Жаңалықтар

Қызылордада 21 жастағы әйелін аяусыз өлтірген ер адамға сот үкім кесті

Қызылордада 21 жастағы әйелін аяусыз өлтірген ер адамға сот үкім кесті
Фото: видеодан алынған кадр 31.10.2024 12:49 1000

Қызылорда облысында өз жұбайын қатыгездікпен өлтірген азаматқа сот үкім кесті, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі Almaty.tv телеарнасына сілтеме жасап.

Қайғылы оқиға биыл шілдеде Шиелі ауданы Майлытоғай елді мекеніне қарасты малшы ауылда болған. Екі кештің ортасында ерлі-зайыптылардың арасындағы дау жанжалға ұласқан.

Сотталушы заңды некедегі әйелін "қонақ бөлмеде планшетпен белгісіз адаммен сөйлесіп отырсың" деп, болмашы нәрсені желеу етіп, ашуға булығып, қолындағы планшетті тартып алады. Бөлменің қабырғасына ұрып сындырады. Ағаш ас үстелінің аяғын сындырып алып, басынан, денесінен бірнеше рет теуіп, ұрып-соғып, жәбірленушіні қасақана өлтірген, - деді Қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының баспасөз хатшысы Гүлдана Досан.

Марқұмның жақындарының сөзінше, ер адам жұбайын осыған дейін де бірнеше мәрте ұрып-соққан. 

Сотталушы Жаңабай Біржан Жаңабайұлына ҚР Қылмыстық кодекстің 99-бабының 1-бөлігімен кінәлі деп танылып, 11 жыл мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалсын. Сотталушы Жаңабай Біржан Жаңабайұлына Қылмыстық кодекстің 60-бабы 1-бөлігінің талабына сәйкес, Қызылорда қалалық №2 сотының 22-ақпан 2024 жылғы үкімімен тағайындалған бас бостандығынан шектеу жазасының өтелмеген бөлігіне ішінара қосу арқылы түпкілікті 12 жыл мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалсын, - деді Қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының судьясы Думан Әлиев.

26 жастағы Шиелі ауданының тұрғыны осыған дейін де сотталған. Тіпті бас бостандығынан шектеу жазасы әлі аяқталмаған. Ерлі-зайыптылардың арасындағы некеден қалған 1 жасар бүлдіршінді сот Шиелі аудандық білім бөлімі жанындағы қамқоршылық ұйымының қарауына беруді шешкен. 

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға