Жаңалықтар

ҚР Конституциясының 77-бабына түсіндірме

ҚР Конституциясының 77-бабына түсіндірме
23.09.2015 09:26 12353

ҚР Конституциясының 77-бабына түсіндірме

ҚР Конституциясы, 77-бап:

1. Судья сот төрелiгiн iске асыру кезiнде тәуелсiз және Конституция мен заңға ғана бағынады.

2. Сот төрелiгiн iске асыру жөнiндегi соттың қызметiне қандай да болсын араласуға жол берiлмейдi, және ол заң бойынша жауапкершiлiкке әкеп соғады. Нақты iстер бойынша судьялар есеп бермейдi.

3. Заңды қолданған кезде судья төмендегi принциптердi басшылыққа алуға тиiс:

1) адамның кiнәлi екендiгi заңды күшiне енген сот үкiмiмен танылғанша ол жасалған қылмысқа кiнәлi емес деп есептеледi;

2) бiр құқық бұзушылық үшiн ешкiмдi де қайтадан қылмыстық немесе әкiмшiлiк жауапқа тартуға болмайды;

3) өзiне заңмен көзделген соттылығын оның келiсiмiнсiз ешкiмнiң өзгертуiне болмайды;

4) сотта әркiм өз сөзiн тыңдатуға құқылы;

5) жауапкершiлiктi белгiлейтiн немесе күшейтетiн, азаматтарға жаңа мiндеттемелер жүктейтiн немесе олардың жағдайын нашарлататын заңдардың керi күшi болмайды. Егер құқық бұзушылық жасалғаннан кейiн ол үшiн жауапкершiлiк заңмен алынып тасталса немесе жеңiлдетiлсе, жаңа заң қолданылады;

6) айыпталушы өзiнiң кiнәсiздiгiн дәлелдеуге мiндеттi емес;

7) ешкiм өзiне-өзi, жұбайына (зайыбына) және заңмен белгiленген шектегi жақын туыстарына қарсы айғақ беруге мiндеттi емес. Дiни қызметшiлер өздерiне сенiп сырын ашқандарға қарсы куәгер болуға мiндеттi емес;

8) адамның кiнәлi екендiгi жөнiндегi кез келген күдiк айыпталушының пайдасына қарастырылады;

9) заңсыз тәсiлмен алынған айғақтардың заңды күшi болмайды. Ешкiм өзiнiң жеке мойындауы негiзiнде ғана сотталуға тиiс емес;

10) қылмыстық заңды ұқсастығына қарай қолдануға жол берiлмейдi.

4. Конституциямен белгiленген сот төрелiгiнiң принциптерi Республиканың барлық соттары мен судьяларына ортақ және бiрыңғай болып табылады.

1. Судьялардың тәуелсіздігі мемлекеттік биліктің сот тармағының дербестігі көріністерінің бірі болып табылады. Судьялар тәуелсіздігі принципінің мәні – тек қандай да бір ықпалдан еркін болатын тәуелсіз сот заңдық істі немесе мәні бойынша дауды бейтарап және объективті қарап, шеше алады. Әділетті сот төрелігінің қажетті алғышарты бола тұра, судьялардың тәуелсіздігіне конституциялық нормалар, сондай-ақ сот құрылысының мәселелерін, судьялардың құқықтық мәртебесінің және сот қызметін жүзеге асырудың іс жүргізу тетігінің мәселелерін белгілейтін салалық заңнама нормалары кепілдік береді.

Сот төрелігін жүзеге асырудың ерекше рәсімдері мен судьялардың қызметіне араласу үшін туындайтын жауапкершілікті, судьяларға қол сұқпаушылық пен олардың орнынан түсуге құқығын, қызметке тағайындаудың (сайлаудың), өкілеттігін тоқтату және тоқтата тұру рәсімінің ерекше тәртібін, судьяны мемлекеттік материалдық және әлеуметтік қамтамасыз етудің жоғары деңгейін, судьяларды, олардың отбасыларының мүшелерін және оларға тиесілі мүлікті міндетті мемлекеттік қорғау жүйесін қарастыратын құқықтық шаралар судьялар мен жалпы сот жүйесінің тәуелсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған.

«Судья сот төрелiгiн iске асыру кезiнде... Конституция мен заңға ғана бағынады» деген конституциялық тұжырым сот ісін жүргізуде заңдылық принципін іске асыру қажеттілігін білдіреді. Бір жағынан, сот төрелігі органдарының қызметі Конституция мен заңдардың қолданылып жүрген нормалары шеңберінде қарастырылған, екінші жағынан – судьялар құқық қолдану үдерісінде конституциялық нормалар мен заң нормаларының басым мәні бар нормативтік құқықтық актілердің қолданылатын сатысын сақтау міндеті белгіленген.

Заңдылық принципі сондай-ақ сот ісін жүргізу үдерісін реттеудің заңнамалық деңгейінің, сот органдарының қызмет етуінің тәртібі мен ережелерінің міндеттілігін белгілейді.

2. Сот төрелiгiн iске асыру жөнiндегi соттың қызметiне қандай да болсын араласуға жол берiлмейдi және ол заң бойынша жауапкершiлiкке әкеп соғады деген конституциялық норма ешкімнің қандай да бір нысанда соттың заңдық істер мен дауларды қарау жөніндегі қызметіне араласуға құқығының жоқтығын білдіреді.

Конституциялық Кеңестің құқықтық ұстанымына сәйкес, қаралып отырған конституциялық нормада әңгіме нақты іс бойынша шешім шығарылғанға дейін соттың Конституция мен заңдардың талаптарына негізделген объективті және бейтарап сот төрелігін жүзеге асыруға кедергі жасау мақсатында қандай да бір адамның тарапынан кез келген көріністе болған сотқа заңсыз ықпал ету туралы болып отыр.

Сот органдарының заңды және бейтарап қызметін қамтамасыз ету және сот ісін жүргізуге құқықтық емес әсер етуді болдырмау мақсатында соттың қызметіне араласу үшін қылмыстық жауапкершілік белгіленген (ҚК-нің 339-бабы). Соттың сот төрелігін жүзеге асыру жөніндегі қызметіне араласу деп соттың (судьяның), алқабилердің іс бойынша заңды және әділетті шешім шығаруына кедергі жасау мақсатында мүдделі тұлғалардың тарапынан сотқа (судьяға), алқабилерге кез келген заңсыз ықпал ету түсіндіріледі.

«Нақты iстер бойынша судьялар есеп бермейдi» деген конституциялық ереже судья қаралған немесе іс жүргізуіндегі сот істерінің мәні бойынша қандай да бір түсініктемелер беруге міндетті емес екендігін білдіреді.

Осы норманы іске асыру кепілдіктері әралуан, сонымен қатар ол келіп түсетін өтініштерді қараудың қолданылып жүрген рәсімдерінде, сондай-ақ сот ісін жүргізуді жүзеге асыру үшін оңтайлы жағдай жасауға бағытталған ұйымдастырушылық шараларда тікелей көрінеді.

Осылай, барлық сот ісін жүргізу жағдайларында кеңесу бөлмесінің құпиясы қамтамасыз етіледі. Сот ісін жүргізудің қарастырылған тәртібіне қарамастан берілген сот істері бойынша, сондай-ақ соттың құзыретіне жатпайтын мәселелер бойынша өтініштерді сот қараусыз қалдыруға немесе тиісті органдарға жіберуге міндеттілігі белгіленген. Судьяға сыбайлас жемқорлықтың кез келген көріністеріне және сот төрелігін жүзеге асыру жөніндегі қызметіне заңсыз араласу әрекеттеріне қарсы тұру міндеті жүктеледі.

3.1) Адамның кiнәлi екендiгi заңды күшiне енген сот үкiмiмен танылғанша ол жасалған қылмысқа кiнәлi емес деп есептеледi. Бұл Азаматтық және саяси құқықтар туралы халықаралық пактте жарияланған негізге алынатын принциптердің бірі:

«қылмыстық iс бойынша айыпталған әрбiр адам, кiнәсi заң бойынша дәлелденгенге дейiн, кiнәсiз деп есептелуге құқылы» (14-баптың 2-тармағы).

Кінәсіздік презумпциясы (кінәсіздікті болжау) принципі әрбір адам, оның қылмыс жасағанының кінәсі қарастырылған тәртіппен дәлелденіп, заң күшіне енген сот үкімімен белгіленгенше кінәсіз болып есептелетінін білдіреді (ҚІЖК-нің 19-бабы). Адамның қылмыс жасағанының кінәсі сотта дәлелденіп, тиісті үкім заң күшіне енгенге дейін адамның кінәлілігі туралы ойлар мен пікірлерді, оның ішінде бұқаралық ақпарат құралдарында да айтуға жол берілмейді.

Сот ісін жүргізудің осы принципінің ерекшелігі оның соттық құқық қолдануының өзге де: айыпталушы өзiнiң кiнәсiздiгiн дәлелдеуге мiндеттi емес  (77-баптың 3-тармағының 6) тармақшасы) және адамның кiнәлi екендiгi жөнiндегi кез келген күдiк айыпталушының пайдасына қарастырылады (77-баптың 3-тармағының 8) тармақшасы) деген сияқты конституциялық принциптермен өзара байланысы болып табылады.

Айыптау үкімі болжауларға негізделе алмайды және егер сот талқылауы барысында сотталушының қылмыс жасағанының кінәсі дәлелденген кезде қабылданады. Кінәсіздік презумпциясы айыптау бағытын оның көрінуінің барлық нысандарында қабылдамай, айыптыны кінәсіздігін дәлелдеуден босатады. Адамның қылмыс жасағандығының кінәсін дәлелдеу міндеті заңда айыптаушыға жүктелген.

Кінәсіздік презумпциясын қолдану сот төрелігі саласымен шектелмей, қылмыстық іс жүргізудің барлық сатыларына және оның барлық қатысушыларына таралатынын атап өткен жөн.

3.2)        Бiр құқық бұзушылық үшiн ешкiмдi де қайтадан қылмыстық немесе әкiмшiлiк жауапқа тартуға болмайды деген конституциялық ереже салалық заңнама- да қисынды дамуын тапты. Сол бір қылмыс үшін қайта соттау және қылмыстық қуғындауға болмайды (ҚІЖК-нің 20-бабы), ешкімге сол бір құқық бұзушылық үшін екі рет әкімшілік шара қолдануға болмайды (ӘКБтК-нің 14-бабы).

«Ешкiм де, егер жасаған қылмысы үшiн әрбiр елдiң заңы мен қылмыстық iс жүргiзу құқығына сәйкес кезiнде үзiлдi-кесiлдi сотталып немесе ақталған бол- са, онда осы қылмысы үшiн екiншi рет сотталуға немесе жазалануға тиiс емес» – Азаматтық және саяси құқықтар туралы пактте осылай мәлімделген (14-баптың 7-тармағы).

Қазақстанда сот төрелігінің осы принциптерінің әкімшілік-құқықтық қатынастар саласында қолданылып, сот практикасында ескерілетін заңнамалық көрінуінің кейбір ерекшеліктері бар. Мысалы, жазаны тағайындау кезінде жасалған қылмыстың сол бір мән-жайларын қайта есептеуге болмайды. Осы мақсатта, егер ауырлататын мән-жайлар Қылмыстық кодекстің Ерекше бөлігінің тиісті бабында қылмыс белгісі ретінде қарастырылса, онда ол жауапкершілік пен жазаны ауырлататын мән-жай ретінде қайта есептелінбейді (ҚК-нің 54-бабының 2-бөлігі).

3.3)        Өзiне заңмен көзделген соттылығын оның келiсiмiнсiз ешкiмнiң өзгертуiне болмайды. Соттылық (белгілі бір соттың қарауына жатқызылған істердің тобы), сондай-ақ соттылықты белгілеу ережелері іс жүргізу заңнамасында белгіленеді, алайда ісін сот қарап жатқан адамның келісімі болғанда оны өзгертуге болады.

Конституциялық Кеңестің 1999 жылғы 6 наурыздағы №3 қаулысында көр- сетілгендей, іс жүргізу заңнамасында істердің түрлі санаттары үшін соттылықты белгілеу істердің спецификалық ерекшелігін, қиындығын, қоғамдық маңыздылығын, оларды жылдам әрі тиімді шешімдердің қамтамасыз ету қажеттілігін ескереді. Қылмыстық іс жүргізу немесе Азаматтық іс жүргізу кодекстерінде көзделген істердің соттылығын өзгертуге осы конституциялық ереженің негізінде іс бой- ынша тараптардың келісімінсіз жол берілмейді. Бұл жағдай конституциялық нормаларды тікелей қолдануды және олардың басымдығын белгілейтін Конституцияның мазмұнынан туындайды, демек, адамға және оның ісіне ол үшін заңда қарастырылғанға сәйкес келмейтін соттылықты оған оның келісімі болмағанда белгілеуді конституциялық норманы бұзу деп қарау қажет.

Ісін соттылығы заңда белгіленген сотта қарауға адамның құқығын тану сотта қорғау мен сот төрелігіне кедергісіз қол жеткізу құқығын ғана білдірмейді, сонымен бірге әркімнің заң мен сот алдындағы теңдігінің бір көрінісі болып табылады.

3.4) Сотта әркiмнің өз сөзiн тыңдатуға құқығының болуы олардың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғаудың қажетті кепілдігі болып табылады.

Сотта әркiмнің өз сөзiн тыңдатуға құқығы сот ісін жүргізуде іс бойынша шындықты анықтау және, соңында, негізді сот шешімін қабылдау үшін оған қатысушыларға тең мүмкіндіктер беру негізінде тиімді жағдайлар жасалатындықтан, сот ісін жүргізуді тараптардың жарыспалылығы мен теңдігі негізінде жүзеге асырумен белгіленген.

Іс жүргізу  заңнамасы  істің  мән-жайларын  толық  және  объективті  зерделеуге тараптардың құқықтары мен міндеттерін іске асыру үшін қажетті жағдайларды жасауға, іске қатысушы адамдарға олардың құқықтары мен міндеттерін түсіндіруге, іс жүргізу әрекеттерін жасау салдары туралы ескертуге, ал заңда көзделген жекелеген жағдайларда оларға құқықтарын жүзеге асыруға көмек көрсетуге сотты міндеттейді.

Осы конститтуциялық норманы іске асыруға, атап айтқанда, сот ісін жүргізу тілін қамтамасыз ету туралы заң талабы бағытталған, ол бойынша іс жүргізуге қа- тысатын адамдардың ана тілінде немесе басқа тілде сөйлеуіне, істің материалдарын тегін аударуға және аудармашының қызметін ақысыз пайдалануға құқығы бар.

Сот ісін жүргізуге қатысушыларға өздерінің ұстанымдарын қорғауға тең мүмкіндіктер берілген, ал сот шешімі зерделеуге тараптардың әрқайсысы тең негізде қатысқан дәлелдемелерге ғана негізделуге тиіс.

3.5) Жауапкершiлiктi белгiлейтiн немесе күшейтетiн, азаматтарға жаңа мiндеттемелер жүктейтiн немесе олардың жағдайын нашарлататын заңдардың керi күшi болмайды. Егер құқық бұзушылық жасалғаннан кейiн ол үшiн жауапкершiлiк заңмен алынып тасталса немесе жеңiлдетiлсе, жаңа заң қолданылады.

Осы конституциялық норманың мазмұны Азаматтық және саяси құқықтар туралы халықаралық пактке (15-бап) сәйкес келеді. Оның мағынасын түсіндіруді Конституциялық Кеңес 1999 жылғы 10 наурыздағы «Қазақстан Республикасы Конституциясы 14-бабының 1 және 2-тармақтарына, 24-бабының 2-тармағына, 77-бабы 3-тармағының 5) тармақшасына ресми түсіндірме беру туралы» № 2/2 қаулысында түсіндірген. Азаматтардың құқық бұзушылықтар үшін заңдық жауапкершілігін реттейтін және жауапкершіліктің жаңа түрлерін не жаңа санкциялар енгізу арқылы оны күшейтетін заңдардың кері күші болмайды. Керісінше, жауапкершіліктің күшін жоятын немесе оны жеңілдететін заңның кері күші болады. Заңдарды қабылдау кезінде Парламент кері күші болатын құқықтық нормаларды белгілеуге құқылы.

Сондай-ақ іс жүргізуге қатысушыларға жаңа міндеттерді жүктейтін, олардың құқықтарының күштерін жоятын немесе оларға кедергі жасайтын, оларды пайдалануды қосымша ережелермен шектейтін қылмыстық іс жүргізу заңының кері күші болмайды (ҚІЖК-нің 5-бабының 2-тармағы). Адамның іс жүргізу құқықтарын белгілейтін немесе кеңейтетін заңға кері күш беру мәселелері түсініктеме беріліп отырған конституциялық нормада реттелмейді.

Нормативтік құқықтық актілер туралы Заңға сәйкес, нормативтiк құқықтық актiнiң күшi оны күшiне енгiзгенге дейiн пайда болған қатынастарға қолданылмайды (37-бап). Нормативтiк құқықтық актiнiң немесе оның бiр бөлiгiнiң керi күшi оның өзiнде немесе нормативтiк құқықтық актiнi күшiне енгiзу туралы актiде көзделген, сондай-ақ кейiнгiсi бұрын көзделген құқық бұзушылық үшiн жауапкершiлiктi жоя- тын немесе жұмсартатын жағдайлар оған кiрмейдi.

3.6)        «Айыпталушы өзiнiң кiнәсiздiгiн дәлелдеуге мiндеттi емес» деген конституциялық ережені іске асыру кепілдіктері, біріншіден, тағылған айыпты дәлелдеу міндеті айыптаушыға жүктелетіндігі болып табылады. Сот іс жүргізуінде әрбір қылмыстық істі қарау кезінде айыптау тарабы мемлекеттік немесе жеке айыптаушы түрінде болуға міндетті.

Екіншіден, қылмыстық істі қараушы сот объективтілік пен бейтараптылықты сақтай отырып, айыптау мен қорғау тараптарына істің мән-жайларын жан-жақты және толық зерделеуге өздерінің құқықтарын іске асыру үшін оңтайлы жағдайлар жасауға тиіс. Сонымен бірге сот көрсетілген тараптардың пікіріне тәуелді болмайды және өзінің бастамасымен іс бойынша шындықты анықтау үшін қажетті шаралар қабылдауға құқылы.

3.7) Ешкiм өзiне-өзi, жұбайына (зайыбына) және заңмен белгiленген шектегi жақын туыстарына қарсы айғақ беруге мiндеттi емес. Осы норма әрбiр адамның өзiне тағылған кез келген қылмыстық айыптауды қарау кезiнде өз-өзiне қарсы көрсетпе беруге немесе өзiн-өзi кiнәлi деп мойындауға мәжбүрленбеуiне құқығын белгілейтін (14- баптың 3-тармағы) Азаматтық және саяси құқықтар туралы пактке сәйкес келеді.

Куә ретінде жауап беру міндетінен босату тәртібін реттеу ҚР ҚІЖК-інде жүзеге асырылған. Іс жүргізу субъектілерінің құқықтылығының сипаттамасы қаралып отырған конституциялық норманың мазмұнына сәйкес келеді. Онда, атап айтқанда, іс жүргізуге қатысушылар өзiне-өзi, жұбайына (зайыбына) және жақын туыстарына қарсы айғақ беруден бас тартуға құқылы, олар осы негіздеме бойынша қандай да бір жауапкершілікке тартылмайды деп нақтыланады.

Жақын туыстарға жататын адамдар тобына келетін болсақ, оларға қылмыстық іс жүргізу заңнамасына сәйкес, тікелей туыстар: ата-анасы, балалары, асырап алушылар, асыралып алынғандар, бір әке, бір шешеден туған және әкесі немесе шешесі бөлек аға-інілері мен апа-қарындастары (сіңілілері), атасы, әжесі, немересі жатады.

«Дiни қызметшiлер өздерiне сенiп сырын ашқандарға қарсы куәгер болуға мiндеттi емес» деген конституциялық норма діни тиесілігі бойынша діни қызметшілерге сенім білдіріп, сырын ашуда қылмыс (құқық бұзушылық) жасағаны немесе соған қатыстылығы туралы айтқан адамдардың заңды мүдделерін қорғауға бағытталған.

Діни қызметішінің оған сырын ашып, сенім білдірген адамға қарсы куә ретінде жауап беруден бас тарту мүмкіндігі діни қағидаларда мазмұндалған қоғамдық мораль мен жалпы адамгершілік құндылық нормаларының мызғымас беріктігін заң шығарушының тануының куәлігі болып табылады.

3.8) Айыптау үкімі болжауларға негізделмеуге және шынайы дәлелдемелердің жиынтығымен расталуға тиіс. Бұл ретте айыпталушының кінәлілігіне жойылмайтын күдіктер оның пайдасына түсіндірілуге тиіс. Сондай-ақ қылмыстық және қылмыстық іс жүргізу заңнамасын қолдану кезінде туындайтын күдіктер де айыпталушының пайдасына шешілуге тиіс. Басқаша айтқанда, егер сотталушыны қорғаудың барлық уәждері тексеріліп, бағаланбаса, оның кінәлілігінің барлық күдіктері жойылмаса, сот болжауларға негізделген айыптау үкімін шығаруға құқылы емес. Оның үстіне, егер қабылданған шаралар күдікті жоймаса, онда олар сотталушының пайдасына түсіндіріледі.

Кез келген күдікті айыпталушының пайдасына түсіндіру туралы қылмыстық іс жүргізу заңнамасының нормасы қылмыстық іс жүргізуді жүргізетін орган ол үшін заңда қарастырылған шараларды қабылдағаннан кейін жойылмаған күдіктерге ғана қатысты болады. Қосымша дәлелдемелерді жинаудың барлық әдістері толық қолданылғанда, ал іс бойынша жиналған дәлелдемелер адамның кәнілілігі немесе кінәсіздігі туралы бір тұжырым жасауға мүмкіндік бермейтін жағдайларда күдіктер жойылмайтын болып танылады.

3.9) Заңсыз тәсiлмен алынған айғақтардың заңды күшi болмайды. Егер дәлелдемелерді жинау кезінде Конституциямен кепілдік берілген адам мен азаматтың құқықтары немесе іс жүргізу заңымен белгіленген оларды жинау мен бекітудің тәртібі, сондай-ақ егер дәлелдемелерді жинау мен бекітуді тиесілі емес орган (немесе адам) жүзеге асырса, не олар іс жүргізу нормаларымен қарастырылмаған іс- әрекеттер нәтижесінде алынса, олардың заңдық күші болмайды.

Заңды тәсілмен алынған нақты деректер іс бойынша дәлелдемелер болып табылады, олардың негізінде сот істі дұрыс шешу үшін маңызы бар мән-жайлардың бар-жоғын анықтайды (толығырақ АІЖК-нің 64-бабының 1-тармағында, ҚІЖК-нің 115-бабының 1-тармағында, ӘҚБтК-нің 604-бабының 1–2-тармақтарында). Нақты деректер жол берілмейтін дәлелдемелер ретінде танылатын жағдайлардың тізбесі іс жүргізу заңдарында белгіленеді (АІЖК-нің 69-бабы, ҚІЖК-нің 116-бабы, ӘҚБтК- нің 604-бабының 3-тармағы).

Ешкiм өзiнiң жеке мойындауы негiзiнде ғана сотталуға тиiс емес деген конституциялық норма, егер адамның өзінің кінәсін жеке мойындауы іс бойынша жиналған дәлелдемелердің жиынтығымен расталатын қылмысты жасаудың нақты мән-жайлары туралы мәліметтерді қамтымаса, оның өзінің кінәсін жеке мойындауы соттың айыптау үкімінің негізі бола алмайтындығын білдіреді.

3.10)      Қылмыстық заңды ұқсастығына қарай қолдануға жол берiлмейдi деген сот төрелігінің конституциялық принципіне түсініктеме бере отырып, заң ұқсастығы – бұл мазмұны бойынша ұқсас құқықтық қатынастарды реттейтін құқық нормаларын пайдалану арқылы жүзеге асырылатын құқық қолдану процесінде анықталған құқықтағы кемістіктерді еңсеру тәсілдерінің бірі болып табылатындығын еске түсіру қажет.

Заң ұқсастығы, құқық ұқсастығы сияқты қоғамдық қатынастардың азаматтық-құқықтық салаларында болуы мүмкін. Даулы құқықтық қатынастарды реттейтін құқық нормалары болмаған кезде, сот ұқсас қатынастарды реттейтін құқық нормаларын қолданады, ал осындай нормалар болмаған кезде оларды азаматтық заңнаманың жалпы бастаулары мен мағынасына сүйеніп шешеді (АІЖК-нің 6-бабының 5-тармағы).

Қылмыстық заңнамада кемістіктерді еңсеруге жол берілмейді, демек, Қылмыстық кодексте қылмыстық ретінде көрсетілген әрекет қана осындай болып есептелуі мүмкін. Қылмыстық кодексті ұқсастық бойынша пайдалануға тыйым салу қылмыс ұғымының мазмұнына байланысты, онда назар қылмыстық заңмен тыйым салынған әрекеттің қоғамдық қауіптілігіне аударылады. Қоғамдық қатынастарды реттеудің қылмыстық-құқықтық саласындағы кемістіктерді толықтыру заң шығармашылығы нысанында ғана, яғни заң қабылдау арқылы, сондай-ақ белгіленген тәртіпте оған кейін өзгерістер мен толықтыруларды енгізу арқылы болуы мүмкін.

4. Қолданылып жүрген Конституцияда бекітілген сот төрелігінің негізге алынатын принциптері сот органдарын ұйымдастырудың және олардың қызметінің ең жалпы заңдылықтарын белгілейді. Бір уақытта олар адам мен азаматтың құқықтық мәртебесін анықтайтын, сондай-ақ мемлекеттік билікке ие болған органдар мен адамдардың қызмет етуінің негізгі құқықтық бастауларымен сипатталатын принциптермен тығыз байланысты болады. Сот төрелігі принциптері мазмұнының ерекшелігіне орай бірыңғай жүйе құрып, бір-бірімен ажырамас байланыста әрекет етеді, сондықтан сот төрелігі принциптерінің бірін іске асыру көп жағдайда басқасын орындаудын кепілі болып табылады немесе оның әрекеті өзге де принциптердің болуына байланысты болды.

Сот төрелігі принциптерін іске асыру сот ісін жүргізудің қолданылатын нысандарына байланысты болады, оларға конституциялық мәртебе беру халықаралық құқықтың жалпыға бірдей танылған нормалары ескеріліп, реттелетін қоғамдық қатынастар салаларының маныздылығына негізделіп жүзеге асырылған.


Қазақстан Республикасы Конституциясының ғылыми-практикалық түсіндірмесінен үзінді

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға