Жаңалықтар

Қызылорда облысында кадет сыныбы ашылды

Қызылорда облысында кадет сыныбы ашылды
Фото: Төтенше жағдайлар министрлігінің баспасөз қызметі 24.05.2024 00:34 706

Қызылорда облысының Қармақшы  ауданының  Төретам  кентіндегі  №85  мектепте  «Жас құтқарушылар кадет сыныбының» ашылу салтанаты өтті, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Төтенше жағдайлар министрлігінің мәліметінше, мұндағы мақсат оқушыларды  Отанды сүюге  тәрбиелеу, патриоттық сезімдерін нығайту, ойлау және іскерлік қабілеттерін қалыптастыруға бағытталып отыр. 

Кадет  сыныбын Қармақшы  ауданы білім бөлімінің  басшысы Гүлзира Абдазиева мен Төтенше жағдайлар бөлімінің бастығы  Өмірбек Сақтабаев ашып, оқушыларға Жас құтқарушылар куәлігін  табыстады.

Кадет сыныптарының негізгі бағыты: оқушыларды жан-жақты дамыту, оларға сапалы білім мен үлгілі тәрбие беру, оларды азаматтық және әскери қызметке дайындау, білім беру мен мәдениетті арттырудың озық үлгілерін жаңғырту. Егер болашақта олар осы мамандықты таңдаған болса, онда аталмыш сыныпта алған  теориялық білімдері оларға пайдалы болары сөзсіз. Ал, күнделікті тұрмыста және қоғам өмірінде кез-келген адамның қауіпсіздік қағидасын білуі және құтқарудың әдіс-тәсілдерін меңгере білуі құба-құп.

Бүгінгі таңда облыс бойынша бес кадет сыныбы ашылған. Қазір осы бағыттағы жұмыс жалғасып жатыр. 

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға