Жаңалықтар

Республика күні ғасырлар бойы азаттыққа ұмтылған қазақ елінің толағай жеңісі – тарихшы

Республика күні ғасырлар бойы азаттыққа ұмтылған қазақ елінің толағай жеңісі – тарихшы
Фото: Жеке мұрағаттан 25.10.2024 11:20 385

Тарих ғылымының докторы, профессор Аққали Ахмет Республика күніне орай мерекенің шығу тарихы мен маңызы, оны мерекелеудің ерекшелігі жайлы айтып берді, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Республика күні – еліміздегі барлық мемлекеттік маңызы бар мерекелердің ұлығы. 25 қазанда аталатын Республика күнінде барлық мекемеде салтанатты іс-шаралардың өткені хақ. Осы күні еліміздің қоғамдық-саяси, әлеуметтік-экономикалық өміріне ерекше үлес қосып жүрген еңбек адамдарын мемлекеттік наградалармен марапаттау өтсе, әр үйде мемлекеттік Ту ілінсе, барлық қаланың орталық алаңдарында мемлекеттік Туды көтеріп, желбіретсе нұр үстіне нұр болады. Ұлттық мерекені ұлықтауды халықтың деңгейінде тойлауға жағдай жасалса, мектептерде аталған бірегей мерекені қарсы алудың маңызы жайлы тәлім-тәрбиелік жиындар ұйымдастырылып, мерекенің барынша салтанатты өтуіне ерекше көңіл бөлу керек деген ойдамын», - дейді тарихшы.

Профессордың айтуынша, шынайы Тәуелсіздік жолына түскен республика үшін айтулы оқиғаның бірі - 1990 жылғы 25 қазанда Жоғары кеңестің Қазақстан егемендігі туралы декларациясының қабылдануы.

Құжат сол кезеңде еліміздің қоғамдық-саяси, әлеуметтік-экорномикалық әлеуеті үшін жұмыс істегені белгілі. Шынына келгенде, мереке Қазақстанның Тәуелсіздік декларациясынан бастау алады. Міне, осы тұрғыдан айтқанда, еге­мен­дік декларациясы тәуелсіздігі­міз­­дің негізін қалауға жол ашқан тари­хи құжат ретіндегі маңызы өте зор. Өйткені «Егемендік туралы дек­ларация» негізінен алғанда бірін­ші конституциялық акт болып есеп­те­леді. Декларацияның тарихи ма­ңызы ұлттық мемлекетті сақтау, қорғау, нығайту хақында шаралар жасалатынын білдіруімен құнды бола түсті. Яғни, бұл декларация ерікті мемлекет ретінде республика мәртебесінің барлық мәселесін біртұтас кешенді түрде шешкен және оны құқықтық жолмен бекіткен тарихтағы тұңғыш құжат болып есептеледі. Республика күні біле-білгенге еліміздегі ұлттық жалғыз мереке. Республика күні ғасырлар бойы азаттыққа ұмтылған қазақ елінің толағай жеңісі деп білемін», - дейді Аққали Ахмет.

Оның айтуынша, ұлттық мемлекетті сақтау, қорғау және нығайту мәселелері күн тәртібінен түспеуі керек.

Әр елдің қалыптасуында Республика күнінің маңызы ерекше. Мәселен, француздар Бастилия құлаған күнінде, яғни 14 шілдеде Республика күнін тойлайды. Ал біздің жас ұрпақ бұл күнді еліміздің тәуелсіздік декларациясы қабылданған күні, тәуелсіздіктің бастауы тұрған күн ретінде есте сақтауы керек», - дейді ол.

Тарихшы ғалым мемлекеттің тұтастығында этносаралық татулықтың маңызы да зор екенін еске салды.

Қазақ халқының тарихында еш уақытта бір ұлтты, бір этносты шетке ысыру болған жоқ. Қазақстанда бір ұлт және 130-дан астам этнос өкілдері тұрады. Осыған ерекше мән беруіміз керек. Қазақстанда этносаралық бірлік бұрын да болды, қазір де бар. Конституцияда жазылғандай, елімізге тағдырдың тәлкегімен келгендер, күштік қоныс аударылғандар, күн көру үшін келгендерді қазақ халқы жақсы қарсы алып, жағдайын жасамаса, қазіргідей өмір сүрер ме еді? Сондықтан да этносаралық мәселе шешілген деп айтуға болады. Біздің халқымыз қандай ұлт болмасын өзінің бауырына басқан. Елімізде өмір сүріп жатқан өзге этнос өкілдері қазақ ұлтының жанына топтасуы керек. Ол Ата заңда да бар. Мемлекеттің тұтастығы қазақ халқы мен бірге өзге этнос өкілдері еліміздің азаматымын дейтін болса, бір мүдде, бір Отан үшін еңбек етсек, халықтар арасындағы үзілмейтін байланыстың кепілдігіне айналады», - дейді ол.

Тарихшы Респукблика күні азаттыққа ұмытлған қазақ қалқының толағай жеңісі екенін жеткізді.

Бұл күнді атап өту аса маңызды. Қазақ халқының өзін-өзін билеуінің формасы, Қазақстан мемлекеті қазақ халқының дамуына жауапты деген қағидалар қымбат болуы керек», - дейді ол.

Аққали Ахмет еңбек жолын Махамбет ауданының орта мектебінің интернатынан бастаған. Сол мектеп интернатында мұғалім болған. Кейін Исатай ауданына ауысып, 2001 жылы Х.Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университетінде түрлі дәрежелік қызмет атқарған. Жоғары оқу орындарында білім беріп келе жатқанына 20 жылдан астам уақыт болған.

Еске салсақ,2022 жылдың 16 шілдесінде өткен Ұлттық құрылтайда Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев ұлттық мереке мәртебесін Республика күніне қайтаруды ұсынды.

Республика күні елдің мемлекет құру жолындағы тарихи қадамының символы болуы керек. Әрине, Тәуелсіздік күнінің бастапқы мәні сақталады. Бұл күн мемлекеттік мереке болып қала береді. Бірақ тәуелсіздік алуға зор үлес қосқан ұлттық батырларымызға тағзым күні ретінде атап өтілуі керек», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Осы ретте қыркүйек айының ортасында Қазақстан Республикасының Парламенті «Қазақстан Республикасындағы мерекелер туралы» Заңға түзетулер енгізді. Құжатқа сәйкес, Республика күні, яғни 25 қазан – ұлттық мерекеге, ал Тәуелсіздік күні, яғни 16 желтоқсан мемлекеттік мерекеге айналды.

 

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға