Жаңалықтар

Қызылордада 80 отбасыға баспана кілті табысталды

Қызылордада 80 отбасыға баспана кілті табысталды
Фото: Қызылорда облысының әкімдігі 22.03.2024 06:23 872

Қызылордада Наурыз мейрамы қарсаңында Жаппасбай батыр көшесіндегі көпқабатты үйден 80 отбасыға пәтер кілтін табыстау рәсімі өтті, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі. 

Аймақ басшысы жиналған жұртшылықты алдағы Ұлыстың ұлы күнімен құттықтады.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы «Халықтың басым көпшілігі үшін тұрғын үй – ең өзекті мәселе. Мемлекет шын мұқтаж адамдарға ғана жәрдем береді», – деп атап өткен болатын. Халықты баспанамен қамту еліміздегі негізгі басымдықтың бірі десек, өңірде бұл бағытта тындырымды тірлік атқарылуда. Өткен жылы 4 108 пәтерлік 300 тұрғын үй салынды, 2400-ге жуық пәтер табысталып, 11 мыңнан астам тұрғынның баспана мәселесі шешімін тапты. Халықтың тұрмыс жағдайының жақсаруы, жайлы өмірінің кепілі болып саналатын баспанамен қамту жұмыстары биыл да қарқынды жүруде. Бюджет қаражаты есебінен 14,3 млрд. теңгеге 1890 пәтерлік 70 тұрғын үй салынады. Оның 16-сы жеті қабатты болады. Жыл басынан бері Тасбөгет кентінде 172 отбасы баспаналы болса, бүгін міне, өздеріңіздің қатысуларыңызбен 80 отбасы қоныс тойын тойлайды. Алдағы аптада «Сыр жастары» жеңілдетілген ипотекалық несие бағдарламасымен тағы да 60 отбасына үй кілті табысталады. Бұл - тұрғындар әл-ауқатын арттыру бағытындағы мемлекет қолдауының нақты көрінісі, – деді облыс әкімі.

Рәсімде Арайлым Тілеубай қоныстой иелері атынан қуанышын жеткізіп, мемлекет және қоғам қайраткері Бақберген Досмамбетов ақ батасын берді. Өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына үлес қосқан кент тұрғындары мен құрылысты сапалы салуға атсалысқан мердігер мекеме қызметкерлері марапатталды.

Қазір Қызылорда қаласы мен елді мекендердің келбетіне көрік қосатын әлеуметтік нысандар құрылысы қарқын алған. Сол жағалаудан 300 орындық жатақханасы бар 400 орындық физика-математика мектеп-интернаты бой көтеруде. Мемлекет басшысының бастамасымен қолға алынған «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында биыл 10 мектеп ел игілігіне табысталады, тағы 11-нің құрылысы басталады. Балалар мен жасөспірімдер шығармашылығын шыңдау мақсатында «Шығармашылық академиясы», Жаңақорған, Шиелі аудандарында Оқушылар үйі мен Өнер мектептері салынады. Өткен жылы «Отбасы орталығы» және «Анаға тағзым» орталығы өз қызметін бастады. Жақында 1000 орындық «Өнер орталығы» салтанатты түрде ашылса, сол жағалаудан жаңа өлкетану музейі бой көтермек. 

 

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға