Жаңалықтар

Қызылордалық депутат қаңтар оқиғасының мән-жайы туралы айтты

Қызылордалық депутат қаңтар оқиғасының мән-жайы туралы айтты
Фото: El.kz 06.01.2023 13:00 4276

Қаңтар оқиғасының орын алғанына бір жылдан астам уақыт өтсе де ол кез әлі күнге дейін ұмытылған жоқ. Тәртіпсіздіктің кесірінен қаншама адам зардап шекті. Осындай қиын сәтте қазақстандықтар бір-біріне жанашырлықпен қарап, қол ұшын соза білді. Қызылорда қалалық мәслихат депутаты Анар Ізден де көмек сұраған қарапайым халыққа жәрдемдесті, деп хабарлайды El.kz ақпараттық агенттігі.

Депутаттың айтуынша, 2021 жылдың 5-ші қаңтар күні ұялы телефонына бір хабарлама келіп түскен. Онда 4-ші қаңтар күні «Сабалақ» саяжайындағы аналар көтеріліске шыққан күйеуі мен балаларын қалалық ішкі істер бөліміне алып кеткені жайлы жазған. Олардың не үшін, қандай жағдайда ұсталғанын біліп беруді өтінген.

«ҚІІБ-не әріптесім, қалалық мәслихат депутаты Ерлан Мұсаевпен бірге бардық. Ол жерге жиналған 200 шақты тұрғынмен кездесіп, сөйлестік. Халықтың жиналғандағы мақсаты қамауға алынғандардың халін біліп, бөлімшеден шығуына ықпал ету, тәркіленген зааттарды қайтарып алу болды. Олардың бұл өтінішін орындау үшін қалалық ішкі істер бөлімінің басшысымен жолықтық», – деді Анар Жарылқасынқызы.

Сөйтіп, олар ғимараттың ішіне кіре саласымен ешқандай айқай-шудың көтерілмегенінін, тек ұсталғандардың саусағының ізі алғанына көзін жеткізген. Кейбіреуін тіпті босатқалы жатқанын да білген.

«Біздің ҚІІБ-не барғандағы мақсатымыз онда жеткізілген адамдардың денсаулығын сұрап, полиция қызметкерлері тарапынан зорлық-зомбылық көрсетілді ме, жоқ па, соны анықтау болды. Байқағанымдай, ешкімге қысым көрсетілмеген, ешқайсы ауруханаға жөнелтілмеген екен», – дейді депутат.

Осылайша Анар Ізден қамауға алынған тұрғындардың қалалық ішкі істер бөлімінен босап шығып, тәркіленген заттарын қайтарып алуына көмегін тигізді. Арандатушылардың ықпалымен көтеріліске шыққан азаматтардың үйіне қайтуына жағдай жасады.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға