©El.kz/Бауыржан ЖУАСБАЕВ

Рақымшылық: Шымкент пен Түркістан облысында 52 адам бостандыққа шықты

02.08.2025 22:46

ҚР Конституциясының 30 жылдығына орай жарияланған рақымшылық шарасы аясында Шымкент пен Түркістан облысындағы қылмыстық-атқару жүйесі мекемелерінде жазасын өтеп жатқан 675 сотталушының ісі қайта қаралды, деп хабарлайды El.kz интернет порталы.

Нәтижесінде 52 адам бостандыққа шығарылса, 649 сотталушының жазасы қысқартылды.

Соттарға 381 іс бойынша материал жолданды, оның ішінде 72 іс бойынша шешім шығарылды. 48 сотталушы босатылып, 14-інің жаза мерзімі қысқартылды. Айта кету керек, амнистия - бұл мемлекеттің құқықбұзушылық жасаған белгілі бір санаттағы адамдарға қатысты қылмыстық жауапкершіліктен босату немесе жазаны жеңілдету түріндегі шарасы, - деді Шымкент пен Түркістан облысы бойынша ҚАЖ департаменті бастығының орынбасары, әділет подполковнигі Нұрлыбек Әлібекұлы.

Рақымшылық аясында ерекше назар балаларымен бірге отырған әйелдерге аударылды. Мәселен, Шымкенттегі №78 қауіпсіздігі жоғары мекемеде жазасын өтеп жатқан аналардың екеуі бостандыққа шықты. Олар көзіне жас алып, жасаған ісіне өкініш білдіріп, үйіне оралған соң мейірімді ана болуға уәде етті.

Жалпы бұл колонияда амнистияға 15 әйел ілікті. Олардың бесеуі босатылып, 10-ының жаза мерзімі қысқартылды. Көбі «Ұрлық» және «Алаяқтық» баптары бойынша сотталған және жазасын өтеудің соңғы кезеңінде болған. Бостандыққа шығуына бір жылдан аз уақыт қалған еді.