Жаңалықтар

Республика күнінің тарихы қандай?

Республика күнінің тарихы қандай?
Фото: Коллаж El.kz 25.10.2023 10:30 1668

Бүгін – Республика күні. Биыл атаулы күн елімізде ұлттық мереке мәртебесінде екінші рет аталып өтілуде. Осыған орай El.kz ақпарат агенттігінің тілшісі айтулы күннің тарихына қысқаша шолу жасап көрді.

Тарихы

1990 жылы 25 қазанда  Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің шешімімен «Қаз КСР-нің мемлекеттік егемендігі туралы» декларация қабылданды. Бұл құжат еліміздің тәуелсіздік жолындағы тұңғыш қадамы болатын. Сол күннен бері елімізде жыл сайын 25 қазан – Республика күні ретінде тойланып келді. Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Назарбаев 1995 жылы 18 қазанда Республика күніне «ұлттық мереке» мәртебесін берді. Алайда 2001 жылы 13 желтоқсанда қабылданған «Қазақстан Республикасындағы мерекелер туралы» №267 заң бойынша бұл күн мемлекеттік мерекелер қатарына қосылды. Республика күнінен бұл мәртебе алынып, «мемлекеттік мереке» есебінде тойланды. 2009 жылы «Қазақстан Республикасындағы мерекелер туралы» қолданыстағы заңға өзгерістер енгізілді. Нәтижесінде 30 тамыз –Қазақстан Республикасының Конституциясы күні ұлттық мереке болып өзгертілуіне байланысты, 25 қазан – Республика күні мемлекеттік мерекелер тізімінен алынып тасталды. 

 

Қайта оралған мереке

2022 жылы 16 маусымда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық құрылтайда Республика күніне ұлттық мереке мәртебесін қайтаруды ұсынды.

«Ұлттық мерекелер мен атаулы күндер тізбесіне бірқатар өзгеріс енгізген жөн. Мен Республика күніне ұлттық мереке мәртебесін қайтаруды ұсынамын. Сондықтан, қазанның жиырма бесі күні жыл сайын Егемендік күнін еліміздің басты мерекесі ретінде атап өтуіміз керек. 1990 жылы 25 қазанда Қазақстанның Егемендігі туралы декларация қабылданды. Бұл еліміздің тәуелсіздік жолындағы тұңғыш қадамы болатын. Осы құжатты қабылдаған кезде Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Назарбаев аса маңызды, тіпті шешуші рөл атқарды. Республика күні елдің мемлекет құру жолындағы тарихи қадамының символы болуы керек. Әрине, Тәуелсіздік күнінің бастапқы мәні сақталады. Бұл күн мемлекеттік мереке болып қала береді. Бірақ, тәуелсіздік алуға зор үлес қосқан ұлттық батырларымызға тағзым күні ретінде атап өтілуі керек», - деді Президент Қасым-Жомарт Тоқаев.

Бұл шешім халық тарапынан қалдау тауып, былтыр Республика күні ұлттық мереке мәртебесінде тойланды.

 

Мерекелік демалыс

25 қазан – Республика күні. Биыл бұл мереке сәрсенбі күнге келіп тұр. Осыған орай халық бір күн демалады.

Өткен жылы бұл мерекені елімізде дүркіретіп атап өтті. Биыл да бұл үрдіс жалғасып жатыр. Қала әкімдігі мерекеге орай дайындықты бір ай алдын бастап кеткен. Бүгін де республика күні аясында ұйымдастырылған мәдени шаралар, сайыстар мен концерттер өтіп жатыр.

Республика күні қарсаңында елорда тұрғындары «Менің елім – менің туым!» челленджін өткізді. Астананың 5 ауданында терезелер мен балкондарға және көше бойына 1000-ға жуық ту ілінді. Сәкен Сейфуллин музейінде де «Тәуелсіздік деп соғады жүрегіміз» көрмесінің апталығы болып жатыр.  Республика күніне арналған қазақ халқының салт-дәстүрін, әндерін, музыкалық аспаптарын дәріптеу мақсатында мерекелік шаралар өтіп жатыр. 

 

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға