РБК

Ресейде утилизациялық алым ай сайын қымбаттап жатыр

Желтоқсан айының басынан бастап Ресейде шетелден кіретін автомобильге утиль алымын есептеудің жаңа механизмі іске қосылды. Енді тұрғындар қозғалтқыш қуаты 160 ат күшінен асатын машинаны жеңілдікті тарифпен жеткізе алмайды. Ал коммерциялық тариф бойынша импортқа қозғалтқыш қуатына байланған коэффициент қолданылады. Кей жағдайда төлем мөлшері мың есе өсуі мүмкін, деп хабарлайды El.kz интернет порталы.

Осы уақыт аралығында Ресей азаматтары шетелден көлік әкелгенде утиль алымын жеңілдікпен төлейтін: автомобиль жаңа болса: 3400 рубль (22 500 теңге), шыққанына үш жылдан асқан көлік алса: 5200 рубль (34 700 теңге). Енді қуаты 160 ат күшінен төмен көліктерді ғана осындай жеңілдікпен кіргізуге болады. Мысалы, 2.5 литрлік моторы бар жаңа Toyota RAV4 - 2 млн рубль (13.2 млн теңге), гибрид Lixiang L6 үшін 1.8 млн рубль (12 млн теңге) төлеуге тура келеді.

Ресей үкіметі бұл шара автомобильді жеке тұлға атына рәсімдеп, қайта сатып жүрген сұр импорт схемасын бұғаттауға бағытталғанын хабарлады. Биыл қазанда бірінші вице-премьер Денис Мантуров мұндай схема елдегі автоөндіріске ақша салғысы келетін инвесторларға кедергі болатынын айтқан болатын.

Ресей билігі кей категориядағы автомобиль бағасы өсетінін мойындап отыр, бірақ бұл өзгеріс халықтың көп бөлігіне әсер етпейді деп санайды. Сауда министрлігі хабарлағандай, автопарктің 80 %-ы агрегат қуаты 160 ат күшінен аспайтын машинадан тұрады.

Бір айдан кейін Ресейде утиль алымы тағы артады. Былтыр ел үкіметі тариф индексінің прогрессивті шкаласын енгізген, ол 2030 жылға дейін күшінде болады. Осы ережеге сәйкес 2026 жылғы 1 қаңтарда тариф өседі.