Жаңалықтар

Республика күніне орай бір топ азамат мемлекеттік наградалармен марапатталды

Республика күніне орай бір топ азамат мемлекеттік наградалармен марапатталды
Фото: ©El.kz/Ажар ЛАУБАЕВА 23.10.2024 14:05 415

Астанада Республика күніне орай Роза Бағланова атындағы «Қазақконцерт» мемлекеттік академиялық концерттік ұйымының ұжымы мерекелік концерт өткізді. Концертте Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығымен өз саласының кәсіби мамандары марапатталды, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева қазақстандықтарды аталмыш мерекесімен құттықтап, мемлекеттік наградаларды бір топ азаматқа табыстады.

Баршаңызға күндіз-түні аянбай жасап жатқан еңбектеріңіз үшін ризашылығымды білдіремін. Сіздердің елімізге қосып жатқан үлестеріңізді ескеріп президентіміз де мемлекеттік наградаларды беру туралы Жарлығын шығарды. Ол бәріміз үшін сүйінші хабар. Өйткені өмірге келгеннен кейін әрқайсымыз үшін отбасылы болу, білім алу, әр салада қызмет ету және сол еңбектің ақталуы – ең үлкен бақыт. Сіздердің еңбектеріңіздің артында өздеріңіз ғана емес, тілеулеріңізді тілеп отырған отбасыларыңыз, күнделікті қолдау көрсететін, қоянқолтық жұмыс істеп жүрген ұжымдарыңыз тұр. Сондықтан да сіздерді наградаларыңызбен шын жүректен құттықтаймын!, – деді Аида Ғалымқызы.

«Қазақстанның халық әртісі» атағын алған эстрадалық әнші Майра Ілиясова өзінің қуанышты екенін айтты.

Республика күніне орай бір топ азамат мемлекеттік наградалармен марапатталды

Сурет: El.kz/Ажар Лаубаева 

Көңіл күйім керемет. Енді бұрынғыдан да құлшынып жұмыс істеймін. Еліміз, халқымыз аман болсын. Ең мықты мемлекеттің бірі болайық, – деді әнші.

Қазақстан Республикасы «Құрмет» орденімен марапатталған Қалибек Қуанышбаев атындағы Қазақ ұлттық музыкалық драма театры әртісі Алтынай Нөгербек өзінің әсерімен бөлісті.

Республика күніне орай бір топ азамат мемлекеттік наградалармен марапатталды

Сурет: El.kz/Ажар Лаубаева 

Қандай марапат болсын әр адамға, әсіресе өнер иелеріне өте қымбат. Ол мемлекеттің құрметі, халықтың қошеметі. Бұл марапат күтпеген тосынсый болды. Маған тек кеше түнде хабарласып айтты. Сондықтан мен де құрметті азаматтардың қатарына енгеніме өте қуаныштымын!, – деді Алтынай Нөгербек.

Астана қаласы әкімдігінің М. Горький атындағы мемлекеттік академиялық орыс драма театрының актрисасы Айжұлдыз Халикова «Ерен еңбегі үшін» медалін күтпеген жерден алғанын атап өтті.

2023 жылы 25 қазанда театрымызда «Әлия» қойылымының премьерасы өтті. Сол кезде Әлия Молдағұлованың рөлін сомдадым. Бүгінгі марапатты басты рөлім үшін иелендім деп ойлаймын. Қуанышымда шек жоқ, – деді театр актрисасы.

Республика күніне орай бір топ азамат мемлекеттік наградалармен марапатталды

Сурет: El.kz/Ажар Лаубаева 

Қазақстан Республикасы Президентінің 
2024 жылғы 16 қазандағы № 676 жарлығына сәйкес, «Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері» атағымен Қазақ ұлттық өнер университетінің доценті Әлиби Әбдінұров, «Астана Балет» театрының  балет солисі Айнұр Әбілғазина, «Астана Опера» мемлекеттік опера және балет театрының балет труппасының тәлімгер ұстазы Дамира Зайнуллина, Роза Бағланова атындағы «Қазақконцерт» мемлекеттік академиялық концерттік ұйымының кеңесші Ғазиза Ғабдрахимова, «Қалибек Қуанышбаев атындағы Қазақ ұлттық музыкалық драма театрының» әртісі Бақыт Жұмағұлова, Роза Бағланова атындағы «Қазақконцерт» мемлекеттік академиялық концерттік ұйымының әртісі Сүлеймен Ибрагимов, Қазақ ұлттық өнер университетіның профессоры Назира Мұқышева, Астана қаласындағы Қазақстан Республикасының Ұлттық академиялық кітапханасының басшысы Ғазиза Нұрғалиева,  «Қалибек Қуанышбаев атындағы Қазақ Ұлттық музыкалық драма театрының» актрисасы Рымкеш Омарханова, Қазақ ұлттық өнер университетінің аға оқытушысы Алма Сырбаева, Қазақ ұлттық өнер университетінің «Дәстүрлі ән» кафедрасының меңгерушісі Ербол Сарин марапатталды.

Сондай-ақ басқа да азаматтарға «Қазақстанның халық әртісі» атағы, «Парасат» ордені, II дәрежелі «Достық» ордені, Қазақстан Республикасы «Құрмет» ордені, «Ерен еңбегі үшін» медалі, «Шапағат» медалі, «Еңбек ардагері» төсбелгісі, «Мемлекеттік қызмет ардагері» төсбелгісі, ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің «Мәдениет саласының үздігі» төсбелгісі, ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің «Ақпарат саласының үздігі» төсбелгісі, ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің «Архив саласының үздігі» төсбелгісі, ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің «Құрмет грамотасы» берілді.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға