Жаңалықтар

Референдумға халықтың басым бөлігі қатысуы ықтимал – Айдос Сарым

Референдумға халықтың басым бөлігі қатысуы ықтимал – Айдос Сарым
Фото: parlam.kz 04.09.2024 14:45 666

Қазақстанда 6 қазанда АЭС салу мәселесі бойынша референдум өтеді. Осы орайда Мәжілістің кулуарында елімізде Атом электр стансасын салуға қатысты AMANAT фракциясының мүшесі, Мәжіліс депутаты Айдос Сарым мен Мәжіліс депутаты, «Жалпыұлттық социал-демократиялық партия» фракциясының мүшесі Нұрлан Әуесбаев өз ойын білдірді, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Айдос Сарымның айтуынша, АЭС-тың құрылысына қатысты шешімді қабылдауға қоғамдық штабтың белсенділігі де әсер етеді.  

Референдумның күні анықталып, жарлыққа қол қойылды. Енді қоғамдық штаб құрылып жатыр. Оның аясында республикалық аймақтарды аралап шығу жоспарда бар. Ақпаратты дұрыс жеткізе, түсіндіре білуіміз халыққа әсер етеді деген ойдамын. Өз басым сауалнамаларды көрдім. Білуімше, кем дегенде халықтың 50-60 пайызы қатысуы ықтимал деп есептеймін. Қолдайтындар бар сияқты. Қалғаны қоғамдық штабтың белсенділігіне байланысты, - деп атап өтті Мәжіліс депутаты.

Нұрлан Әуесбаев елімізде АЭС салу туралы мәселе халықтың референдумда берген дауысының нәтижесінде шешілетінін айтты.

Ғылыми тұрғыдан қарасақ, бұл мәселені негізі мамандар шешуі керек. Сонда дұрыс болады. Қазір ғылым да, заман да дамып келе жатыр, - деді ол.  

«Жалпыұлттық социал-демократиялық партия» фракциясының мүшесінің сөзінше, біз «атом электр стансасын салуға бола ма, болмай ма?» деген сұрақты қарастырмауымыз керек.

Халықты «АЭС салуға болады, болмайды» деп шатастырмау қажет. Бұл мәселені талдап барып, байыппен, салмақпен қарау маңызды. Менің ойымша, оны ғылыми тұрғыдан дұрыс түсіндіру керек. Мен өзім түсініуім қажет, халық түсінуі тиіс, содан кейін барып қана шешім қабылданады. Мәселеге жан-жақты қараған дұрыс, - дейді Мәжіліс депутаты.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға