Жаңалықтар

Қызылордалық тұрғындарды 26,7 млн теңгеге алдаған алаяқ ұсталды

Қызылордалық тұрғындарды 26,7 млн теңгеге алдаған алаяқ ұсталды
Фото: ©El.kz/Арман МҰХАТОВ 22.07.2023 00:15 998

Қызылордада 19 тұрғынды 26,7 млн теңгеге алдаған әккі алаяқ ұсталды. Бұл туралы Polisia.kz сайтына сілтеме жасай отырып El.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Қызылорда қалалық полиция басқармасының жедел уәкілдері 19 қала тұрғынын сыйақы үшін қайтарымсыз грант алып беремін деп уәде берген 42 жастағы әйелді анықтады.

Күдікті әйел 2022 жылдың наурыз айынан бастап қайтарымсыз грант алып беруге мүмкіндігі бар екендігін айтып, 19 жәбірленушіден жалпы сомасы 26 миллион 730 мың теңге ақша алған.

Ақшаны алғаннан кейін бұл азаматша телефон қоңырауларына жауап бермей, қашып жүрген. Аталған дерек бойынша ҚР ҚК-нің 190-бабы 3-бөлігінің 1,4-тармақтары бойынша (Алаяқтық) сотқа дейінгі тергеп-тексеру әрекеттері жүргізілуде.

Күдіктіге қатысты үй қамақ түріндегі бұлтартпау шарасы қолданылды. Қазіргі уақытта күдіктінің осыған ұқсас әрекеттерінен зардап шеккендерді анықтау бойынша жедел тергеу шаралары жалғасуда. Оқиғаның мән-жайы анықталып жатыр.

Қызылордалық полицейлер азаматтарға қырағы болып, бейтаныс адамдарға сенбеу қажеттігін тағы да ескертеді. Несие немесе басқа да әлеуметтік-материалдық көмек алуда күмәнді көмек ұсынатын, сондай-ақ ақша үшін жұмысқа орналасуға уәде беретін алаяқтарға сенім білдірмеңіз.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға