Жаңалықтар

Қызылша баланы мүгедек етуі мүмкін – педиатр

Қызылша баланы мүгедек етуі мүмкін – педиатр
Фото: © iStock 11.01.2024 16:01 2462

Қызылша – өте жылдам таралатын инфекциялық ауру. Соңғы кездері елімізде қызылшамен ауырып жатқан балалар саны күрт өсті, тіпті екі бала көз жұмды. Осы орайда EL.kz ақпарат агенттігі білікті педиатр Кәмшат Кибраевамен сұхбаттасып, оның қаупі, салдары мен қорғану жолдарын сұраған еді.

El.kz: Қызылшаның басты белгілері қандай? Оны бірден қызылша екенін анықтай аламыз ба?

Кәмшат Кибраева: Қызылша – қауіпті дерт. Оның алғашқы белгілері – дене қызуының көтерілуі, әлсіздік, қатты бастың ауруы, құрғақ жөтел, жұтынғанда тамақтың ауруы, мұрыннан су ағу, көздің жасаурауы, көздің конъюктивиті, ауыз қуысындағы ұнтақтың жиналуы сияқты ақ дақтар. Бұлар бірінші кезеңде білінетін белгілер болып саналады. Ол кезде қызылша екенін анықтау қиын. Себебі, оның белгілері ЖРВИ-мен бірдей жүреді. Екінші кезеңде денеде дақтар пайда болады. Міне, сол кезде барып, оның қызылша екенін түсінеміз. Сонымен қатар, ілгеріде айтып кеткен ауыздағы ұнтақ секілді жиналған ақ немес қызыл дақтардан аңғаруға болады.

El.kz: Қызылша несімен қауіпті?

Кәмшат Кибраева: Қызылша пневмония (өкпенің қабынуы), бронхит, соқырлық,  энцефалит (ми қабығының қабынуы) сияқты асқынулармен қауіпті, олар медициналық көмекке кеш жүгінгенде және қосымша ауыр аурулар болған жағдайда өлімге әкелуі мүмкін.

El.kz: Бұл вирусты адамдар көбінесе қайдан жұқтырады?

Кәмшат Кибраева: Ол ауа тамшылары арқылы таралады. Егер бір үй-жайда ауырған адам отырып, кетіп қалса, вирус сол жерде екі сағаттай тірі жүреді. Тіпті, алыс қашықтықтан да ауа арқылы жұға береді.

El.kzСонда қызылшадан тек екпе арқылы сақтанамыз ба?

Кәмшат Кибраева: Иә, тек вакцина құтқарады.  Нақты қызылшаға қарсы препарат жоқ. Қазақстанның екпелік күнтізбесінде балалар ауруға қарсы бір жасында және алты жасында екпе алуы қажет. Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрінің м.а. 2023 жылғы 21 қыркүйектегі № 150 бұйрығымен 6 ай мен 11 ай аралығындағы және 2-5 жас аралығындағы балалар қосымша екпе алуы керек. Алайда, көп ата-ана екпе алудан бас тартып жатыр. Бұл қызылшаның қарқынды таралуына әкелді. Ата-аналарда екпеге деген теріс көзқарас қалыптасқан. Оған әлеуметтік желіде таралған баланың екпеден кейінгі ауыр жағдайлары көрсетілген әртүрлі бейнежзабалар да әсер етуі мүмкін. Екпе алмайтын себептердің алғашқы үштігінде –  «вакцина сапасы нашар» деген түсінік, діни көзқарас және жеке көзқарастары бар. Оған қоса, ковид кезінде болған карантинде балалар уақтылы екпе алмаған. Бұл да өзінің кесірін тигізіп жатыр.

El.kz: Вакцинаның жанама әсері бар ма?

Кәмшат Кибраева: Вакцина өте сирек жағдайда, тіпті миллионнан бір жағдайда аллергия береді. Сол сияқты екпеден кейін, бала әлсіреп, дене қызуы шамалы көтерілуі мүмкін, 6-7 күнде денесінде аздап дақ пайда болуы ықтимал. Бұл вакцинаның жанама әсері деген сөз емес. Керісінше, екпенің иммундық жүйеге әсері деп түсінген дұрыс. Иммунитетті оятқан вирус қайта келетін болса, ағзаға ештеңе жасай алмайды. Халық ванкцинадан емес, қызылшаның өзінен қорқуы керек. Себебі, екпе алған бала ауруды жеңіл өткереді, ал алмаған балада салдары ауыр болып жатады.

El.kz: Қызылша екпесі Даун синдромын тудырады деген әңгімелер бар екен...

Кәмшат Кибраева: Ол – миф. Кейбір аналар екпе баланың психикалық дамуына әсер етеді деген түсінікте. Ол да қате. Даун генетикалық бұзылыстан туындайды. Оған ешқандай вакцинаның қатысы жоқ.

Оқи отырыңыздар:

El.kz: Қызылшаның бала үшін зардабы қандай?

Кәмшат Кибраева: Ең қауіптісі энцефалит. Бұл ақыл-ой кемістігіне алып келетін мидың қабынуы. Оның 10%-ы өліммен аяқталады. Яғни, екпеден бас тартқандар баласын одан да үлкен қауіпке итермелейтінін түсінбейді.

El.kz: Сұхбатыңызға рахмет.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға