Рамазан Стамғазиев домбыраны харам дегендерді жазалауды талап етті
Дәстүрлі әнші Рамазан Стамғазиев желіде дау тудырған "домбыра - харам" деген видеоға қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.
Өнер иесі ел ішіне от салғандарды заңмен жазауды талап етті.
Кейінгі кезде осындай аузы басын түк басқан дүншілдердің қисық уағыздарын естіп жағаңды ұстайсың. Қазақ қазақ болғалы домбырамен жасасып келеді емес пе?! Халықтық ән жырлары айтылып, салт-санамызды тәрбиелеп жеткізіп келе жатқан жоқпыз ба?! Жалпы қазақты домбырасыз қалай елестетуге болады, мүмкін емес. Ендеше мына сақалдінікі не сандырақ? Ел ішіне от салып, халықтың дәстүріне тіл тигізіп, домбыраны қорлаған мынандай адамдарды заң алдында қатаң ескертүсіз жазалау керек. Егер Қазақстан жерінде жер басып жүрсе, домбырамен исламды бір -біріне қарcы қою дұрыс емес, қате ұғым, - деп жазған ол.
Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы әлеуметтік желілерде ұлттық салт-дәстүрлерге қатысты тараған видеоларға түсінік берді.
Ислам әлеміндегі танымал ғұламалардың бірі де бірегейі Имам әл-Ғазали мен Әбу Ханифа мәзһабының көрнекті ғалымы Абдул-Ғани ән-Нәбулусидің көзқарасы бойынша дінді насихаттау, халықты отансүйгіштікке, имандылыққа, бірлік пен адамгершілікке шақыру мағынасында айтылған әнге рұқсат. Ал адамға жаман ой тастайтын, арақ пен әдепсіз іске үндейтін ән айтуға шариғатымыз тыйым салған. Сан ғасырдан бері Ислам дінін ұстанып келе жатқан қазақ халқы ұлттық аспабымыз – домбыра арқылы ән, терме-толғау шырқап, тыңдаушыны имандылыққа, ізгілікке, адамгершілікке, Отанды қорғауға, ата-анамызды қадірлеуге шақырған, - делінген мәлімдемеде.
Айта кетейік, орамал тартқан белгісіз қыздың домбыра тартуды күнә екенін айтқан бейнежазбасы әлеуметтік желіде қызу талқыға түсті. Аталмыш видеоға қатысты белігілі айтыскер Айшолпан Тілеутай ойын бөлісті. Сондай-ақ белгілі дінтанушы Нұрлан Байжігітұлы домбыраны харамға теңеген қызға қатысты пікір білдірген болатын.