Жаңалықтар

Қызылордада Сеултех Жасанды интеллект және информатика жоғары мектебі ашылады

Қызылордада Сеултех Жасанды интеллект және информатика жоғары мектебі ашылады
Фото: Ғылым және жоғары білім министрлігі 07.11.2023 03:10 927

Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің базасында Жасанды интеллект және информатика жоғары мектебінің ресми ашылу салтанаты өтті. Бұл туралы Ғылым және жоғары білім министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасай отырып El.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Іс-шараға ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек, Қызылорда облысының әкімі Нұрлыбек Нәлібаев, LUPIC халықаралық ынтымақтастық бойынша жетекші университет жобасының өкілдері, профессор-оқытушылар құрамы және IT саласы бойынша жұмыс берушілер қатысты.

Бұл бастама Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың үш ЖОО базасында жасанды интеллект саласындағы кадрлар даярлау және осы салада зерттеу жүргізетін орталықтар ашу жөніндегі тапсырмасы шеңберінде іске асырылды.

Жоғары мектеп жасанды интеллект, киберқауіпсіздік және информатика саласында кадрлар даярлайтын болады. Студенттер Сеултехпен бірлескен бағдарламалар бойынша білім алады, бұл әлемдік IT технологияларға қолжетімділікті қамтамасыз етеді. Жоба аясында оқу орны Кореяның заманауи зертханалық құрылғыларымен жабдықталады, ал студенттер бірнеше тілді меңгеріп, орыс және қазақ тілдерінен бөлек, ағылшын, корей тілдерінде білім алады.

Жиында ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек жобаның маңыздылығына тоқталды.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев жасанды интеллект технологияларының дамуы ел болашағы үшін стратегиялық маңызды бағыт екенін атап өтті. Жасанды интеллект технологияларын қолданысқа енгізу ерекше назар аударуды қажет етеді. Сондықтан Ғылым және жоғары білім министрлігі осы бағыт бойынша білім беру бағдарламаларын іске асыруға жылдам кірісті. Қорқыт ата университетінде Сеултехтің жоғары жасанды интеллект мектебінің ашылуы IT технологиялар саласында адами капиталды қалыптастыруға, ғылыми зерттеу нәтижелері және өзара тәжірибе алмасуға, сондай-ақ Корея мен Қазақстан арасындағы жоғары білім беру саласындағы екіжақты ынтымақтастықты одан әрі ілгерілетуге серпін береді. Сондай - ақ, алдағы уақытта шетелдік университеттің филиалы мен қос дипломды бағдарлама ашу жоспарланып отырғанын хабарлағым келеді, соның нәтижесінде түлектер Сеултехтің және Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің дипломын ала алады, - деді министр.

Сондай-ақ, министр Мемлекет басшысы Қ.Тоқаевтың тапсырмасын орындау мақсатында Қазақстанда соңғы екі жылда М. Қозыбаев атындағы СҚУ базасында Аризона университеті, Қ. Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университеті базасында Хериот-Уотт университеті (Шотландия), Есенов университетінің базасында Неміс жоғары оқу орындарының консорциумы және басқа да жетекші шетелдік жоғары оқу орындарының 8 филиалы ашылғанын атап өтті. Министрдің айтуынша, шетелдік университеттердің филиалдарын ашу Қазақстанда білім беру саласын дамытуға және халықаралық аренада жоғары білім саласы бойынша көшбасшы атануға маңызды қадам болмақ.

LUPIC жобасының Қазақстандағы орталығының директоры, Сеул Ұлттық Ғылым және технологиялар университетінің (СеулТех) кванттық жасанды интеллект қауіпсіздігі жаһандық орталығының директоры Джесу Кимжоба аясында Жоғары мектеп ашу ғана емес, Қорқыт ата университетінің базасында бизнес-инкубатор құру көзделіп отырғанын атап өтті.

Бизнес-инкубатор аясында қазақстандық студенттер өз таланттарын шыңдап, стартаптар әзірлеп, алған білімдерін бүкіл әлем бойынша жасанды интеллектті дамыту үшін пайдаланатынына сенімдімін, - деді Джесу Ким.

Айта кету керек, 2023 жылдың қыркүйегінен бастап Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінде IT мамандыққа түскен және Сеултехтің бағдарламасы бойынша оқуға іріктелген 1-курс студенттері үшін тілдік даярлау жұмыстары басталды. Қазір олар жалпы білім беретін пәндерді оқып, жеделдетілген тілдік курстардан өтуде. Болашақта студенттер мен профессор-оқытушылар құрамы академиялық ұтқырлық және бірлескен білім беру бағдарламалары бойынша Сеулде оқуға және ғылыми тағылымдамадан өтуге бара алады, ал Сеулден келген оқытушылар өз тәжірибесімен бөлісу үшін Қызылордаға шақырылады.

Сеул Ұлттық Ғылым және технологиялар университеті – Кореяда 1910 жылы негізі қаланған ұлттық университет. Оқу орнында 23 факультет, 15 мыңға жуық студент бар. СеулТех Жоғары мектебінің ашылуына Қызылордада өмір сүрген Кореяның ұлттық батыры, генерал Хон Бом До сүйегінің тарихи отанына қайтарылуы ықпал етті. Қайта жерлеу рәсіміне Хон Бом Доны еске алу қоғамы белсенді қатысты.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға