Жаңалықтар

Қызылордада қаңғыбастыққа салынған 536 азамат есепке алынды

Қызылордада қаңғыбастыққа салынған 536 азамат есепке алынды
Фото: polisia.kz 30.12.2022 12:05 1011

Қызылордада жыл басынан бері қаңғыбастыққа салынған 536 азамат есепке алынды, – деп хабарлайды El.kz ақпараттық агенттігі Polisia.kz.

Қызылордалық полицейлер тиісті сала мамандарымен бірлесе құқық бұзушылықтың алдын алу және өмірдің қиын жағдайына тап болып, қаңғыбастыққа салынғандарды қайта әлеуметтендіру мақсатында “Подвал” іс-шарасын  жүргізіп жатыр.

Аймақты аралайтын полицейлер мұндай қаңғыбастардың жиналатын жерлерінен хабардар. Көбіне тексеру барысында бұл азаматтардың тұрғылықты мекенжайы мен жақын тума-туыстарының бар екендігі анықталып жатады. Полицейлердің айтуынша, кейбір қаңғыбастыққа салынған азаматтар өз еріктерімен отбасыларын тастап кетіп жатады.

Жыл басынан бері Қызылорда қаласы аумағында қаңғыбастыққа салынып, тұрақты мекенжайсыз жүрген 536 азамат Қызылорда ҚПБ  қабылдау-тарату орнына жеткізіліп, есепке алынды.

Ал рейд барысында он азамат анықталып, олар тұрақты мекенжайы жоқ және өмірдің қиын жағдайында қалған адамдарды қайта әлеуметтендіруге арналған орталығына жеткізілді. Оларға әлеуметтік, медициналық, психологиялық, құқықтық көмек көрсетіледі.

Қазіргі таңда ауа райының суытуына байланысты полиция қызметкерлері арнайы орталықпен бірлесіп осы санаттағы адамдарға көмек көрсету жұмыстары ұйымдастырылып жатыр.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға