Жаңалықтар

Ресейліктер ЖСН-ді SMS арқылы алады

Бұл туралы цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусин халыққа қызмет көрсету орталығына барған кезде айтты.
Ресейліктер ЖСН-ді SMS арқылы алады
Фото: edna.ru 30.09.2022 01:10 1104
Қазақстанға келіп жатқан шетелдіктер жеке сәйкестендіру нөмірін (ЖСН) 1414 қызметінен SMS-хабарлама арқылы электронды форматта алады, деп хабарлайды El.kz.

Бұл туралы цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусин халыққа қызмет көрсету орталығына барған кезде айтты.

Министр Ресейден келген азаматтар санының көптігінен операторлар ұзын-сонар кезекте тұрғандарды қабылдап үлгермей жатқанын атап өтті.

Бүгінгі күнге дейін жағдай былай өрбіді: Ресей азаматтары ХҚКО-ға келіп, құжаттарын ұсынады, олардың деректері базаға енгізілгеннен кейін қайтып, екінші күні ЖСН алу үшін ХҚКО-ға қайта барады. Бұл олардың да, ХҚКО операторларының да көп уақытын алады. Сонымен қатар ғимараттағы адам санының көптігіне себеп болады.

"Енді ЖСН алуға өтініш берген адамдарға екінші рет келудің қажеті жоқ, ЖСН олардың телефон нөміріне 1414 қызметінен СМС-хабарлама түрінде жіберіледі. Бұл дайын ЖСН алу үшін кезекте тұрған барлық ХҚКО клиентіне қатысты. Бұл адамдардың халыққа қызмет көрсету орталықтарында шоғырланбауының алдын алады", - деп түсіндірді Бағдат Мусин әлеуметтік желіде.

Ол министрлік екінші деңгейлі банктерге ЖСН деректер базасында берілетіні туралы ақпаратты жеткізетінін атап өтті. Нөмірді енгізген кезде кез келген азамат туралы ақпарат автоматты түрде шығады.

Бұған дейін Қазақстанда күніне 13 мыңнан астам ресейлік ЖСН алуға өтініш беріп жатқаны хабарланған болатын.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға