Жаңалықтар

Рекорд: Түркістан облысында ер азамат қошқарды 3555 рет көтерді

Рекорд: Түркістан облысында ер азамат қошқарды 3555 рет көтерді
Фото: Түркістан облысы әкімдігі 29.05.2023 15:57 2583

Түркістан облысындағы Арыс қаласының тумасы Азамат Мақұлбеков қошқар көтеруден жаңа рекорд орнатып, ресми түрде Қазақстан рекордтар кітабына (КИнЭС) енді. Ол 40 келі болатын қошқарды 5 сағат 26 минутта 3555 рет көтерген. Бұл туралы Түркістан облысының баспасөз қызметіне сілтеме жасай отырып El.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Бүгін Түркістан облысы әкімінің орынбасары Бейсен Тәжібаев білекті азаматты қабылдап, жеңісімен құттықтады.

Сіз туралы естіп, сайыстарда көріп жүрмін. Жеңісіңізбен және Қазақстан рекордтар кітабына енуіңізбен шын жүректен құттықтаймын! Қошқар көтеру – қазақтың ұлттық спортының бір түрі. Бұқаралық спорттық сайыстарға қатысып, насихаттап келе жатқаныңыз үшін алғыс білдіреміз. Қолдау көрсеткен азаматтардың да үлесін атап өткен жөн. Бұл – еңбекпен әрі тыңғылықты дайындықпен келетін жетістік. Осы бағытта әлі де облысымызды танытуға атсалысасыз деген сенім мол, – деді Бейсен Дәулетұлы.

37 жастағы Азамат Нұрғалиұлы құрылыс саласында қызмет етеді. Спорттың бірнеше түрімен айналысады. Қошқар көтеру сайысына қызығушылығы 2018 жылдан басталып, сол уақыттан бері шұғылданып келеді. Айтуынша, Қазақстан бойынша соңғы рекорд Алматы қаласында тіркелген. Ол кезде қатысушылардың бірі қошқарды 2019 рет көтерген. Бұл рекордты жаңартқан батыр енді әлемдік деңгейдегі сайыстарда бақ сынауды жоспарлауда. Шетелдерде өтетін алыптар сайысына әзірленетінін айтып, 5 мың рет муляж көтеру арқылы халықаралық деңгейде Гинесс рекордтар кітабына енуді көздеуде. Сондай-ақ өзіне демеушілік көрсеткен спорт жанашыры, Арыс қалалық мәслихатының депутаты Алмас Шүкірбековке ризашылығын білдірді.

Айта кетейік, 2023 жылдың 28 мамыр күні өткен шараға Қазақстан рекордтар кітабының (КИнЭС) құрылтайшысы Бақытжан Тастүлеков арнайы қатысты. Қазақстан рекордтар кітабының кейіпкері ретінде енгені куәлік табыстады.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға