Жаңалықтар

Ресей дзюдошысы әлем чемпионаты өткен бір айдан кейін жеңімпаз деп танылды

Ресей дзюдошысы әлем чемпионаты өткен бір айдан кейін жеңімпаз деп танылды
Фото: gettyimages.com 10.06.2023 12:55 791

Дохада дзюдодан өткен әлем чемпионатынан кейін арада бір ай өткенде әлемнің бейтарап құрамасы сапында күрескен ресейлік Инал Тасоевқа алтын медаль берілетін болды, деп хабарлайды El.kz ақпараттық агенттігі.

Инал Тасоев Катарда өткен әлем біріншілігінде +100 келіде күресіп, финалға шыққан болатын. Алайда ол француз балуаны Тедди Ринерді әдіс бойынша лақтырғанымен төрешілер оған тиісті ұпайды бермеген. Нәтижесінде жеңіс франция дзюдошысына беріліп, ол әлемнің 12 дүркін чемпионы атанған еді. 

Кейін екі спортшы арасындағы белдесу нәтижесіне жанкүйерлер наразылығы байқалған соң халықаралық дзюдо қауымдастығы (IJF) кездесуді қайта қарап, шешімді өзгертті. Ұзақ уақыт жүргізілген сараптаманың нәтижесінде ресейлік спортшыға әлем чемпионатының алтыны берілетін болды. Алайда ол Тедди Ринермен бірге Дохада өткен дүниежүзілік біріншіліктің жеңімпазы болып саналмақ. 

Дзюдо тарихында ерекше орын алатын Тедди Ринер Олимпиада Ойындарының екі дүркін чемпионы (2012, 2016), екі мәрте қола жүлдегері (2008, 2020), командалық сын бойынша Токио Олимпиада чемпионы (2020), әлемнің 12 дүркін және Еуропаның бірнеше мәрте жеңімпазы. Ол ұзақ уақыт бойы жеңілмеген спортшы ретінде рекорд орнатқан.

Тедди 2008 жылы Бейжің Олимпиадасының ширек финалында өзбекстандық Абдолла Тангреевке есе жіберсе, 2010 жылы әлем чемпионатының финалында абсолюттік салмақ дәрежесінде жапон спортшысынан ұтылып қалды. Сонымен қатар, 2020 жылы Парижде өткен Гранд Слэм турнирінің іріктеу кезеңіненде жапон балуанына жол берсе, Токио Олимпиадасында тағы бір ресейлік балуан Темірлан Башаевтан ширек финалдың қосымша уақытында жеңілген.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға