Кондиционер астында қалған фельдшер, жалынға оранған өрт сөндірушілер, жарылысты кеудесімен жапқан полиция қызметкері... Бейбіт заманда осындай тәуекелге баратын кәсіби мамандардың көпшілікке үлгі екені жасырын емес. Өзгенің өмірін сақтаймын деп, өз өмірін қиған бұл жандар кімдер? El.kz порталының тілшісі осындай жандарды тізбектеп көрген еді.
Басына кондиционер құлады
Небәрі 23 жастағы фельдшер Ұлдана Мырзуан өзінің кәсіби міндеттерін орындау барысында ауыр жарақат алып, 2025 жылдың 18 қараша күні ауруханада көз жұмды.
Қайғылы жағдай Астанада Тәуелсіздік даңғылы бойындағы көпқабатты тұрғын үйдің ауласында болды. Ғимараттың сыртын қаптайтын кірпіш материалдары мен сыртқы кондиционер аспасы опырылып құлап, бес адам жарақат алған. Жедел жәрдеммен оқиға орнына жеткен Ұлдана екі адамды қиранды астынан шығарып үлгерген. Алайда үшінші зардап шеккен ер адамды көтермек болған сәтте жоғарыдан кенеттен құлаған кондиционер оның басынан қатты соққы берген.
Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова фельдшердің қазасына байланысты көңіл айтып, оның ерлігін ерекше атап өткен еді.
Денсаулық сақтау министрлігінің атынан және жеке өз атымнан өз кәсіби борышын атқару кезінде қаза тапқан «жедел жәрдем» фельдшері Ұлдана Мырзуанның отбасы мен жақындарына қайғыра көңіл айтамын. 8 қарашада кезекті қызметтік шақырту кезінде Астанадағы тұрғын үй кешенінде ғимараттың қаптамасының бір бөлігі құлады. Өзіне төнген өлім қаупіне қарамастан, Ұлдана екі зардап шеккен адамға көмек көрсетіп, олардың өмірін сақтап қалды. Ол соңғы уақытқа дейін адамдарға көмектесу мақсатына адал болды. Оның іс-әрекеті нағыз кәсіби батырлықтың, қайсарлықтың және жоғары адамгершілік жауапкершіліктің үлгісі, – деп жазды министр Instagram парақшасында.
Министрдің сөзінше, Ұлдана бес жылын медицинаға арнаған, жақында ғана шаңырақ көтеріп, болашаққа жоспар құрып жүрген еді. Оның қазасы тек туған-туыстары үшін ғана емес, бүкіл медицина саласы мен елорда тұрғындары үшін ауыр қайғы болып отыр.
Өзгенің өмірі мен денсаулығын бәрінен жоғары қойған Ұлдана Мырзуанның жарқын бейнесі қайсар да мейірімді жан ретінде біздің жүрегімізде мәңгі сақталады, – делінген министрдің жазбасында.
Мемлекет басшысының жарлығымен қызметтік борышын абыроймен атқарғаны және қиын жағдайда көрсеткен ерлігі үшін Астана қалалық Жедел медициналық жәрдем станциясының фельдшері, марқұм Ұлдана Қалдарханқызы Мырзуан «Ерлігі үшін» медалімен марапатталды.
Сонымен қатар Ақмарал Әлназарова қайғылы оқиғадан көз жұмған фельдшер Ұлдана Мырзуанның есімін есте қалдыру үшін арнайы еске алу бастамалары жүзеге асатынын атап өтті. Мәжіліс кулуарында министр жас маман оқыған медициналық колледжде оның аты берілген аудитория ашу жоспарланып отырғанын айтты.
Бұл – барлығымыз үшін ауыр оқиға. Жедел жәрдем станциясы арқылы Ұлдана оқыған колледжде арнайы аудитория ашуды жоспарлап отырмыз. Сондай-ақ марқұмның есімі ұмытылмауы үшін ескерткіш орнатқымыз келеді, – деді министр.
Айта кетейік, Ұлдана Мырзуан соңғы бес жылын фельдшерлік қызметке арнап, өз ісіне адал еңбек еткен. Жұбайының айтуынша, жақындары жұмыс қауіпті болғандықтан бірнеше рет мамандығын ауыстыруды ұсынғанымен, ол сүйікті кәсібінен бас тартпаған.
Фельдшер бірнеше апта бұрын ғана шаңырақ көтеріп, жаңа өмірін енді бастаған еді.
Денесінің 80 пайызын күйік шалды
Астанада Төтенше жағдайлар қызметіне 2022 жылдың 16 қараша күні сағат 10:43-те көпқабатты үйдің отқа оранғаны жайлы хабарлама келіп түседі. Бауыржан Момышұлы даңғылы 14-ші үйдің 11-қабатында өрт тұтанып, пәтер ішін қою түтін басқан шақта оқиға орнына алғашқылардың бірі болып жеткен өрт сөндірушілердің арасында Асқар Забикулин де бар еді. Үш минутта жеткен арнайы топ бірден тұрғындарды эвакуациялауға кіріседі. Қауіптен жанұшыра айқайлаған адамдардың даусын ести сала, олар ең алдымен адам өмірін құтқаруды мақсат етеді.
Асқар Забикулин сол сәтте ештеңеге қарамастан жанып жатқан пәтерге терезе арқылы кіру үшін жауынгерлік киімін шешуге мәжбүр болды. Үстінде тек камуфляжы ғана қалды. Бетпердемен қорғанып, жалынға оранған бөлмелерді аралап жүріп, әжесі мен немересін алып шықты. Артынша көрші пәтерден он жасар баланы да аман алып қалады. Осы ерлігі кезінде оның денесінің 80 пайызы күйіп, аса ауыр халде жансақтау бөліміне түсті. Дәрігерлер бірнеше тәулік бойы өмір үшін күрескенімен, Асқарды аман алып қала алмады. Мамандар оған беттің, арқаның, іштің және аяқтың жоғарғы-төменгі бөліктеріндегі II-III дәрежелі күйік, күйіктік шок диагнозын қойған.
Асқардың ерлігін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жоғары бағалап, сол күні-ақ батыр өрт сөндірушілерді мемлекеттік наградалармен марапаттау туралы Жарлыққа қол қойды. Қызметтік борышын орындау кезінде көрсеткен батылдығы мен жанқиярлығы үшін Асқар Забикулин I дәрежелі «Айбын» орденімен марапатталды. 18 қарашада Президент атынан оның отбасына үш бөлмелі пәтердің сертификаты табысталды. Сонымен бірге, Ғылым және жоғары білім министрлігі марқұмның балаларына білім гранттары берілетінін жариялады.
Асқарды әріптестері кәсіби біліктілігі жоғары, жауапкершілікті терең сезінетін, әділ әрі талапшыл маман ретінде жиі еске алады. «Ол әрдайым бірінші болып көмектесуге асығатын. Міндетін адал атқаратын. Біз үшін ол – нағыз батыр» деп сипаттайды жолдастары. Асқардың артында жесір жары мен екі және төрт жастағы екі қызы қалды.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев марқұмның отбасына жолдаған көңіл айту жеделхатын жіберген еді.
Асқар Серікұлы елге қызмет етудің биік үлгісін көрсетті. Астанадағы өрт кезінде бірнеше адамның өмірін сақтап қалуы – оның азаматтық антына адалдығының айғағы. Ерлігі халық жадында мәңгі қалады. Жаны жәннатта болсын, – деп жазды Мемлекет басшысы.
Төтенше жағдайлар министрі Юрий Ильин де көңіл айтты.
Бұл – өте ауыр қаза. Асқардың ерлігі, кәсібіне деген адалдығы жүрегімізде сақталады. Оның отбасына жан-жақты қолдау көрсетіледі, – деді министр.
Құтқарушылар күні мерекесіне орай Астана қаласындағы көшелердің біріне оның аты беріліп, арнайы бюст орнатылды. Еске сала кетсек, бұл туралы Астана қаласының әкімі Жеңіс Қасымбек әлеуметтік парақшасында мәлімдеген еді.
Бүгін – Құтқарушылар күні Астанада өрт сөндіруші Асқар Забикулиннің бюсті ашылды. Оның жанқиярлық әрекеті, қаһармандығы мен батылдығының арқасында адамдар құтқарылды. Асқар Забикулиннің ерлігі жүрегімізде мәңгі сақталады. Бюст №6 Мамандандырылған өрт сөндіру бекетінің аумағында орналасқан. Сол сияқты батырдың құрметіне көше атауы беріліп, ескерткіш тақта орнатылды. Құтқарушыларды кәсіби мерекелерімен құттықтаймын! Сіздер мыңдаған адамның өмірін ажал аузынан құтқарып қалдыңыздар. Сіздердің мамандықтарыңыз үлкен құрметке ие әрі қауіпті. Бәріңізге қызметтен ылғи да аман-есен оралуды тілеймін!, – деді қала әкімі.
Қызыл жалынмен арпалысып жүріп қаза тапқан Асқар Забикулинді еске алу шаралары еліміздің барлық өңіріндегі ТЖД бөлімшелерінде өтті. Қызметкерлер бір минут үнсіздікпен тағзым етті. Батырды әріптестері мен жақындары Көкшетауда ақтық сапарға шығарып салып, ол туған жері – Ақмола облысы Еңбекшілдер ауданы Казгородок ауылында жерленді.
Айта кетейік, 2023 жылы «Астана» телеарнасы Асқар Забикулиннің ерлігіне негізделген «Қаһарман» телехикаясын ұсынып, тасада жүрген нағыз батырдың бейнесін көпшілікке танытты. Бұл туынды Мәдениет және ақпарат министрлігінің тапсырысымен түсірілген болатын.
Жаралысты денесімен жапты
Ғазиз Байтасов – 2011 жылы Тараздағы лаңкестік шабуыл кезінде ажал құшқан полиция капитаны.
2011 жылдың 12 қарашасы қала тұрғындары үшін қаралы күн болды. Таңға таяу уақытта радикалды топ мүшелері шаһарда жантүршігерлік шабуыл жасап, бейбіт күннің тыныштығын бұзды. Сол оқиғада жеті адам қаза тапты.
Алғашқы дабыл 11:53-те түсті. Қазыбек би көшесіндегі «Маке» дүкенінің сатушысы полициядан көмек сұраған. Екі минуттың ішінде жеткен «Бүркіт-1» тобы дүкен ішінде бірнеше адамның жансыз жатқанын көріп, дереу қосымша күш шақырды.
Бірнеше минут өтпей жатып, тағы бір хабарлама тіркелді. Пырманов көшесінде қарулы адам «У дяди Вити» дүкеніне баса-көктеп кіріп, оқ жаудырып кеткен. Лаңкес ВАЗ-21099 автокөлігін айдап қашқан.
Полиция қызметкерлері шұғыл әрекет етіп, қалада «Сирена» жоспары жарияланды. Барлық күш бір қылмыскерді тоқтатуға жұмылды. Бірақ қаскөй әр жерде оқ жаудырып, жолай кездестірген көліктерге шабуыл жасап үлгерді.
Сағат 12:52-де Қазыбек би көшесінде жүрген күдіктінің ізі анықталған соң, ең бірінші болып сол жерге полиция капитаны Ғазиз Байтасов жетеді.
Қолында гранатасы бар қаскөймен бетпе-бет келген Ғазиз қаруланған адамның бейбіт тұрғындарға қауіп төндіріп жатқанын бірден түсінеді. Ойлануға уақыт жоқ еді. Ол жалғыз өзі қарсы тұрып, қылмыскерге жақындайды. Бір сәтте лаңкес гранатаны жармақ болғанда, Ғазиз еш ойланбастан өз денесімен оны жауып қалады. Осы әрекеті арқылы ол ондаған адамның өмірін ажалдан сақтап қалды.
Ғазиз сол жерде қаза тапты. Бірақ оның ерлігі – нағыз батырлықтың анық көрінісі болды.
ҚР тұңғыш президенті Нұрсұлтан Назарбаев оған «Халық қаһарманы» атағын беріп, марапатты жұбайы Гүлжамал Тәжиеваға табыстады.
Өз жанын қиып, тараздықтарды құтқарды. Оның ерлігі ұмытылмас. Мұндай азаматтар елдің тірегі, – деп атап өтті.
Сондай-ақ Ғазиздің құрметіне Талдықорғанда арнайы мемориал ашылды. Полиция қатарында жүріп қаза тапқан талай батырдың ішінде оның есімі ерекше аталады.
«Ғазиздей жігіттер көп емес. Ол – өз ісінің хас шебері, нағыз ер, – деп еске алды әріптестері.
Батырдың ерлігі киноға да арқау болды. 2025 жылдың 23 қазанында ел кинотеатрларында «Капитан Байтасов» көркем фильмінің тұсаукесері өтті. Туындыны «Қазақфильм» Мәдениет және ақпарат министрлігінің тапсырысымен түсірген.
Фильм актерлік құрамымен де, мазмұнымен де ел назарын аудартты. Азамат Сатыбалды, Еркебұлан Дайыров, Асан Мажит, Самал Еслямова және басқа да талантты актерлер Ғазиздің ерлікке толы күнін экранда шынайы көрсете білді.
Драма мен экшн элементтері араласқан картинада патриотизм, адамгершілік, адалдық секілді құндылықтар алдыңғы орынға шығады. Бұл – ел үшін жанын қиған бір азаматтың ғана емес, бүкіл қазақ полициясының көзге көрінбейтін ауыр еңбегінің символы.
Дала өртіне оранды
2024 жылдың 6 қазанында Қарағанды облысы, Қарқаралы ауданындағы дала өртін сөндіру кезінде өрт сөндіруші Хали Хайрат қаза тапты. Төтенше жағдайлар министрлігінің мәліметіне сүйенсек, 1991 жылы туған 24-өрт сөндіру бөлімінің аға өрт сөндіруші-құтқарушысы қызметтік міндетін атқару барысында қайтыс болған.
Хали Хайраттың жақындарына қайғырып көңіл айтамыз, – делінген ресми хабарламада.
Қарағандыда марқұмды ақтық сапарға шығарып салу рәсімі орталық мешітте өткен еді. Хали Хайраттың жақындарына қолдау білдіруге 200-ге жуық адам жиналды. Әріптестері, өрт сөндіру бөлімінің басшылығы, облыстық ТЖД өкілдері мен әкімдік қызметкерлері түгел келіп, батырды еске алды.
Марқұмның әпкесі Бибігүл Хамитқызы ағасының бала кезден құтқарушы болуды армандағанын айтады.
Біз үшін ол – шын мәнінде батыр. Әке-шешемізге көп көмектесетін, қолы ашық, жүрегі таза еді. Төрт баланың екіншісі. Адамдарға көмектесуді бала күнінен мұрат тұтты. Құтқарушы болып 10 жылға жуық еңбек етті. Ерлікпен қаза тапты, – дейді ол.
Саран қаласы өрт сөндіру бөлімінің бастығы Марғұлан Ысқақовтың айтуынша, Хайрат және тағы үш қызметкер 5 қазанда дала аумағын бақылау тапсырмасына жіберілген. Келесі күні олар өрттің ошағын байқап, бірден сөндіруге кіріскен. Дәл сол мезетте желдің бағыты күрт өзгеріп, жағдай ушыға түскен.
Жігіттер оқиға орнынан хабарласып тұрды. Хали Хайраттың соңғы сөзі «Бәрі жақсы, уайымдамаңыздар» болды. Бірақ бәрі осылай аяқталады деп ешкім ойлаған жоқ. Ол – біздің ең мықты құтқарушылардың бірі еді, кез келген жағдайға дайын тұратын, – дейді Марғұлан Ысқақов.
ҚР Президентінің Жарлығымен Хали Хайрат қаза тапқаннан кейін «Ерлігі үшін» медалімен марапатталды. Мемлекет басшысының атынан марапатты Қарағанды облысының әкімі Ермағанбет Бөлекпаев табыс етті.
Бүгін біз басқа адамның өмірі үшін өз өмірін қиған ер азаматты еске алып отырмыз. Оның ерлігі ешқашан ұмытылмайды, – деді әкім.
Марапаттау рәсіміне батырдың әріптестері де қатысты. Қарағанды облысы ТЖД бастығы Марғұлан Аманбаев Хайраттың қызметіне адалдығын атап өтті.
Президентке біздің батыр әріптесімізді марапаттағаны үшін алғыс білдіреміз. Хали Хайрат он жыл ішінде мамандығына берілгендігін дәлелдеді. Оның жанкешті еңбегінің арқасында талай адам өлім аузынан аман қалды. Ол жүрегімізде мәңгі сақталады, – деді ол.

