Жаңалықтар

Қызылордалық журналист алаяқтарға телефон арқылы қалай 2 млн теңгеге алданғаны туралы айтты

Қызылордалық журналист алаяқтарға телефон арқылы қалай 2 млн теңгеге алданғаны туралы айтты
Фото: Ашық дереккөзден 30.07.2023 10:21 1129
Қызылордалық журналист Назерке Саниязов бірнеше ай бұрын телефон алаяқтарының құрбанына қалай айналғанын туралы оқиғасымен бөлісті, деп хабарлайды Еl.kz ақпарат агенттігі.
 
Оның жазуынша, журналист ақпан айының ортасында күтпеген жерден алаяқтардың арбауына түскен көрінеді.
Бұл оқиғаға жарты жыл өтті. 2023 жылғы 13 ақпан күні мен алаяқтардың жеміне айналдым. Сол күн, одан кейінгі мүмкін бір ай, мүмкін екі ай бойы өзіме келе алмадым. Әлі күнге ойымнан кетпейді. Әлгіні тапсам мойнын бұрап жұлып алғым келеді. Ол маған 13 ақпан күні таңғы сағат он шамасында звондады. «Ұлттық банктің өкілі»-міс. Ер адам. Айтуынша, пәлен банктің депозитіндегі шотымды біреулер бұзып, ақшаны алғысы келіп жатыр екен. Соны сақтап қалғым келсе, сөзін бұлжытпай орындауым керек. Қипақтадым да қалдым. Үй жинап жүргем. Шаңсорғыш бір жақта, трәпкі бір жақта жатыр. «Ақұдай көкем, күйеуіммен бір ауыз сөйлесейін, телефонды қоя тұршыға» көнген жоқ. «Күйеуің қайта рақмет айтады. Ақшаңды біреу қолды қылғанын қаламайтын шығарсың?!» деп миымды ағызып жіберді, -  деп жазды журналист
Н.Саниязова "банк өкілінің" тек орысша сөйлеген. Олар журналистке орыстілді маманға арыз бергенін айтқан.
Арыз берген өзім екенмін. Қазір кейбір нәрсе есіме түспей тұр. Бірақ ана бәленің сөзі мені нокаутқа түсірді. Сосын ол тек ватсап арқылы звондап отырды. Бір минут телефонды қоюыма мүмкіндік берген жоқ. Пәлен банкте күйеуімнің ақ тер-көк тер боп тапқан жалақысынан жырып жинағаным бар-ды. Аз-маз жоспар болған. Соған керек еді. Баламызды тоқсан сайын Ташкентке апарып жүрдік. Жүріп-тұруымызға, емге қажет ақша да соның ішінде. Соның бір тиынын да өзіме қалдырмады ғой бәтшағардың баласы. Код па, сондай бірдеңе сұрау үшін әлгі банкке звондауым керек екен. «Сізге ешкім қысым көрсетіп отырған жоқ па, өз еркіңізбен алып жатсыз ба?» дегенде, «иә» деуім керек. «Алаяқ банк қызметкерлерінің бірі болуы мүмкін» деп қорқытып қойғасын робот болдым да қалдым. Пульт «Ұлттық банк өкілінің» қолында. Түген банктен арнайы шот аштырып, депозитті нөл де нөл ғып соған аудартты. Түнгі он екіге дейін қайта ала алатыныма сендірді. «Сіз алаяқ емессіз бе?» деп қоям өзіне. Ең қызығы, плеймаркеттен бір-екі бағдарлама көшіртті. Бұл полиция сол жерде біздің сөздерімізді тыңдап отырған көрінеді. «Банктегі алаяқты» «анықтау» үшін. Адамның көзін Құдай байлап қояды екен ғой. Әйтпесе, дап-дардай адаммын. Журналиспін. Күнде мұндай жағдайды естіп, біліп отырмын. Кезінде жаздым да. Ал істеп отырған тірлігім мынау. Әлгі сілімтік те, мен де кешке дейін телефоннан түспедік. Балаққа жармасып бала жүр. Уақытымен беретін тамақ, дәр, бәрі жөніне қалған. Жылап жүрген оған қарайтын мен жоқ. Таңнан басталған процесс беске дейін созылды. «Сіздің атыңыздан несие рәсімдегелі жатыр» деп ана банктің бір, мына банктің бір, ана микронесие ұйымының бір, мына несие ұйымының бір қосымшасын жүктеп, бәріне «отказ жасап», жауды қырғандаймыз. Негізі бұл әлі ұзауы мүмкін еді. Жұмыстан жолдасым кеп қана тоқтады. Ол бір «но»-ны сезді. Әлгіге қайта звондағанда телефонды өшіріп үлгерген. Мендегі сезімді ешкім түсінбейді-ау, сірә. Жыладым, қарғадым. Өткен орала ма бірақ?, - дейді Назерке Саниязова жазбасында.
Өкінішке қарай, полицияға шағымданғанмен алаяқ табылмаған. 
Ұры ұсталмағасын, шығыным өтелмегесін не пайда?! Білетіндер мұндай қылмыстық істердің ашылуы қиын екенін айтты. Десе, дегендей. Жер жұтқыр неменің депозиттен алғаны аздай, менің атымнан бір микронесие ұйымынан 77 мың теңге, бір банктен миллион теңге несие рәсімдегенін табанымнан тозып жүргенде білдім. Миллионды бірдеңе жылда 2,5 миллион ғып қайтаратын кесте жасатқан. Ең сорақысы, мұның бәрін соның айтуымен өзім орындадым. Бүкіл құжатымды онлайн көрсете отырып, келген кодты жаза отырып, өзім құрттым. Енді есептеңіз: 1 миллион 200 мыңға жуық + 1 миллион+77 мың теңге. Дөңгелеткенде 2 миллион 280 мыңға тақырға отырдым. Миллионды үстіне тағы 1,5 миллион қосып қайтарған жағдайда 3 миллион 780 мың теңгеге сойып түсті. Жер ғана тартқыр! Бұл жағдайды төркін мен өз жұртым ғана біледі. Өмір жасы ұзақ болғыр үлкендеріміз көптеп-көмектеп басты екі несиені дер уақытында жаптық" - дейді журналист. 
Оның сөзінше, аталған оқиғадан кейін ол туралы ешкімге тіс жамаған.
Әлі солай жүре беруге болар еді. Бірақ «алдап кетті», «пәлен миллионынан айырылды» деген ақпаратты күнде естіген сайын есеңгіреп қалам. Оқыған адам сабақ алса деймін. Кішкене өз-өзіме келгесін «басымның садағасы» деп көнгендей болам. Бірақ қолда бар жемді есектің астауына салып бергендей күйдемін. Осы жерде ҚР Парламентінің Мәжілісі депутаттарының назарына мынаны салайын. Біріншіден, онлайн несие беруді тоқтатуға күш салсаңыздар! Өйткені мен сияқты неше адамның опық жегенін білмеймін. Бірақ бұл цифр қисапсыз екенін бағамдауға болады. Екіншіден, несие берерде адамның әлеуметтік статусы анықталуы тиіс.  
Декреттік демалыста болсам да тиын таппайтын менің атыма қалай несие рәсімделеді? Оны қалай қайтарады деп ойлайды сонда?
Заңның солқылдақ тұстарын қайта қарау, өзгерту, түзету қолда тұрған дүние, - дейді Н.Саниязова жазбасында. 
Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға