Жаңалықтар

Қызылордада дәрігерлер сәбидің аяғын күйдіріп алған

Қызылордада дәрігерлер сәбидің аяғын күйдіріп алған
Фото: facebook.com/Айгерім Әбілтаева 20.12.2024 14:41 142

Қызылордада процедура кезінде жаңа туған нәрестенің аяғы күйіп қалған, деп хабарлайды El.kz  ақпарат агенттігі.

Оқиға Қызылорда облыстық перинаталдық орталығында болған. Жәбірленуші әйелдің туысы Айгерім Әбілтаеваның айтуынша, бірнеше күн бұрын жоғары қан қысымы байқалған жүкті келінін аудан дәрігерлері шұғыл түрде облыстық перинаталдық орталыққа жіберген. Қалада оған дереу "кесар тілігі" арқылы операция жасалған.

Біз оны қалаға жібергендеріне қатты қуанып едік, өйткені мұнда дәрігерлердің деңгейі жоғары деп ойладық. Бірақ келгенде, не онымен, не дәрігерлермен кездесуімізге рұқсат бермеді. Тек нәрестенің кувезде екенін және оның жағдайы ауыр екенін білдік. Бірнеше күннен кейін келін жылап хабарласып, нәрестенің аяғын күйдіріп алғандарын айтты", - деп жазды әйел өз Facebook-парақшасында.

Медициналық қызметкерлер баладан анализ алу кезінде спиртпен табанын күйдіріп алғаны анықталған. Сонымен қатар, туысының айтуынша, дәрігерлер осы уақытқа дейін анасына жөргекті ауыстыруға немесе нәрестені ұстауға рұқсат бермеген.

Қызылорда облысының перинаталды орталығы болса қазір осы іске қатысты ішкі тексеру жүріп жатқанын хабарлады.

Орын алған оқыс оқиға бойынша қазір ішкі талдау жүріп жатыр. Жауапты қызметкерлерден жасаған қызметтері туралы түсініктеме алып жатырмыз. Нәрестені күту кезінде қате жіберген адамға шара қолданамыз, - деп хабарлады облыстық перинаталдық орталығының әкімшілігі.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға