Жаңалықтар

Қызылша эпидемиясы: Баланы аурудан қалай қорғаймыз

Қызылша эпидемиясы: Баланы аурудан қалай қорғаймыз
Фото: dw.com 03.03.2023 14:52 1868

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының деректері бойынша 2022 жылы әлемде қызылшаның 150 мыңнан астам жағдайы тіркелген, деп хабарлайды El.kz ақпараттық агенттігі Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау комитетіне сілтеме жасап.

Биыл сырқаттанушылық таяу шет елдерде – Ресейде, Қырғызстанда, Тәжікстанда, Украинада байқалды. Қазақстанда соңғы 5 жылда қызылшаның 2 эпидемиясы тіркелді: 2015 жылы – 2340 жағдай зертханалық түрде расталды, 2019 жылы – 13326 зертханалық түрде расталды және клиникалық түрде 3545 жағдай расталды. Қазіргі таңда Павлодар облысының аумағында қызылша бойынша эпидемиологиялық жағдай тұрақты, қызылшамен сырқаттану жағдайлары тіркелмеген, 2022 жылы вакцина алмаған балада 1 жағдай тіркелді.

Қызылша – жіті инфекциялық вирустық аса жұқпалы ауру. Қызылшаның қоздырғышы – вирус. Ауа-тамшылы жолмен таралады. Клиникасының ерекшелігі –бөртпе түрінде шығады. Қызылша вирусы ағзаға тыныс алу жолдары арқылы енеді, онда ол көбейіп, қанға енеді. Қанмен вирус әртүрлі органдарға таралады, бадамша бездерге, бауырға, өкпеге, сүйек кемігіне теріс әсер етеді. Қызылша круп (көмей стенозы), қызылша энцефалиті (мидың қабынуы), менингит (ми қабығының қабынуы), пневмония (өкпенің қабынуы) сияқты асқынулармен қауіпті. Кез-келген асқынудан науқас мүгедек болып қалуы немесе қайтыс болуы мүмкін.

Қызылша ЖРА-ға ұқсас белгілерден басталады, олар – температураның көтерілуі, жөтел, мұрыннан су ағу, көзден жас ағу. Бұл жағдай 2-3 күнге созылады, содан кейін ашық қызыл бөртпе пайда болады, бастапқыда бетте, құлақтың артында, содан кейін бүкіл денеге таралады. Қызылша ауруы басқаларға бөртпе пайда болғанға дейін 4 күн және 4 күннен кейін ең жұқпалы болып табылады.

"Қызылшаны емдеу қиын. Қызылшаны емдеуге арналған арнайы препарат жоқ. Антибиотиктер тек қызылшаның асқынуын емдеу үшін ұсынылады. Қызылшаға қарсы вакцинацияны жүргізу мерзімі Ұлттық егу күнтізбесінде 1 жыл және 6 жыл ретінде көрсетілген. Қызылшаға қарсы вакцина 1963 жылы жасалды және осы аурумен күресуде тиімді екендігі дәлелденді. Біздің мемлекетіміз сатып алатын барлық вакциналар ДДҰ талаптарына сәйкес келеді, сапа сертификаты бойынша тексеруден өткен.

Белсенді иммунитетті қалыптастыру мақсатында егу күнтізбесіне сәйкес тірі вакцинамен (ҚКП) жоспарлы вакцинопрофилактика жүргізіледі, балалардың нысаналы топтарын вакцинациямен қамту кемінде 95%-ды құрауы тиіс. Барлық вакцинацияланбаған, яғни қызылшаға қарсы иммунитеті жоқ және ауырмаған адамдар қызылшамен ауыратынын есте ұстау керек.

Бүгінгі таңда өңірде вакцинациядан бас тарту мәселесі өзекті болып қалуда. Вакцинациядан бас тарту арқылы сіз өзіңізді асқынулармен, өліммен аяқталуы ықтимал ауыр сырқаттарға душар етесіз", - делінген Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау комитетінің хабарламасында.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға