Жаңалықтар

Қызылорда командасын 5 миллиард бөліп, чемпион қылмай-ақ қойдым – Нұрлыбек Нәлібаев

Қызылорда командасын 5 миллиард бөліп, чемпион қылмай-ақ қойдым – Нұрлыбек Нәлібаев
Фото: ОКҚ 21.11.2024 14:30 405

Қызылорданың «Қайсар» футбол клубы ойыншыларына жалақы төлей алмай, бұрыннан қалған 400 млн теңге қарызын жыл сайын бөліп төлеп келеді. Қызылорда облысының әкімі Нұрлыбек Нәлібаев клубтың алдағы бюджетіне қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Сырттан келген ойыншыларға босқа ақша төлегеннен гөрі тұрғындар пайдалы маңызды жобаларды қолға алғанымыз жөн. Маған да клубтың басшысы келіп, «қаражатты көбейтсек, бұдан да жақсы нәтиже көрсетеміз, бірінші орын аламыз» дейді. Бюджеттен 5 млрд теңге бөліп, бірінші болмай-ақ қойдық дедім. «Қайсар» – бюджеттен ең аз қаражат қарастырылған команда, мен оны мойындаймын. Бюджет жағынан ең төменгі орындарда тұрғанымыз анық. Бірақ сол ақшаны ауылдарда спортты дамытуға бөлгеніміз дұрыс. 80 спорт алаңы салынды. Стадион салынып жатыр. Спорт кешендері салынып жатыр. Біздің мақсат – қалаға көрік беретін ғимараттар емес, қаракөздерімізді тәрбиелейтін, пайдасы тиетін нысандар салу, - деді әкім. 

Нұрлыбек Нәлібаев клубтың ойыншылар алдындағы қарызына қатысты сауалға да жауап берді.

Қарыз бізге дейін болған. Клуб басшылығына тапсырма бердім. Егер шын мәнінде біздің қарыз екеніміз дәлелденсе, онда бәрін өтеп береміз. Бұл мәселені көтеріп жүрген – сырттан келген ойыншылар, алайда оларға тиімсіз қаражатты жұмсай беруге қарсымын. Кезінде «Ақтөбе» де қаржылық қиындықтарға тап болып, легионерлеріне ақша төлей алмай жатқанда, 17 жастағы футболшылардан тұратын екінші құрамы келіп «Қайсарды» ұтып кеткен. Кәдімгі ауылдың жап-жас балалары, сол намыстың арқасы еді. Кейін «Қайсар» «Ақтөбенің» негізгі құрамын қонақта ұтып кетті. Сондықтан еліне, ауылына жаны ашитын адамдарды тәрбиелеу керек, - деді Нұрлыбек Нәлібаев.

Сондай-ақ аймақ басшысы ел арасында таралған «Қайсар Шиелі» командасын таратып жіберді деген әңгіменің нүктесін қойды.

Шиелідегі команданы жауып тастау деген болған жоқ. Қайта жақсы стадион салып бердік, сонда дайындалып жүр. Біз келгенде «Қайсар» Бірінші лигада жүрген, біз сол қаражатпен-ақ клубты Премьер-лигаға шығардық. Турнирлік кестеде 6-шы, әрі кетсе 7-орында келе жатыр. Қолдау болмаса, жоғары лигаға қалай шығатын еді? Қолдау бар, стадионның салынуы осы сөзімізге дәлел. Бірақ клубтың құрамын қараймыз. Өз ойыншыларымызды, жастарымызды көптеп тартатын боламыз, - деді Нұрлыбек Нәлібаев. 

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға