Төтенше жағдайлар министрлігі

Қызылордада аграршыларға қолдау көрсеткен құтқарушылар марапатталды

24.08.2025 20:29

Қызылордада өңірдің ауыл шаруашылығы алқаптарын сумен қамтамасыз ету жұмыстарын аяқтаған Төтенше жағдайлар министрлігінің құтқарушыларын салтанатты түрде шығарып салу рәсімі өтті, деп хабарлайды El.kz интернет порталы.

Іс-шара барысында қызметтік борышын атқару барысында көрсеткен жоғары кәсіби шеберлігі мен жанқиярлығы үшін құтқарушыларға Алғыс хаттар табыс етілді. Су ресурстары және ирригация министрлігінің Алғыс хатымен 5 құтқарушы, ал Қызылорда облысының әкімі атынан 16 құтқарушы марапатталды.

Министрлік мәліметінше, 4 шілдеден бастап еліміздің 19 өңірінен келген ТЖМ күштері мен құралдары қиын жағдайда жұмыс істеді. Олар Сырдария өзеніндегі су деңгейінің және топырақ ылғалдылығының күрт төмендеуі аясында ауыл шаруашылығы алқаптарына су жеткізу мәселесін шешумен айналысты. Жалпы ТЖМ 139 қызметкері, 35 техника  мен 25 жылжымалы сорғы станциясы жұмылдырылды. Жұмыстар тәулік бойы, екі ауысымда жүргізілді. Құтқарушылар Шиелі, Сырдария, Жалағаш, Қазалы және Жаңақорған аудандарындағы 19 учаскеде қызмет атқарды.

Құтқарушылардың үйлесімді әрі кәсіби жұмысының нәтижесінде 25 743 077 м³ су айдалып, облыстың бес ауданындағы егіс алқаптарын дер кезінде суару қамтамасыз етілді.

Жеке құрам тұрғын үймен және тамақпен қамтамасыз етілді. Ауыр далалық жағдайға қарамастан, құтқарушылар жоғары дайындық деңгейін, төзімділік пен өз істеріне адалдықты көрсетті. Құтқарушылардың бұл жұмысы егінді сақтауға және өңірдің су қауіпсіздігін қамтамасыз етуге қосқан елеулі үлес болды,-делінген ведомство мәліметінде.