Қызылордада зергерлік дүкеннен бірнеше алтын ұрлаған күдікті ұсталды
Қызылорда қаласында бірнеше зергерлік дүкеннен алтын бұйымдарды ұрлады деген күдікпен 29 жастағы ер адам ұсталды, деп хабарлайды El.kz интернет порталы.
Полицияға қала тұрғыны хабарласып, белгісіз адамның сауда үйлеріндегі зергерлік бутиктердің бірінен алтын сақиналарды жымқырып кеткенін айтқан. Оқиға Қызылорда қаласындағы сауда орталықтарының бірінде болған.
Күдікті зергерлік бұйымдар сататын дүкенге кіріп, сатушыдан сақиналарды көрсетуді сұраған. Бұйымдарды мұқият қарап шыққан соң сатушыныкөңілін басқа жаққа аударып, алтын сақиналарды жымқырып, оқиға орнынан із суытқан. Келтірілген шығын 200 мың теңгеден асты. Алынған зергерлік заттарды күдікті өткізіп, қаражатты жеке қажетіне жұмсаған.
Жедел-іздестіру шаралары нәтижесінде бұрын сотты болған Атырау қаласының тұрғыны ұсталды. Тергеу барысында оның осыған ұқсас тағы екі ұрлыққа қала аумағында қатысы бары анықталды.
Сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп жатыр. Күдіктінің облыс аумағындағы өзге де қылмыстарға қатысы бар-жоқтығы тексерілуде. Ер адам қамауға алынды.

