Жаңалықтар

ҚР Парламенті Мәжілісі депутаттарының кезектен тыс сайлауын тағайындауға байланысты ХАЛЫҚҚА ҮНДЕУІ

Үндеу
21.01.2016 03:57 3997

ҚР Парламенті Мәжілісі депутаттарының кезектен тыс сайлауын тағайындауға байланысты ХАЛЫҚҚА ҮНДЕУІ

Бүкіл қазақ­стандықтарды, қоғамның барлық әлеуметтік топтарын уақыт талап еткен шешімді қолдауға үндеймін. Баршаңызды сайлауға белсене қатысуға, еліміздің болашағы жолындағы тұтастығымыз бен бірлігімізді тағы да танытуға шақырамын.

Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВ.

Мен Парламент Мәжілісі депутаттарының өкілеттігін мерзімінен бұрын тоқтату және жаңа сайлау тағайындау туралы ұсынысын талдап қарадым.

Бұл күндері менің атыма бастамаға қолдау көрсеткен көптеген хаттар мен жеделхаттар келіп түсті. Кезектен тыс сайлау өткізу қажеттігі туралы пікірді сая­си партиялар мен кәсіподақтар, үкіметтік емес ұйымдар, кәсіпорындардың, мекемелер мен оқу орындарының еңбек ұжымдары құптады. Сондай-ақ, оған ардагерлер мен жастардың ұйымдары, бизнестің, ғылыми және шығармашылық зиялы қауымның өкілдері, көптеген жеке азаматтар қолдау білдірді. Менің атыма келіп түскен бұл үндеулерде келтірілген барлық дәлел-дәйектемелер маған түсінікті. Оларда елге деген қамқорлық, саяси науқанды тездетіп аяқтауға және қойылған міндеттерді іс жүзіне асыруға кірісуге деген қажетсіну бар.

Бүгінде біздің ел күрделі жаһандық саяси және экономикалық үдерістерге тартылып отыр. Энергия қуатын беретін өнімдер бағасының құлдырауы нәтижесінде көптеген елдерді жайлаған экономикалық дағдарыс бүкіл әлемдік экономикаға және оның ажырамас бөлігі ретінде біздің елімізге де елеулі ықпал етуде. Осы бір қиын уақыт ел алдына өте күрделі міндеттер мен сын-қатерлерді тосып отыр.

Халықаралық ахуал да күрделілене түсті. Жетекші мемлекеттер арасындағы қайшылықтар ұлғайып, олардың санкциялық текетіресі күшейе түсуде. Сарапшылардың көпшілігі әлемдік державалар арасындағы келіспеушілік «қырғиқабақ соғыс» аяқталғаннан бері дәл қазіргідей ушығуға жетпеген еді деген пікірде. Осындай жағдайда өңірлік жанжалдардың жаңа ошақтары пайда болуда. Террорлық қатер де ұлғайып келеді. Босқындардың жаһандық толқыны планетаның жаңа өңірлерін бірінен соң бірін басып қалуда. Әлемдік сауда көлемі төмендеп, қор нарықтары құлдырауда. Іс жүзінде әлемнің барлық валюталары девальвацияға ұшырады. Осының бәрі өңірлік және ұлттық экономикаларға теріс ықпалын тигізеді.

Әлемнің жаңа бет-бейнесі қалыптасып келеді, ол жөнінде мен халыққа таяудағы Жолдауымда айттым. Бұл дегеніміз индустрияландыруды, шағын және орта бизнесті дамытуды белсенді жалғастыра отырып, шикізат бағасы төмен жағдайда өмір сүруге бейімделуді білдіреді. Осы бір күрделі ахуалда біздің бәріміз үшін ең маңыздысы – ысырапсыз өмір сүру, ресурстарды үнемдеу, жұмыс орындарын сақтау екенін түсіну. Үкімет пен Парламентке бұл жағдайда бірлесіп, жинақы жұмыс істеп, жедел шешім қабылдау қажет. Біздің халқымызға бұрынғыша бірігіп, осы күрделі уақытта кез келген ықтимал арандатуларға, қажет болса, заңнамалық тұрғыдан тойтарыс беру керек. Ол жағдайдың нашарлауына кінәлілерді іздеп, саясиландырғысы келетіндерге де қатысты. Бұл – жаһандық үдеріс, оған бірде-бір ел, соның ішінде Қазақстан да ықпал ете алған жоқ. Сондықтан бәріміз топтасып, бір-бірімізге көмектесуіміз керек. Қазір елдің әрбір азаматының патриоттығы сынға түсуде. Бізде тағдырға мойынсұнып, әйтеуір бір уақыттары бәрі орнына келетініне, мұнай бағасы көтеріліп, жағдайдың жақсаратынына үміттеніп отыруға уақыт жоқ.

Бүгінде кез келген жаһандық сын-қатерге үнемі жүйелі әрі алдын ала жауап беру және тиісті шаралар қабылдау маңызды. Бізге «Қазақстан-2050» Стра­тегиясының бағытын жалғастырып, дағдарысқа қарсы бағдарламаны іске асыру, Ұлт Жоспарын орындау керек. Мыңдаған азаматтарымызға жұмыс бере отырып, «Нұрлы Жол» бағдарламасын белсенді жүзеге асыру қажет. Үкімет, министрлер мен барлық деңгейдегі әкімдер бұрынғы дағ­дарыс тәжірибесі мен инфрақұрылымдық құрылыс мүмкіндіктерін пайдалана отырып, жұмыс орындарын ұсыну арқылы шығындарды қысқарту, аппаратты оңтайландыру үшін резервтер іздестіруі тиіс.

Халыққа Жолдауда мемлекетті, экономика мен қоғамды терең жаңғырту, бюджет саясатын үнемдеу, ұсынықтылық және қайтарымдылық қағидаттары негізінде оңтайландыру жөнінде ауқымды міндеттер қойылды. Парламенттің қазіргі құрамы Ұлт Жоспарына сәйкес, өнімді және ауқымды заң шығару жұмысын атқарды. Ендігі жұмыс Үкімет пен елдің барлық атқарушы органдарына, сондай-ақ, бизнес-қоғамдастыққа тиесілі. Дағдарысқа қарсы шаралар мен Ұлт Жоспарын дер кезінде және сауатты жүзеге асыру солардың тиімді жұмысына байланысты болады. Бұл біздің елімізді әлемдік қоғамдастық алдында тағы да биіктетіп, инвестиция тартады, елімізге деген сенімді нығайтады. Біз мұны жасауға тиіспіз.

Қазір біздің қоғамымыз 1991 жылы мүлдем бейтаныс ахуалға тап болған кездегідей абдыраған адамдар тобы емес. Біз Тәуелсіздіктің ширек ғасырға жуық абыройлы жолын жүріп өттік. Біз жасампаз еңбекте шыңдалып, табысты, қалыптасқан және әлемге сыйлы мемлекет құрған біртұтас халыққа айналдық. Мен депутаттардың бастамасын Қазақстан мен қазақстандықтардың тағдырына отаншылдық тұрғыдан қамқорлық танытудың көрінісі деп қабылдаймын. Мәжілістің кезектен тыс сайлауы (оның ішінде Қазақстан хал­қы Ассамблеясының да депутаттары бар) және өңірлік мәслихаттардың кезекті сайлауы бірге өтуі уақытты да, қаржыны да үнемдейді. Барша депутаттарға мемлекетшіл ұстанымы мен аса жоғары тарихи жауапкершілік танытқаны үшін алғысымды айтамын.

Ел Конституциясының талаптарына сәйкес, мен Парламент Палаталары төрағаларымен, Премьер-Министрмен және Конституциялық Кеңес төрағасымен кеңестім. Ақылдаса келіп депутаттардың бастамасын қолдау туралы шешім қабылданды. Билік саласы өкілдері құрамының жаңартылуы еліміз бен халқымыздың мүддесіне сай келетіндігіне сенімім кәміл. Саяси партиялар күн тәртібіндегі міндеттерді түсіне білетін сауатты, іскер және ел мүддесіне адал кандидаттарды ұсынуға тиіс. Бүгін мен Бесінші шақырылымдағы Парламент Мәжілісінің өкілеттігін мерзімінен бұрын тоқтату туралы Жарлыққа қол қойдым. Мәжілістің кезектен тыс сайлауы 2016 жылғы 20 наурызға белгіленді.

Бүкіл қазақстандықтарды, қоғамның барлық әлеуметтік топтарын уақыт талап еткен шешімді қолдауға үндеймін. Баршаңызды сайлауға белсене қатысуға, еліміздің болашағы жолындағы тұтастығымыз бен бірлігімізді тағы да танытуға шақырамын. Конституцияның кепілі ретінде Орталық сайлау комиссиясына және барлық өкілетті мемлекеттік органдарға алдағы сайлауда заңдылықты, ашықтықты және әділеттілікті қамтамасыз етуді тапсырамын. Дауыс беру науқаны және сайлау күрделі кезеңде ұлтты ұйыстырып, біздің Қазақстанымызды жаңа белестерге алып шығуға көмектеседі деп сенемін.

Баршамыздың бір ғана мақсатымыз бар, ол мақсат – халық пен елдің игілігі! Бәріміз Қазақстанның өсіп-өркендеуі жолында еңбек етіп, бар күш-жігерімізді жұмсаймыз. Біз бірлесе отырып, бүгінгі заман алдымызға тосып отырған барша қиындықтар мен сын-қатерлерді міндетті түрде еңсеретін боламыз. Мен барша қазақстандықтарды, барлық саяси партияларды біздің ортақ шаңырағымыздың тағдырына жауапты қарауға және Отаншылдығымызды нығайта түсуге шақырамын. Тәуелсіздіктің ширек ғасырлық мерейлі белесін мызғымас бірлікпен қарсы алайық!


Астана, Ақорда,

2016 жылғы 20 қаңтар

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға