Жамбыл облысының әкімдігі

Рекордтық көрсеткіш: Жамбыл облысында биыл 65 мыңнан астам жұмыс орны ашылмақ

Жамбыл облысында биыл 65 647 жұмыс орнын құру көзделсе, бүгінге күнге дейін 25 918 адам еңбекпен қамтылған, деп хабарлайды El.kz интернет порталы.
 
Жыл басынан бері 28 912 адам жұмыспен қамтудың белсенді шараларына тартылды. Жұмыс берушілер ұсынған және субсидияланатын жұмыс орындарына 22 753 адам жолданса, оның 8 330-ы тұрақты жұмысқа орналасып үлгерген. 
Мемлекет басшысының «Әрбір 10 мың тұрғынға 100 жаңа жұмыс орнын ашу» туралы тапсырмасына сәйкес 2 222 жұмыс орны ашылды. Жыл соңына дейін тағы 10 312 адамға арналған жұмыс орны құрылады деп күтілуде. Облыс бойынша 98 жоба электронды еңбек биржасына енгізіліп, 442 азамат жұмысқа орналасты. Бүгінде 501 адамға қайтарымсыз грант берілді. Олардың қатарында: 309 көпбалалы ана, 108 мүмкіндігі шектеулі азамат, 46 мүгедек бала тәрбиелеуші, 26 асыраушысынан айырылған жан, 10 АӘК алушы және 2 қандас бар, - деп жазылған өңір әкімдігі таратқан ақпаратта. 
2025 жылдың соңына дейін тағы 500-ден аса адамның кәсіпкерлік бастамасына қолдау көрсету көзделіп отыр. Қысқа мерзімді кәсіптік оқумен 1 315 азаматты қамту жоспарланған, бүгінде 579 адам оқуға тартылды. 2025 жылдың 1 шілдесіндегі мәліметке сәйкес, 3 408 отбасындағы 18 705 адамға атаулы әлеуметтік көмек тағайындалған. Биылғы алты айда АӘК алушылар саны өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 8 933 адамға азайған көрінеді.