Жаңалықтар

Қызылшаға қарсы екпенің маңыздылығы туралы ақпараттандыру шараларын күшейту қолға алынды

Қызылшаға қарсы екпенің маңыздылығы туралы ақпараттандыру шараларын күшейту қолға алынды
Фото: primeminister.kz 04.11.2023 15:23 781

ҚР Премьер-министрінің орынбасары Тамара Дүйсенованың төрағалығымен өткен жиында еліміздегі санитарлық-эпидемиологиялық ахуал талқыланды, деп хабарлайды El.kz  ақпарат агенттігі үкіметтің баспасөз қызметіне сілтеме жасап. 

Ағымдағы жағдай туралы ҚР денсаулық сақтау министрінің орынбасары – ҚР бас мемлекеттік санитарлық дәрігері Айжан Есмағамбетова баяндады. Оның мәлімдеуінше, бүгінде А гепатиті мен қызылша ауруының көбеюі алаңдаушылық туғызып отыр. Тиісті вакцина салдырмай дертке душар болғандар қатары көп. Мәселен, қызылша елдің барлық аймақтарында тіркелген. Ауруды ең көп жұқтырғандар Шымкент пен Алматыда анықталды.

Осы ретте жергілікті атқарушы органдар мен Астана, Алматы және Шымкент қалаларында қызылшаға қарсы қосымша жаппай екпе салу науқанына дайындық шараларын қолға алған жөн, - деді А.Есмағамбетова.

Вице-премьер Тамара Дүйсенова бұған дерттің қауіптілігі туралы халықтың ақпараттандырылмауы себеп болуы мүмкін екенін атап өтті.

Азаматтардың екпеден бас тартуы, жүргізілген насихат жұмыстарының нашар екенін аңғартады. Адам өзіне өзі жау емес. Қауіптің барын білсе, өзін қорғау шараларын қолданады. Денсаулық сақтау министрлігі жергілікті әкімдіктермен бірлесе отырып, бұл бағыттағы жұмысты күшейтуі керек, - деп тапсырды Тамара Дүйсенова.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға