Жаңалықтар

Республика бойынша 550 тоннадан астам гуманитарлық көмек жиналды

Республика бойынша 550 тоннадан астам гуманитарлық көмек жиналды
Фото: ortcom.kz 08.04.2024 11:05 753

Еліміздегі су тасқыны бойынша волонтерлер барлық аймақта жұмыс істеп жатыр. Бұл туралы ОКҚ-да өткен баспасөз брифингінде айтылды, деп хабарлайды  El.kz ақпарат агенттігі. 

«Ұлттық волонтерлік желі» мемлекеттік органдармен өзара іс-қимыл бөлімінің басшысы Айбек Досымбетовтің сөзінше, еріктілердің ең бірінші атқарып жатқан жұмыстары - зардап шеккен тұрғындарды ыстық тамақ, жылы киім, жататын төсек-орынмен қамтамасыз ету. 

Егер зардап шеккен тұрғындардың денсаулығы сыр берген жағдайда, еріктілер дәрі-дәрмектермен қамтамасыз етеді. Сонымен қатар волонтерлердің ұйымдасқан белгілі бір топтары құтқару қызметкерлеріне ыстық тамақ жеткізуде. Республика бойынша 20 аймақта жедел желі байланыс телефондары қосылған және гуманитарлық көмек орталықтары ашылып, сонда көмек жиналып, зардап шеккен өңірлерге қажетті дүниелер жіберіліп жатыр, – деді Айбек Досымбетов. 

Айтуынша, бүгінгі күні республика бойынша 550 тоннадан астам гуманитарлық көмек жиналып, оның 370 тоннасы қажетті елді мекендерге жеткізілді. 

Республика бойынша 25 мыңнан астам ерікті волонтерлік қызмет көрсетіп жатыр. Яғни апат аймағындағы облыстарда тікелей сол жерде зардап шеккендерге және құтқарушыларға көмек көрсетумен айналысты. Оңтүстік өңірдегі еріктілеріміз сол жерде гуманитарлық көмекті жинау және сұрыптаумен айналысып, оны уақытылы жөнелтуде, – деді «Ұлттық волонтерлік желі» мемлекеттік органдармен өзара іс-қимыл бөлімінің басшысы Айбек Досымбетов. 

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға