Ресейлік стоматолог қазақстандық клиникадан 800 мың теңге өндіріп алды
Ресейлік тіс дәрігері қазақстандық стоматологиялық клиникаға қарсы сотта жеңіске жетіп, 786 400 теңге (шамамен 117 мың рубль) көлемінде өтемақы өндіріп алды, деп хабарлайды El.kz интернет порталы Baza басылымына сілтеме жасап.
Константин есімді стоматолог өзінің “Сүт тістеріндегі кариес тұрақты тістердегі кариестен қауіпті ме?” атты бейнеролигін қазақстандық клиника Instagram парақшасында дәл сол мазмұнмен және атаумен көшіріп жариялағанын анықтаған. Ол бейнені пайдалануға ешқандай рұқсат бермегенін айтып, сотқа жүгінді.
Сот алғашқы инстанцияда Константиннің талап-арызын қанағаттандырып, авторлық құқықтың бұзылғанын растады. Заңгер Дарина Лисецкаяның айтуынша, өтемақы сомасы роликтің қаралымдары мен қамту ауқымына байланысты есептелді. Аталған жазбаны 37 мыңнан астам адам көріп, жалпы 49 мыңнан астам қаралым жинаған.

