Жаңалықтар

Рақымшылық мемлекеттің өз азаматтары үшін жауапты екенін көрсетті – Амир Умаров

Қазақстан Республикасы Адам құқықтары жөніндегі орталық басшысының міндетін атқарушы Амир Умаровпен сұхбат
Рақымшылық мемлекеттің өз азаматтары үшін жауапты екенін көрсетті – Амир Умаров
Фото: el.kz 12.01.2023 18:00 3000

Қазақстандықтардың қай-қайсына болса да қаңтар оқиғасын бастан кешу қиынға соққаны анық. Оқиғаның орын алғанына бір жылдан асса да әлі күнге дейін халықтың есінен кетер емес. Көтерілістің кесірінен кінәлілермен қатар жазықсыздар да зардап шеккен болатын. Қаңтар оқиғасына байланысты қабылданған заң негізіндегі жұмыс қалай атқарылды? Оған қатысы барлардың қаншасына рақымшылық берілді? Мұндай сұрақтардың жауабын Қазақстан Республикасы Адам құқықтары жөніндегі орталық басшысының міндетін атқарушы Амир Умаровтан сұраған едік.

- Мемлекет қиын жағдайға тап болған кезде адам құқығы қаншалықты маңызды рөл атқарады?

- Қазіргі уақытта елімізде әділетті мемлекет құруға бағытталған қоғам өмірінің барлық саласына серпіліс беретін түбегейлі шаралар қабылданып жатқаны баршамызға мәлім. Осы орайда, Мемлекет басшысының қайғылы қаңтардан шығу жолында азаматтардың құқықтарын сақтауға қатысты берік ұстанымын атап өткен жөн. Өйткені ауыр кезеңдер адам құқықтарын жоймайды, керісінше олар дағдарыстан шығудың жолын қамтамасыз етеді. Тарихта ұлттық қауіпсіздікке төнген қатерлерді оқшаулау кезінде адам құқықтарын елемей, мемлекеттігін жоғалтқан елдер аз емес.

- Көтеріліске қатысқандарға рақымшылық жасау туралы заң қалай қабылданды?

- Еліміздің басшылығы қайғылы қаңтар оқиғаларының салдарын өткерудің әділеттілікке негізделген, билік пен халық арасындағы қоғамдық келісімді нығайтуға бағытталған өзіміздің ұлттық құндылықтарымызға тән жолын таңдады.

Осы мақсатта Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев ағымдағы жылғы қыркүйектегі «Әділетті мемлекет. Біртұтас ұлт. Берекелі қоғам» атты жолдауында қаңтар оқиғаларына қатысушыларға бір реттік рақымшылық жасауды тапсырып, нәтижесінде 2 қарашада «Рақымшылық жасау туралы» Қазақстан Республикасының Заңына қол қойған болатын. Бұл шешім отандық құқық қорғаушы қауымдастықтың ғана емес, сондай-ақ беделді халықаралық ұйым өкілдерінің де көңілінен шығып отыр. Өйткені халқының қамын ойлайтын мемлекет өз азаматтарына кешірімді болуы аксиома болып табылады. Мәселен, қасіретті күндері көшедегі азаматтардың басым бөлігі тәртіпсіздіктерге көпшіліктің ықпалымен және шешілмеген әлеуметтік мәселелердің негізінде барды.

- Аталған заң аясында қанша адам рақымшылыққа ілінді?

- Қабылданған Заң бойынша 2022 жылғы 4-7 қаңтар аралығында Қазақстан Республикасының аумағында жаппай тәртіпсіздіктерге байланысты не олардың жолын кесу кезінде қылмыстық теріс қылықтар мен онша ауыр емес және ауырлығы орташа қылмыстар жасаған адамдар қылмыстық жауаптылықтан толық босатылады, ал ауыр және аса ауыр қылмыстар жасаған адамдардың жаза мерзімі қысқартылады.

Айта кететін жайт, рақымшылық террористерге, экстремистерге, рецидивистерге, тәртіпсіздіктерді ұйымдастырған және азаптаулар жасаған адамдарға жасалмайды.

Қазіргі уақытта 1071 азаматқа рақымшылық жасалған. Рақымшылық шамамен 1,5 мың адамды қамтитын болады.

Сонымен қатар елімізде конституциялық реформа жүргізіліп жатқаны баршаға мәлім. Оның аясында азаматтардың бұзылған құқықтарын қалпына келтіру және осындай бұзушылықтардың алдын алу бойынша жаңа мүмкіндіктерді айқындайтын «Адам құқықтары жөніндегі уәкіл туралы», «Прокуратура туралы» және «Конституциялық Сот туралы» Конституциялық заңдар қабылданды.

- Қаңтар оқиғасындағы құқық бұзушылыққа қатысы бар тұлғаларға әділетті шешім қабылданды ма?

- Қаңтар қасіреті ел тарихындағы үлкен сынақ ретінде халқымыздың жадында сақталатынын Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев өз сөздерінде бірнеше рет атап өткен. Еліміздің алтын бесігі – Алматы қаласы зардап шекті, жазықсыз адамдар опат болды. Бірлік болмаса, басқа жетістіктің бәрі бекер екеніне көз жеткіздік. Біздің еліміз – көп этносты, көп мәдениетті және көп конфессиялы мемлекет. Бірлігіміз тұрақтылықтың кепілі болып табылады. Сондықтан біз қаңтардың салдарын сабақ ретінде есте сақтап, мұндай оқиға ешқашан қайталанбауы үшін қолдан келгеннің бәрін жасаумыз қажет.

- Сұхбатыңызға рахмет!

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға