іс тергелді – Бас прокуратура

Рейдерлікке қатысты 19 қылмыстық іс тергелді – Бас прокуратура
Фото: El.kz 21.02.2023 13:48 1487

Былтыр елімізде рейдерлікке қатысты 19 қылмыстық іс тергелген. Бұл туралы Бас прокуратурада өткен Рейдерлікке қарсы іс-қимыл және кәсіпкерлік қызметке кедергі жасау мәселелері бойынша ведомствоаралық жедел кеңесте белгілі болды, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Мемлекет басшысы 2019 жылғы 2 қыркүйектегі Қазақстан халқына Жолдауында «Бизнестің, әсіресе шағын және орта бизнестің дамуына кедергі келтірудің кез келген әрекеттері мемлекетке қарсы қылмыс ретінде қаралуы тиіс» деп атап өтті.

Осыған байланысты кеңесте қылмыстық процесте бизнесті қорғау құқық қорғау және арнайы органдар жұмысының негізгі бағыттарының бірі болуға тиіс екендігі атап өтілді. Дәл осы салада кәсіпкерлер ең қатал қысымға тап болады.

Рейдерлік ел экономикасының қалыптасуы мен дамуына теріс әсер етеді, кәсіпкерлік негіздерін бұзады, еліміздің инвестициялық тартымдылығын төмендетеді.

«2022 жылы құқық қорғау органдары рейдерлік фактілер туралы 19 қылмыстық істі тергеді. Тергеу нәтижелері бойынша сотқа 2 іс жіберілді. Елде осы санаттағы қылмыстарға қарсы іс-қимыл жөніндегі заңнаманы жетілдіру бойынша шаралар жоспарлы түрде қабылдануда. 2011 жылдың қаңтарында рейдерлік үшін қылмыстық жауапкершілік алғаш рет енгізілді (бизнесті және мүлікті заңсыз басып алуға қарсы іс-қимыл туралы заңмен). 2021 жылдың шілдесінде Қылмыстық кодекстің 249-бабы осы қылмысты жасаудың жаңа тәсілдерімен толықтырылды. Осы бап бойынша жауапкершілік күшейтілді. Құрамы ауыр қылмыстар санатына жатады. Құқық қорғау, бақылау және өзге де органдардың ресурстары мен өкілеттіктерін пайдалана отырып не сот тәртібімен басып алу орын алған кезде «сыртқы, күштік» рейдерліктің жаңа құрамы енгізілді», - делінген ведомство хабарламасында.

Кеңес шешімімен қылмыстық қудалау органдарының басшылары мен облыс прокурорларына адал кәсіпкерлердің бұзылған құқықтарын қалпына келтіру бойынша шаралар қабылдай отырып, рейдерлік фактілерді анықтау және жолын кесу жөніндегі жұмысты жандандыру ұсынылды.

Ведомствоаралық жедел кеңестің нәтижелері бойынша бірқатар ұсыныстар, оның ішінде заңнамалық сипаттағы ұсыныстар әзірленді.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға