Қызды таң атқанда ұзатады. Димаш қашан үйленеді? – Светлана Айтбаевамен сұхбат
Әлемге танымал әнші Димаш Құдайбергеннің анасы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Светлана Айтбаева қызы Раушанның ұзату тойынан кейін алғаш рет El-Women жобасына сұхбат берді. Өнер иесі қуанышты күннің мәні, қазақ дәстүрлерінің насихатталуы және бүгінгі қазақ әйелінің миссиясы жайлы ой бөлісті, деп хабарлайды El.kz интернет порталы.
Светлана Айтбаеваның айтуынша, Раушанның ұзату тойының басты мақсаты – ұлттық салт-дәстүрді дәріптеу. Арнайы ойластырылған сценарийде шарғы салу, табақ тарту секілді қазақы рәсімдер орындалып, қонақтар нағыз қазақы тойдың көрінісін тамашалады.
Көпшілікке Димаш пен Мансұрдың өнері жақсы таныс болса, Раушан жайлы дерек аз. Анасының сөзіне қарағанда, ол да өнерге жақын болғанымен, өзінің өмірлік жолын медицина саласынан тапқан.
Светлана Айтбаева сұхбат барысында қыз жасауына ерекше көңіл бөлгенін айтты. Жасауға күй шығаратын музыкалық аспап, теледидар сынды техникаларды салуға болмайтынын ескертті. Оған қоса қыз бала ұзату тойында тек қызыл көйлек киіп, таң шуағымен, күн сәулесімен ұзатылуы керек екенін атап өтті.