Жаңалықтар

Референдум халықтың Үкіметке деген сенімін нығайтады – саясаттанушы

Референдум халықтың Үкіметке деген сенімін нығайтады – саясаттанушы
Фото: ©El.kz/Артем ЧУРСИНОВ 06.10.2024 18:40 9249

Саясаттанушы Аман Мәмбетәлі елімізде өтіп жатқан референдумның маңызы мен Үкіметтің соңғы уақыттағы жүйелі жұмысы жайлы пікір білдірді, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Саясаттанушы соңғы уақытта елімізде азаматтардың саяси жауапкершілігі артқанын байқауға болатынын жеткізді.

Соңғы 3-4 жылда елімізде саяси тақырыптар науқаны жиі болып жатыр. Мәселен, президент сайлауы, өңір басшыларының сайлауы, Мәжіліс пен Мәслихат депутаттарының сайлауы жүргізілді. Жалпы депутаттар мен басшылардың сайлауынан бөлек, биыл елімізде алғаш рет Қазақстан үшін өзекті, маңызды деп танылған науқан жүріп жатыр және ол – АЭС құрылысына қатысты жалпыұлттық референдум, - деді ол.

Саясаттанушы АЭС құрылысына қатысты референдумның маңызы жайлы да айта кетті.

Жалпы бұл мәселеге қатысты шешімді (АЭС-ке қатысты- ред.) Үкімет басшылары мен мемлекет басшысы толық заң аясында өзі шеше алатын мәселе болғанына қарамастан әр азаматтың пікірін алу маңызды болды. Сол арқылы халықтың Үкіметке деген сенімін нығайту маңызды екеніне назар аударды. Қазіргі шығып жатқан статистикалық деректерге назар аударсақ, референдум жоғары деңгейде өтіп жатыр. Президент те бұл науқанға қатысып, өз кезегін күтіп, дауысын беріп кетті. Мемлекет басшысы журналистердің сұрағына ашық жауап беру барысында министрлік кабинеттері жайлы сөз қозғады. Оның ішінде Энергетика министрлігіне де бірқатар баға берді. Сонымен қатар бұл реформаны тоқтатпау керегін жеткізді. Сонымен қатар ол саяси сегменттер жайлы ғана емес, экономикалық реформалар жайлы да айтты, - деді саясаттанушы.

Аман Мәмбетәлі АЭС құрылысына қатысты көтеріліп жатқан тақырыптың өзектілігіне тоқталды.

Себебі энергия болашақта барлығымызға керек. Сондықтан азаматтар жауапкершілікті сезінеді деп ойлаймын. Қазіргі таңда қазақстандықтардың жартысы дауыс бергенін көріп, біліп жатырмыз. Қала халқының тұрғындарына қарағанда ауыл халқының тұрғындары референдумда белсенділік танытып жатқанын байқауға болады. Себебі бүгінде қала тұрғындары күнделікті қарбаластың салдарынан дауыс беру көрсеткіштері аз болып тұр деп ойлаймын. Қателеспесем, қазіргі таңда оңтүстік өңірдің тұрғындары ең көп дауыс берген деп саналса, Алматы облысы ең аз дауыс берген. Сондықтан азаматтардың белсенділік танытатынына сенемін, - деді ол.

Айта кетейік, мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев референдумда өз дауысын бергеннен кейін БАҚ өкілдерінің «Үкіметтің жұмысына көңіліңіз тола ма?» деген сұрағына жауап берді. 

Менің ойымша, Үкімет белсенді жұмыс істеп жатыр. Мемлекет басшысы ретінде қойған міндеттерімді орындауға тырысады. Жұмысымыз өте қауырт. Ол бұқаралық ақпарат құралдарына көріне бермеуі мүмкін. Ақпараттарды жан-жақтан алып отырамын. Жалпы, мен көп оқитын адаммын. Сондықтан елдегі барлық оқиғадан әрқашан хабардармын. Министрлердің және Үкіметтің жұмысында кемшін кетіп жатқан тұстар болса, әлбетте, ескертемін. Жеті ай деген көп уақыт емес. Үкімет мүшелері өздерін көрсетуі керек. Ең басты міндет – ел экономикасының дамуына серпін беретін мүмкіндіктерді іздеу, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға