Жаңалықтар

Рамазан оразасы – парыз ораза

Оразаның түрлері
Рамазан оразасы – парыз ораза
03.06.2017 09:00 16638

Ораза араб тілінде «саум» деп аталып, оның тілдік мағынасы барлық нәрседен тыйылу деген ұғымды, ал шариғаттағы мағынасы таң атқаннан күн батқанға дейін ораза ниетімен ішіп-жеуден және төсек қатынасынан тыйылу екендігін бұған дейінгі сұхбатымызда айтқан болатынбыз. Республикалық «Әзірет Сұлтан» мешітінің ұстазы, исламтанушы Элмира Бұхарбаевамен болған бүгінгі әңгімемізде оразаның түрлеріне жеке-жеке тоқталатын боламыз.

– Исламда оразаның неше түрі бар?

– Оразаның парыз, уәжіп, сүннет, мұстахап, мәндүп, мәкрүһ сияқты 6 түрі бар.

– Жеке-жеке тоқталсаңыз.

Парыз ораза балиғатқа жеткен әрбір ер мен әйел мұсылманға жекелей парыз етілген ғибадат. Оған Рамазан айындағы ораза және оның қазасы мен каффарат (жаза) оразасы жатады. Ол ешуақытта мұсылманның мойнынан түспейді және ақырет күні міндетті түрде жекелей сұралады.

Белгілі бір уақытта немесе кез-келген бір күні тұтамын деп Аллаға нәзір (серт) етіп тұтқан ораза уәжіп оразаға жатады. Оның қазасын өтеу де уәжіп болады.

Парыз бен уәжіптен басқа оразаның барлығы нәпіл ораза болып есептелінеді. Жоғарыда айтқан сүннет, мұстахап, мәндүп оразаларды осы нәпіл оразаға жатқызамыз. Нәпіл оразаға  Дәуіт Пайғамбардың күнара тұтқан оразасы, Пайғамбарымыз Мұхаммедтың (с.ғ.с.) дүйсенбі және бейсенбі күні тұтқан оразасы және әр айдың 13, 14, 15-күндері тұтылатын ораза; қажылықта болмаған мұсылман тұтатын Арафа күнгі ораза; Шағбан айындағы ораза жатады. Сондай-ақ, мұхаррам айының 9,10,11-күндері тұтылатын ораза. Ашура күнінің бұл оразасын үш күн толық ұстамаған жағдайда яһудилерге ұқсамау үшін мұхаррам айының тоғызы, оны немесе оны, он бірі екі күн тұтқан дұрыс. Бұлардан бөлек, Рамазан айы біткеннен кейінгі шәууәл айындағы 6 күндік ораза. Бұл оразаны сол айдың ішінде қалаған күндерінде ұстауына немесе үзбей 6 күн тұтуға болады. Бірақ ораза айт аяқталысымен дереу жалғастырып тұтқан абзал. Қаза, нәзір, т.б. оразаларды осы күндерде тұтса да сол сауапты ала алады. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Кімде-кім Рамазанды оразамен өткізіп, бұдан кейінгі шәууәл айында алты күн ораза ұстаса, жыл бойы ораза тұтқанмен бірдей» деген.

– Рамазан айының оразасын тұтпастан шәууәл айындағы 6 күн оразаны ғана тұтқан кісі  Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) айтқандай бір жыл бойы ораза тұтқандай сауапқа ие бола алама?

– Алла Тағала Құранда «Әнғам» сүресінің 161-аятында былай дейді: «Кімде-кім бір жақсылық жасаса, оған оның он есе қарымы беріледі». Ғалымдар шәууәл айындағы алты күн оразаның бір жылдық сауабын осы аятпен байланыстырады. Рамазан айындағы отыз күн мен шәууәл айындағы алты күн қосылғанда, отыз алты күн болады. Бұл сан он есеге көбейтілсе, үш жүз алпыс күнді құрайды. Рамазан оразасын ұстамаған адамдарға да шәууал оразасын ұстауына болады. Алайда, олар Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) сүйіншілеген бір жылдық оразаның сауабын ала алмайды. Өйткені Рамазан оразасы – парыз. Оны ұстамау – үлкен күнә. Ал, шәууәл айының оразасы нәпіл оразаға жатады. Оны Ораза айтының екінші күнінен бастап ұстауға болады. Бірақ, Рамазан оразасының қазасы бар кісі қарызын өтеген соң ғана  шәууәл айының оразасын тұтқаны дұрыс.

 – Ал, мәкрүһ ораза дегеніміз не?

«Мәкрүһ» сөзі жағымсыз деген мағынаны білдіреді. Яғни, мәкрүһ  амалды істеген кісі күнә арқалайды. Мәкрүһ ораза тахриман және тәнзихан болып екіге бөлінеді. Ораза айтының бірінші күні, құрбан айттың төрт күні және зұлхижжа айының 11, 12, 13-күндері ораза тұтуға тыйым салынған. Яғни бұл күндері ауыз бекіту мәкрүһ тахриман оразаға жатады. Ал, ашура күні бір күн ғана ораза тұту, бүгінгі күннің оразасын екінші күнге ауыз ашпастан жалғастыру, тек сенбі немесе жексенбі күні ғана ораза ұстау тәнзихан мәкрүһ ораза болады. Сапар қиындығына қарамастан ораза тұтқан жолаушының және күйеуінің рұқсатынсыз нәпіл ораза тұтқан әйел кісінің орасазы да мәкрүһ оразаға жатады. Сондай-ақ, қажылардың әлсіреп қалмауы үшін тәруия және арафа күні ораза ұстау мәкрүһ етілген.

– Тек сенбі немесе жексенбі күні ғана ораза ұстау мұсылмандарға не үшін мәкрүһ етілген?

– Өйткені яһудилер тек сенбі күні, ал христиандар жексенбі күні ғана ораза ұстайды. Мұсылмандардың соларға ұқсамауы үшін тек бұл кұндері ораза тұту мәкрүһ етілген. Бірақ, жалғастырып ұстап келе жатқан қаза немесе уәжіп, нәпіл оразалар бұл күнге сәйкес келген жағдайда тұтуына болады.  

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға