Жаңалықтар

Қызылордада тұрғын үйдің бірінен өрт шығып, 38 жастағы азаматты күйік шалды

Қызылордада тұрғын үйдің бірінен өрт шығып, 38 жастағы азаматты күйік шалды
Фото: Қызылорда облыстық Төтенше жағдайлар департаменті Өрт сөндіру және авариялық-құтқару жұмыстары қызметі 22.06.2023 14:43 1278

Қызылорда облысында тұрғын үйде болған өрттің салдарынан 38 жастағы азаматтың денесін 75 пайыз күйік шалып, ауруханаға жеткізілді. Науқастың жағдайы ауыр, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

21 маусымда сағат 18:45-те Жалағаш ауданына қарасты Бұқарбай батыр ауылында тұрғын үй жанып жатқаны туралы 101 пультіне хабарлама түсті.

Шақырту бойынша оқиға орнына аудандық №11 өрт сөндіру бөлімінен 5 қызметкер 1 техникамен барды. Барлау шарасының нәтижесінде тұрғын үйдің басым бөлігі ашық жалынмен жанып жатқаны белгілі болды. Өрт сөндірушілер бөлме ішінде ес-түссіз жатқан 38 жастағы тұрғын үй иесін құтқарды. Оны қауіпсіз жерге алып шықты. Жедел жәрдем қызметі жеткенше оған №11 өрт сөндіру бөлімінің бастығы азаматтық қорғау майоры Ербол Тәуекелов алғашқы медициналық көмек көрсетті. Денесінің 75 пайызын күйік шалған азамат дәрігерлердің қарауында. Оның жағдайы ауыр деп бағаланып отыр, - деді Қызылорда облыстық Төтенше жағдайлар департаменті Өрт сөндіру және авариялық-құтқару жұмыстары қызметінің баспасөз хатшысы Әлия Ережепова.

Ведомство мәліметінше, тілсіз жау 19:51 минутта толық сөндірілді. Өрттің шығу себебі мен шығыны анықталып жатыр.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға