Қызылордада бірнеше пәтер ұрлығын жасаған күдікті ұсталды
Қызылорда облысында бірнеше пәтер ұрлығын жасаған күдікті құрықталды, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.
Қызылорда облысы ПД Қазалы аудандық полиция бөліміне 7 қазан күні 3 аудан тұрғыны арызданған. Белгісіз біреу түнгі уақытта үйдің пластик терезесін бұзып кіріп, алтын бұйымдары мен телефондарын қолды еткен.Келесі жолы әккі ұры есігі құлыптанбаған пәтерге кіріп, телефон мен оның құрылғыларын ұрласа, үшінші жағдайда жеке үйдің ауласында тұрған автокөліктен автомагнитола ұрлаған. Жәбірленушілерге бір миллион теңгеден аса залал келтірілген.
Түскен ақпарат бойынша дереу бағыт-бағдар беріліп, жедел-іздестіру шараларының нәтижесінде “ізін суытпай” сол ауданның 21 жастағы тұрғыны ұсталды. Күдіктіден айғақ зат ретінде 6 телефон, 8 алтын сақина, 2 білезік, телефон құрылғылары, ақша, қымбат шараптар, автомагнитола алынды. Ұсталған күдікті қамаққа алынды.
Ұрлық қылмысы бойынша ҚР ҚК-нің 188-бабы 3-бөлігінің 3-тармағымен сотқа дейінгі тергеп-тексеру әрекеттері жүргізіліп жатыр. Қазіргі уақытта полицейлер бұл азаматтың басқа да қылмысқа қатысы бар-жоғын анықталып жатыр.