Жаңалықтар

Расул Ахметов: Қазақстанда туып, осында өмір сүргеніме өзімді бақытты санаймын

29.10.2018 05:20 2530

Бірлігі мен татулығы жарасқан елімізде 140-қа жуық ұлт пен ұлыс бір атаның баласындай бір шаңырақ астында, біртұтас елге айналып тату-тәтті өмір сүруде.

Елімізде мекен еткен ұлттардың арнайы этномәдени орталықтары да құрылған. Олардың әрқайсысы өздерінің ұлттық мәдениетінің, салт-дәстүрінің, мерекелерінің, тағамдары мен тілдерінің ұмытылмай сақталуы үшін, ортақ Отаны – Қазақстанның дамуына үлес қосу үшін жұмыс істейді. Негізінен Қазақстандағы ұлттық мәдени орталықтар жұмыс істеуіне қарай үш түрлі дәрежесі бар. Атап айтқанда, олар республикалық, облыстық және аудандық болып бөлінеді.

Республика бойынша Әділет министрлігіне тіркелген жалпы саны 30 шақты этномәдени орталық бар. Еліміздің әр өңірінде олардың филиалдары жұмыс жасайды. Республикалық және облыстық деңгейдегі ұлттық мәдени орталықтар заңды түрде тіркеліп жұмыс істесе, аудандық дәрежедегі орталықтар тіркелмейді. Яғни, оларды жергілікті жердегі басқарушы органдар өздері бақылайды. Осы тұрғыдан келгенде елімізде жалпы саны 900-ге жуық этномәдени орталық жұмыс жасайды екен.

Солардың бірі — түрік этносының «Ахыска» этномәдени орталығы. Бұл орталық алғаш 1991 жылы Алматы қаласында құрылса, кейін еліміздің әр өңірінен филиалдары ашыла бастады. Ал, Астана қаласындағы бөлімі 2007 жылдан бері жұмыс істеп келеді. Орталықтың «Ахыска» аталуының да өзіндік тарихы бар. Деректерге сүйенсек, ХХ ғасырда түрік-месхетиндер тұрған өңір осылай аталған. Өткен  ғасырдың 40-жылдары елімізге қоныс аударған «Ахыска» түріктері бүгінде өсіп-өніп, қазақ халқымен бірге біте қайнасып өмір сүруде. Түрлі қайырымдылық шараларда, спорттық жарыстар мен Ассамблея тарапынан ұйымдастырылған іс-шаралардың барлығында белсене араласып жүретін аталмыш орталық мүшелерінің қазақ тілінде емін-еркін сөйлейтіні байқалады. 

Түрі басқа болғанымен, қазақ халқымен тілегі бір, тегі басқа болғанымен, арман-мақсаты ортақ «Ахыска» этномәдени орталығы Тәуелсіздіктің алғашқы жылында құрылған, еліміздің тәуелсіздігімен құрдас этноорталық.

Бүгінде аталмыш орталықтың Жастар комитеті де құрылып, бейбітшілік пен келісімнің, ұлтаралық достықтың сақталуы үшін табысты жұмыс жасауда. Алматы қаласындағы «Ахыска» түрік этномәдени орталығының жастар комитетінің төрағасы Расул Ахметовпен аз-кем сұхбаттасып, орталық жұмысының жай-жапсарымен танысқан едік.

— Ассамблея жанынан құрылған Аналар кеңесі, ғылыми сараптамалық кеңес, Журналистер клубы секілді қосымша қызмет атқаратын кеңестері жетерлік. Ал, Жастар кеңесінің қызметі қандай?

«Жастар – біздің болашағымыз» деп, Елбасы атап өткендей, қолға алған істердің қашанда жастық жігермен, қуатпен берекелі іске асатыны айтпаса да түсінікті. Ассамблея жанынан құрылған Жастар кеңесі аға буынның жұмысын жалғастырушы болып табылады. Сондықтан, қазіргі таңда Ассамблеяға қатысты тілді дамыту, қайырымдылық, медиация, Жолдау міндеттеген басқа да қызметтерді көздеген мақсатына жеткізу үшін жұмыс істеп жатырмыз. Этномәдени орталық тарапынан атқарылатын барлық іс-шараларда біздің де қолтаңбамыз бар деп айта аламыз.

Қазақ тілін жетік біледі екенсіз. Қалай үйрендіңіз?

Қазақтың жерінде туып-өсіп, ауасын жұтып, суын ішіп отырғаннан кейін, қазақ тілін игеруіміз парыз ғой. Бүгінде қазақ тілінің кең қанат жаюы үшін этномәдени орталықтар да жұмыс істеуде, мемлекет тарапынан да қыруар жұмыстар атқарылып жатыр. Сондықтан, ынта болса, кез келген азамат қазақ тілін қиналмай үйреніп алады деп ойлаймын. Біздің Отанымыз – Қазақстан. Осында туып қана қоймай, қазақ мектебіне бардық, жоғары оқу орнына түсіп, мамандық алдық. Ол оқу ордаларының қай-қайсысында болмасын, қазақ тілін меңгеруге барлық жағдай жасалған. Осының арқасында басқа тілдермен қатар, мемлекеттік тіл – қазақ тілін де жетік үйреніп алдық.

— Түрік этномәдени орталығының жүргізіп отырған жұмыстары жайлы, жаңалықтарымен бөліссеңіз.

Негізінен, қазақ пен түрік халқының достығы бұрыннан ерекше деп айтуға болады. Түркітілдес елдер ретінде екі мемлекеттің арасында ерекше достық қарым-қатынас орнаған. Қазақ-түрік университеттері екі елдің достығы нәтижесінде ашылған. Оларда екі елдің де тілінде еркін сөйлейтін ұрпақ жыл сайын білім алып, маманданып шығуда.

Сондай-ақ, елімізде өмір сүріп жатқан ұлттардың ішінде түрік ұлты да Қазақстанның бір бөлшегі ретінде біртұтас елге айналып, өмір сүруде. Бүгінгі таңда елімізде шамамен екі жүз мыңға жуық түрік халқының өкілдері тұрады. Олар республикамыздың он шақты облысында өмір сүріп жатыр. Атап айтар болсақ, Алматы, Жамбыл, Қызылорда мен Оңтүстік Қазақстан облыстарында басымырақ.

Еліміздің әр өңіріндегі Ассамблеяға қарасты Достық үйлерінен ашылған үш жексенбілік мектебіміз жұмыс істейді. 1999 жылдан бері этномәдени орталығымызға қарасты қазақ, орыс және түрік тілдерінде республикалық «Ахыска»  газеті  жарық көріп тұрады.  Ал, біздің орталығымыз уақыт сұранысына сай, қоғамның талабына орай жұмыс істеуде. Жыл сайын қайырымдылық бағытында орталығымыз көптеген қайырымдылық жұмыстарын атқарады.

Жақында Алматы қаласында «Ахыска» түрік этномәдени орталығының көрмесі ашылды.  Қалалық мұражайда арнайы ашылып отырған көрме Қазақстан халқы Ассамблеясының «Ел бірлігі – достықта» көрмелер циклі аясында ұйымдастырылып отырған 14-ші көрмесі. Негізінен ол мұражайда елімізде тұрып жатқан орыс, бурят, белорус, украин, түрікмен, татар, корей секілді түрлі ұлт өкілдерінің мәдени орталықтарының көрмелері тұрақты түрде өткізіледі. Аталмыш мұражайдағы көрмеде ахыска түріктерінің ұлттық киімдері, зергерлік және тұрмыстық бұйымдары қойылған. Оны еліміздегі барша халық өкілдері көріп, тамашалауына мүмкіндік берілген.

Орталықта атқарылып жатқан жұмыстардың барлығы қазақстандықтардың бірлігі үшін, елімізде өмір сүріп жатқан барша ұлттың достығын сақтауға бағытталған.

Жыл сайын Елбасының Жарлығы мен Үндеулерінің барынша насихатталып, орындалуы үшін түсіндіру шараларын ұйымдастырамыз. Негізінен, этномәдени орталықтарында ұйымдастырылатын іс-шаралар сан алуан. Олардың барлығын тізіп отыру мүмкін емес. Сондықтан, мұндай шараларды өз уақытында мерзімді басылымдар арқылы жариялап отырамыз. Алайда, дәл қазір біздің жыл аяғына дейінгі жұмыстарымыздың негізгі бағыты кешегі 5-қазанда жолданған Елбасы Жолдауының өз мақсатына жетуіне бағытталған.

— «Бірлік» телеарнасын ашу туралы ұсыныс айтыпсыздар. Оны ашудағы басты мақсат қандай?

— Сөзіңіздің жаны бар, мұндай ұсынысты айтқанымыз рас. Бұл телеарна еліміздегі көп ұлттың өмірі мен еңбек етуін қарастырып, бақылайды деген ойдамыз. Қазақстан халқы Ассамблеясының қолдауымен жаңа телеарна құруға қатысты қажеттілік зор. Өйткені, еліміз көпұлтты мемлекет. Елімізде өмір сүріп жатқан ұлттардың барлығы ұлтаралық татулықты, конфессияаралық келісімді  көксейміз. Ендеше, неге жаңа форматта телеарна ашпасқа?!

Бірлік телеарнасында ұлтаралық достықты, еліміздегі бірлікті және Қазақстанда тұратын халықтардың мәдениетін, тілін барынша паш етуге болар еді. Сондай-ақ, еліміздегі достықтың, бірліктің қазақстандық моделі әлем елдеріне үлгі болып отырғаны жасырын емес. Қазақстандағы барша ұлттың баласының басты мақсаты ортақ –Қазақстанның өркендеп дамуына үлес қосу. Сондықтан, солардың бәрін ашып көрсетсек деген ой болған. Барша ұлттың бөлінбей, ел дамуына үлес қосуы туралы қызықты, танымдық, тағылымдық бағдарламалар жасауға болады. Бұл жерде әрбір ұлт өз мәдениетін, тілін, дәстүрін паш етуге дайын.

«Менің Қазақстаным», «Шаңырақ» секілді атауының өзі бірлікке шақыратын тележобалар ашылса, жақсы болар еді. Бүгінгі күні бірлігі қашқан талай ел бар. Еліміздегі этностық қарым-қатынастарды ашып көрсететін болсақ, басқа елдерге де, ұрпағымызға да үлгі болар еді. Сондықтан, «Бірлік» арнасы керек деп ойлаймыз.

— Кешегі Елбасы Жолдауының қай бағыты көңіліңізден шықты?

Елбасының барлық Жолдауларынан оның қоғамдағы мәселелерді жақсы білетіні, қоғамның тамырын дөп басып, елімізге қажеттіні анық білетінін байқаймыз. Мәселен, «Елбасының бес әлеуметтік бастамасының» қай-қайсысы болмасын, уақыт сұранысынан туындаған дүниелер болатын. Соның арқасында қазір елімізде студенттер жатақханалары бой көтеріп, тұрғын үйлермен қамту жұмыстары қарқынды жүруде.

«Рухани жаңғыру» аясында жылдар бойы атауы ауыспай келген талай көшелер мен елдімекендер ұлттық мақтаныштарымыздың, тұлғаларымыздың атауын иеленіп, тарихи жерлеріміз жаңартылуда. «Рухани жаңғыру» жобасының сананың жаңғыруына ықпал етіп жатқаны қуантады.

Соңғы Жолдауда да қоғамға қажетті біраз жайттар айқын қамтылған. Әсіресе келер жылдың Жастар жылы болып белгіленуі, мемлекет басшысының ел болашағына бей-жай қарай алмайтынын байқатады. Біз өзіміз жастар кеңесі тарапынан жастар мәселесіне қатысты барлық мәселеде тізе қосып, мәселелердің шешілуіне атсалысамыз деген ойдамыз. Нақты жоспар да құрып қойдық. Оның бәрі алдағы уақыт еншісіндегі дүниелер.

— Еліміздегі жалпыхалықтық біртұтастықтың сыры неде деп ойлайсыз?

Қазақ халқының даналығы, дархандығы арқасында елімізде ұлттар бірлігі берік сақталып отыр. Қарап отырсаңыз, бүгінде елімізде өмір сүріп жатқан ұлттар мен ұлыстардың барлығының ұлттық құндылықтарының сақталуына жағдай жасалған. Өз басым Қазақстанда туып, осында өмір сүргеніме  бақытты санаймын, оны үлкен мәртебе ретінде мақтанып айтамын. Енді біртұтас ел ретінде Мәңгілік елге айналу жолында қызмет етуді мақсат етудеміз!

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға