Жаңалықтар

ҚР Конституциясының 71-бабына түсіндірме

ҚР Конституциясы, 71-бап
25.09.2015 05:21 8577

ҚР Конституциясының 71-бабына түсіндірме

ҚР Конституциясы, 71-бап

1. Қазақстан Республикасының Конституциялық Кеңесi жетi мүшеден тұрады, олардың өкiлеттiгi алты жылға созылады. Республиканың экс- Президенттерi құқығы бойынша ғұмыр бойы Конституциялық Кеңестiң мүшелерi болып табылады.

2. Конституциялық Кеңестiң Төрағасын Республиканың Президентi тағайындайды және дауыс тең бөлiнген жағдайда оның даусы шешушi бо- лып табылады.

3. Конституциялық Кеңестің екі мүшесін – Республика Президенті, екі- екі мүшеден тиісінше Сенат пен Мәжіліс тағайындайды.

Конституциялық Кеңес мүшелерінің жартысы әрбір үш жыл сайын жаңартылып отырады.

4. Конституциялық Кеңестiң Төрағасы мен мүшесiнiң қызметi депутаттық мандатпен, оқытушылық, ғылыми немесе өзге шығармашылық қызметтердi қоспағанда, өзге да ақы төленетiн жұмысты атқарумен, кәсiпкерлiкпен айналысумен, коммерциялық ұйымның басшы органының немесе байқаушы кеңесiнiң құрамына кiрумен сыйыспайды.

5. Конституциялық Кеңестiң Төрағасы мен мүшелерiн өздерiнiң өкiлеттiгi  мерзiмi  iшiнде  тұтқынға  алуға,  күштеп  әкелуге,  оған  сот  тәртiбiмен белгiленетiн әкiмшiлiк жазалау шараларын қолдануға, қылмыс үстiнде ұсталған немесе ауыр қылмыстар жасаған реттердi қоспағанда, Парламенттiң келiсiмiнсiз қылмыстық жауапқа тартуға болмайды.

6. Конституциялық Кеңестiң ұйымдастырылуы мен қызметi кон- ституциялық заңмен реттеледi.

Конституциялық Кеңес туралы Конституциялық заңның 1-бабының 1-тар- мағына сәйкес Конституциялық Кеңестің негізгі функциясы Республиканың бүкіл аумағында Конституцияның үстемдігін қамтамасыз ету. Конституциялық Кеңес тек Конституция мен Конституциялық заңды басшылыққа ала отырып, соттардың немесе басқа мемлекеттiк органдардың құзыретiне жататын барлық жағдайларда өзге мәселелердi анықтау мен зерттеуге бармай-ақ өз өкiлеттiгiн жүзеге асырады. Осыған байланысты мәні бойынша өз құзыретіне кірмейтін өтініштер келіп түскен жағдайда Конституциялық Кеңес конституциялық өндіріске қабылдаудан бас тар- тады. Конституция мен Конституциялық заңнан басқа актілердің Конституциялық Кеңес құрамы үшін көрінеу міндетті күші жоқ.

Конституциялық Кеңестің қызметі мемлекеттік бақылаудың жоғары нысаны ретінде сипатталады және конституциялық құрылыстың негіздерін, адамның және азаматтың конституциялық құқықтары мен бостандықтарын қорғауға, мемлекеттік биліктің түрлі тармақтарына қатысты тежемелiк әрi тепе-теңдiк әрекеттердің құқықтық нысандарын қамтамасыз етуге бағытталған (Конституциялық Кеңестің құзыреті туралы 72-бапқа түсіндірмеден қараңыз).

1. Конституциялық Кеңес – жеті мүшеден, соның ішінде Төрағадан тұратын алқалы орган. Олардың өкілеттіктерінің мерзімі алты жыл. Конституциялық Кеңестің қызметінде алқалықтың тұжырымдамалық маңызы өте зор. Конституциялық Кеңес өтініштерді қарайды және өз шешімін алқалы түрде – отырысқа қатысқан Кеңес мүшелерінің жалпы санынан көпшілік дауыспен қабылдайды. Отырыс, егер оған Конституциялық Кеңес құрамының кемiнде үштен екiсi қатысса, құқылы болады.

Конституциялық заңмен олардың өкілеттік ету мерзімі ішінде Конституция- лық Кеңес Төрағасы мен мүшелерінің ауыстырылмайтындығына кепілдік беріледі. Шығып қалған немесе қызметте болу мерзiмi аяқталған жағдайда Конституциялық Кеңестiң Төрағасы мен мүшелерi шығып қалған күннен немесе осы лауазымдарда болу мерзімі аяқталған күннен бастап бір айдың ішінде Конституцияда және Конституциялық заңда белгiленген тәртiппен тағайындалады. Конституциялық Кеңес Төрағасы мен мүшелерінің өкілеттік мерзімі Конституциялық заңның 14 және 15-баптарында белгіленген жағдайларда тоқтатыла тұруы не мерзімінен бұрын тоқтатылуы мүмкін.

Конституциялық заңның 14-бабына сәйкес Конституциялық Кеңес Төраға- сының немесе мүшесiнiң өкiлеттiгiн Конституциялық Кеңестiң өтiнiшi бойынша оны тағайындаған адам, мынадай жағдайларда егер ол: дәлелдi себептерсiз кемiнде қатарынан үш рет Конституциялық Кеңестiң отырыстарына қатыспаса; денсаулық жағдайына байланысты ұзақ уақыт бойы өз мiндеттерiн орындай алмаса; заңды күшiне енген сот шешiмi бойынша хабар-ошарсыз жоқ болған деп танылса, тоқтата тұруы мүмкiн. Конституциялық Кеңес Төрағасының, мүшесiнiң өкiлеттiгi сол сияқты, егер заңда белгiленген тәртiппен оны қамауға алуға, әкiмшiлiк немесе қылмыстық жауапқа тартуға, сотта медициналық сипаттағы мәжбүрлеу шараларын қолдану, iс-әрекетке қабiлетсiз немесе iс-әрекетке қабiлетi шектеулi деп тану ту- ралы тиiстi шағым қозғауға келiсiм берiлген жағдайда тоқтатыла тұруы мүмкiн. Өкiлеттiгiн тоқтата тұру туралы шешiм өкiлеттiктi тоқтатуға негiздер байқалған күннен бастап бiр айдан кешiктiрiлмей қабылданады және оларды тоқтата тұруға негiздер дәйексiз болып қалғанға дейiн тоқтатыла тұрады.

Конституциялық заңның 15-бабына сәйкес Конституциялық Кеңес Төра- ғасының өкiлеттiгiн Республика Президентi, ал Кеңес мүшесiнiң өкiлеттiгiн оны тағайындаған Қазақстан Республикасының Президенті, Парламент Сенаты, Парламент Мәжілісі тоқтатады. Төрағаның, мүшесiнiң өкiлеттiгi: орнынан түсуi туралы өтiнiшiнiң қанағаттандырылуы; Жоғарғы соттың ол жөнiнде заңды күшiне енген айыптау үкiмiнiң болуы; заңды күшiне енген сот шешiмiмен оның iс-әрекетке қабiлетсiз деп танылуы; заңды күшiне енген сот шешiмiмен оның өлген деп танылуы; оның қайтыс болуы; антты бұзуы, Республика Конституциясы мен осы Конституциялық заңның талаптарын орындамауы, оның жоғары мәртебесiмен сыйыспайтын атына кiр келтiретiн қылық жасауы; Конституция мен осы Конституциялық заңда белгiленген  талаптар  бұзыла  отырып  тағайындалуы;  қызметте  болуының  Конституцияда белгiленген мерзiмiнiң аяқталуы; саяси мақсаттарды көздейтiн саяси партияға немесе өзге де қоғамдық бiрлестiкке кiруi нәтижесiнде тоқтатылады.

Бұдан басқа, Конституциялық заңның 10-бабының 2-тармағының талаптары бұзылған жағдайда, яғни қызметi депутаттық мандатпен, оқытушылық, ғылыми немесе өзге шығармашылық қызметтердi қоспағанда, өзге де ақы төленетiн жұмысты атқарумен, кәсiпкерлiк қызметтi жүзеге асырумен, коммерциялық ұйымның басшы органының немесе байқаушы кеңесiнiң құрамына кiрумен сыйыспайтын ұстаным сақталмаған жағдайда да Конституциялық Кеңес төрағасы мен мүшесінің өкілеттігі тоқтатылуы мүмкін.

Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы және экс-Пре- зиденттерi құқығы бойынша ғұмыр бойы Конституциялық Кеңестiң мүшелерi болып табылады. 47-баптың 2-тармағына сәйкес Республиканың бұрынғы Президенттерiнiң бәрiнiң, қызметiнен кетiрiлгендерден басқасының, Қазақстан Республикасының экс-Президентi деген атағы болады (Конституцияның 42-бабының 3-тармағы).

Конституциялық заңның 4-бабына сәйкес конституциялық Кеңес мүшелеріне кандидаттарға қойылатын жас, кәсіби және басқа да талаптар белгіленген. Мәселен, Конституциялық Кеңестiң құрамына отыз жасқа толған, Республика аумағында тұратын, жоғары заң бiлiмi, заң мамандығы бойынша кемiнде бес жыл жұмыс стажы бар Республика азаматы тағайындала алады. Көрсетілген талаптар Республиканың экс-Президенттерiне қолданылмайды.

Жұмыс басталғаннан бастап қазіргі кезге дейін Конституциялық Кеңестің құ- рамында біліктілігі жоғары 22 заңгер болды, оның ішінде ҚР ҰҒА корреспондент мүшесі (1), заң ғылымдарының докторы (7) және кандидаттары (8), сондай-ақ Президент Әкімшілігінде, сот жүйесінде, прокуратура және әділет органдарында қызмет еткен.

2. Конституцияның 71-бабының 2 және 3-тармақтарында белгіленген Конституциялық Кеңестің Төрағасы мен мүшелерін тағайындау тәртібі Конституциялық Кеңес құрамының тәуелсіздігіне кепілдік болып табылады. Конституциялық кеңес Төрағасы мен екі мүшесін тағайындаған кезде Президент тиісті жарлық шығарады.

Конституциялық Кеңес мүшелерiнiң дауыстары тепе-тең бөлiнген болса, Төрағаның даусы шешушi дауыс болып табылады. Конституциялық Кеңестің Төрағасы барлық жағдайларда өз даусын ең соңында бередi. Конституциялық Кеңес Төрағасының шешуші дауыс құқығы Конституциялық Кеңес Төрағасын Кеңес мүшесі ауыстырған жағдайда қолданылмайды. Бұл жағдайда Конституциялық Кеңес Төрағасының немесе бастапқы дауыс беруге қатыспаған мүшесiнiң қатысуымен қайтадан дауыс беру өткiзiледi (Конституциялық заңның 33-бабының 3-тармағы). Заң Кеңес мүшелерінің дауыс беруге қатысуға міндеттілігін белгілейді (Конституциялық заңның 33-бабының 4-тармағы).

Конституциялық Кеңестің барлық мүшелері үшін ортақ функциялардан бас- қа, Төраға Парламент Палаталарының бірлескен отырысында Республикадағы конституциялық заңдылықтың жай-күйі туралы Конституциялық Кеңестің жолдауын жария етеді. Оған кейбір жедел функциялар берілген. Мәселен, Республика Президентінің талап етуі бойынша оған елдегі конституциялық заңдылықтың жай-күйі туралы ақпарат береді, үндеудегі мәселелердің қаралу дайындығына басшылық жасайды, отырысты шақырады, Кеңес мүшелерінің арасында міндеттерді бөледі, Конституциялық Кеңестің жұмыс регламентін бекітуге ұсынады, аппаратқа жалпы басшылықты жүзеге асырады, Конституциялық Кеңес отырыстарының шешімдері мен хаттамаларына қол қояды.

Қазақстанның конституциялық тәжірибесінде Конституциялық Кеңестің Төрағасы мен мүшелерінің лауазымына мемлекеттік-құқықтық институттар жүйесінде конституциялық бақылау органының рөліне сәйкес келетін мән беріледі. Мәселен, Конституциялық Кеңестің Төрағасы мен мүшелері жаңадан сайланған Қазақстан Республикасының Президенті халыққа ант берген кезде қатысады (Конституцияның 42-бабының 2-тармағын қараңыз).

«Қазақстан    Республикасының    Мемлекеттік    хаттамасын    бекіту    тура- лы»  Қазақстан  Республикасы  Президентінің  2006  жылғы  12  қазандағы  №  201

Жарлығына сәйкес салтанатты рәсім басталар алдында Конституциялық Кеңестің Төрағасы Конституцияның 42-бабына сәйкес Президент Қазақстан Республикасына ант қабылдаған сәттен бастап лауазымға кірісетінін хабарлайды Сонымен бірге Конституциялық Кеңестің Төрағасы мен мүшелері Парламент Палаталарының жаңадан сайланған депутаттары Президентке ант қабылдаған кезде қатысады (Парламент және оның депутаттарының мәртебесі туралы Конституциялық заңның 24-бабы).

3. 2007 жылғы конституциялық реформалар барысында Демократиялық ре- формалар бағдарламасын әзірлеу және нақтылау жөніндегі мемлекеттік комиссияның ұсынымы бойынша Конституциялық Кеңесті қалыптастыру тәртібі өзгерді. Конституцияның 71-бабы 3-тармағының жаңа редакциясына сәйкес Республика Президенті, Парламент Сенаты мен Мәжілісі Конституциялық Кеңестің екі мүше- сін тағайындайды. Осылайша, Конституциялық Кеңестің құрамы Конституцияның кепілдігі – Мемлекет басшысының, сондай-ақ – Парламент Палаталарының қатысуымен қалыптасады.

Парламент   Палаталарының   Конституциялық   Кеңес   мүшелерін   ұсынуы және тағайындау тәртібі Парламент және оның депутаттарының мәртебесі туралы Конституциялық заңмен реттеледі. Парламент Палаталарының Төрағалары Палаталарға Конституциялық Кеңестің мүшелігіне қызметке тағайындау үшін кандидатуралар ұсынады. Қызметке тағайындау Палатаның отырысында жүзеге асырылады. Қызметке тағайындау үшін Палатаға ұсынылған кандидатуралар осы мәселе Палатаның отырысында қаралғанға дейін салалық комитеттің отырысында талқылануға тиіс. Кандидатураларды қарау қорытындылары бойынша комитет әрбір талқыланған кандидатура жөнінде қорытынды жасап, ол Палата отырысында жария етіледі. Тиісті Палатаның отырысында кандидатқа және кандидатты таныстырған адамға сұрақтар қойылып, депутаттар ұсынылған кандидатураны «жақтап» немесе «қарсы» пікір білдіруі мүмкін. Ұсынылған кандидатура бойынша, егер депутаттар мұны талап етпесе, жарыссөз ашылмауы мүмкін. Егер Парламенттің тиісті Палатасы ұсынылған кандидатуралар бойынша қызметке тағайындау туралы шешім қабылдамаса, Төраға тиісті Палатаға сол адамдарға немесе жаңа кандидатураларға жазбаша ұсынымдар енгізеді. Парламент Мәжілісі мен Сенаты Конституциялық Кеңес мүшесі қызметіне тағайындау туралы шешімдерді Парламенттің тиісті Палатасы депутаттарының жалпы санының көпшілік даусымен қабылдайды. Шешім ашық дауыс беру арқылы қабылданады (егер Палата дауыс берудің өзге тәртібін белгілемесе), ол тиісті Палатының қаулыларымен ресімделеді. Егер Конституциялық Кеңес мүшесі қызметіне тағайындау үшін Палата Төрағасы ұсынған кандидатуралар қабылданбаса, тиісті Палатаның шешімінде қабылдамаудың жан-жақты дәлелі мазмұндалуға тиіс (Парламент және оның депутаттарының мәртебесі туралы Конституциялық заңының 9-бабы 5-тармағының 6) тармақшасын, 23-1-бабын қараңыздар).

Конституциялық Кеңестiң Төрағасы мен мүшелерiнен олар тағайындалғаннан кейiн Парламент Палаталарының бiрлескен отырысында салтанатты жағдайда Республика Президентi мынадай мазмұнда ант қабылдайды: «Өзiме жүктелген Қазақстан Республикасы Конституциялық Кеңесiнiң Төрағасы (мүшесi) мiндетiн адал атқаруға, әдiл болуға және басқа ешкiмге, еш нәрсеге емес, тек Қазақстан Республикасының Конституциясына ғана бағынуға салтанатты түрде ант етемiн». Ант беру рәсімі осы органның ерекше мәртебесін, оның азаматтық және кәсіби жауапкершілігінің өте жоғары екендігін көрсетеді.

Конституция талаптарының бірі Конституциялық Кеңес мүшелерінің жар- тысын әр үш жыл сайын жаңарту болып табылады. Бұл конституциялық ереже Конституциялық Кеңестің қызметінде жалғасымдылықты қамтамасыз ету үшін қажет. Конституциялық Кеңес жұмыс істеген жылдарда оның мүшелерінің құрамы төрт мәрте жаңарды.

4. Конституциялық Кеңестің Төрағасы мен мүшелері «Мемлекеттік саяси қызметшілер лауазымдарының тізілімін және мемлекеттік саяси қызметшілерге тәртіптік жаза қолдану ережесін бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Президентінің 1999 жылғы 29 желтоқсандағы № 317 Жарлығымен бекітілген Мем- лекеттік саяси қызметшілер лауазымдарының тізіліміне сәйкес саяси қызметшілерге жатқызылған.

Кеңес Төрағасы мен мүшелерінің құқықтық мәртебесінің негізі оны құрайтын мазмұнды айқындайтын олардың тәуелсіздігі болып табылады. Конституциялық Кеңес Төрағасы мен мүшесі лауазымдарының өкілетті органның депутаттық мандатымен сәйкес келмеуі, оларға оқытушылық, ғылыми немесе өзге шығармашылық қызметтердi қоспағанда, өзге де ақы төленетiн жұмысты атқаруға, кәсiпкерлiк қызметтi  жүзеге  асыруға,  коммерциялық  ұйымның  басшы  органының  немесе байқаушы кеңесiнiң құрамына кiруге тыйым салу мемлекеттік органдардан, ұйымдардан немесе жекеше мүдделерден Конституциялық Кеңес Төрағасы мен мүшелерінің әділдігі мен тәуелсіздігін қамтамасыз етеді.

Ерекшелік ретінде Кеңес Төрағасы мен мүшелеріне оқытушылық, ғылыми немесе өзге шығармашылық қызметтермен айналысу құқығын беретін конституциялық ережені оның жеке сипатта болуымен және олардың негізгі қызметінен барынша бөлек ғылым, білім, мәдениет, техника, әдебиет және өнер саласында жүзеге асырылатындығымен түсіндіріледі.

5. Конституцияға сәйкес Конституциялық Кеңестің Төрағасы мен мүшелеріне ерекше тәртіппен оларды қылмыстық немесе сот тәртібімен берілетін әкімшілік жауапкершілікке тартуға, қамауға, әкелуге және ұстауға келіп саятын қол сұғылмаушылық қолданылады.

Конституциялық заңның 12-бабының 2-тармағына сәйкес Конституциялық Кеңестiң Төрағасына немесе мүшесiне қатысты қылмыстық iстi анықтау мен тергеудi жүзеге асыратын Республикалық мемлекеттiк органның басшысы ғана қозғай алады. Iстi тергеу барысында заңдылықтың сақталуын қадағалауды Республиканың Бас Прокуроры жүзеге асырады, ол Парламентке Конституциялық Кеңестiң Төрағасын немесе мүшесiн қылмыстық жауапқа тартуға келiсiм беру туралы ұсыныс енгiзедi. Конституциялық Кеңестiң Төрағасына немесе мүшесiне қатысты қылмыстық iстi Республика Жоғарғы Соты қарайды.

Қазақстан Республикасы Конституциялық Кеңесiнiң Төрағасына немесе мү- шесiне қатысты қылмыстық iстi Қазақстан Республикасының анықтау мен алдын ала тергеудi жүзеге асырушы мемлекеттiк органының басшысы ғана қозғай алады. Қылмыстық iстiң қозғалуы туралы дереу Қазақстан Республикасының Бас Прокуроры хабарландырылады. Шұғыл тергеу қимылдарын жүргiзген соң iс қырық сегiз сағаттан кешiктiрiлмей, Қазақстан Республикасының Бас Прокуроры арқылы тергеушiге берiледi. Қазақстан Республикасы Конституциялық Кеңесiнiң Төрағасына немесе мүшесiне қатысты iстер бойынша алдын ала тергеу iсiнiң жүргiзiлуi мiндеттi (ҚІЖК-нің 497-бабы 1-бөлігі). Конституцияның 71-бабының 5-тармағына сәйкес ауыр қылмыс жасалған ретте тұтқынға алуға, күштеп әкелуге, сот тәртібімен белгіленетін әкімшілік жазалау шараларын қолдануға, қылмыстық жауапқа тартуға Парламенттің келісімін алу қажет емес. Қол сұғылмаушылығы Конституциямен баянды етілген, тиісті мемлекеттік органдардың келісімі бұдан бұрын оған қатысты сұралмаған тұлғаның әрекеті ауыр немесе ерекше ауыр қылмыстан ауырлығы жеңілдеу қылмысқа қарай сараланып өзгерген кезде, қол сұғылмаушылықтан айыру тәртібі туралы ережелерді сақтау міндетті деп санау керек.

Қазақстан Республикасы Конституциялық Кеңесiнiң Төрағасын немесе мү- шелерiн әкімшілік жауапкершілікке тарту ерекшеліктері ҚР ӘҚБтК 688-бабымен айқындалады: Қазақстан Республикасы Конституциялық Кеңесiнiң Төрағасын немесе мүшелерiн өз өкiлеттiгi мерзiмi iшiнде Қазақстан Республикасы Парламентiнiң келiсiмiнсiз алып келуге, сот тәртiбiмен қолданатын әкiмшiлiк жаза шараларына тартуға болмайды. Қазақстан Республикасы Конституциялық Кеңесiнiң Төрағасын немесе мүшелерiн сот тәртiбiмен әкiмшiлiк жаза қолдануға әкеп соғатын әкiмшiлiк жауапқа тартуға, алып келуге келiсiм алу үшiн Қазақстан Республикасының Бас прокуроры Қазақстан Республикасының Парламентiне тиiстi ұсыныс енгiзедi. Ұсыныс әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы iс сотқа жiберiлер алдында, Қазақстан Республикасы Конституциялық Кеңесiнiң Төрағасын немесе мүшелерiн әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы iстi қарауға уәкiлеттi сотқа, органға (лауазымды адамға) мәжбүрлеп жеткiзу қажеттiгi туралы мәселенi шешер алдында енгiзiледi. Қазақстан Республикасының Бас прокуроры Қазақстан Республикасы Парламентiнiң шешiмiн алғаннан кейiн iстi одан әрi жүргiзу осы Кодекстiң 643-бабында белгiленген тәртiппен жүргiзiледi.

6. Конституциялық Кеңесті ұйымдастыру және оның қызметі, құрамын қа- лыптастыру тәртібі, Конституциялық Кеңес мүшелігіне кандидаттарға қойылатын талаптар, Төраға мен мүшелерінің мәртебесі, оның қызметінің іс жүргізу негіздері, сондай-ақ оның қорытынды шешімдеріне қатысты мәселелер Конституцияның 71-74 баптарын дамыту жолында Конституциялық Кеңесі туралы Конституциялық заңмен реттеледі.

«Қазақстан Республикасы Конституциясының 52-бабы 4-тармағын, 71-бабы 5-тармағын, 79-бабы 2-тармағын, 83-бабы 3-тармағын және 15-бабы 2-тармағын ресми түсіндіру туралы» Конституциялық Кеңестің 2003 жылғы 30 қаңтардағы № 10 Қаулысы.


Қазақстан Республикасы Конституциясының ғылыми-практикалық түсіндірмесінен үзінді

 

 

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға