Жаңалықтар

Қыздарға ақыл айтқан Қарақат Әбілдинаның сөздері желіде қызу талқыланды

Қыздарға ақыл айтқан Қарақат Әбілдинаның сөздері желіде қызу талқыланды
Фото: instagram.com/karakat_a 12.01.2024 17:12 23646

Отандық әнші Қарақат Әбілдина қоғамдағы зорлық-зомбылыққа қатысты ойын айтып, бұл жерде қыз тәрбиесі де маңызды рөл атқаратынына тоқталды, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Өнер иесі жан жарыңды таңдауда мұқият болу керектігін еске салды.

Қоғамда әйелге қол көтеретін ер-азаматтарымыздың белең алып бара жатқаны жанға батады. Бәріміз де ұл-қыз өсіріп отырмыз. Өзімізді не күтіп тұрғанын білмейміз. Айрандай ұйып отырған отбасының шырқы бұзылып, балалар жетім қалып жатыр. Әрине, жанға бататын дүниелер. Осы келеңсіз оқиғаларды болдырмау екі жасқа тікелей байланысты. Өмірлік серігіңді таңдаған кезде сен оның тегі кім, қай жақтан екенін зерделеп, біраз жүріп, көзіңді жеткізіп, жақсылап тануың керек. Содан кейін ең әуелі адам өзінің өміріне үлкен жауапкершілікпен қарауы керек. Шалыс қадам баспас үшін қыз болып жүрген кездің өзінде шошаңдамай жүруі керек. Қалай болса, солай жеңіл жүріске салынып, от басып қалып жатады. Сондай жағдайдың салдары жақсы болмайды. Сондықтан да «қызға қырық үйден тыю» деп қазақ бекер айтпаған, – деп пікір білдірді әнші. 

Қарақат Әбілдинаның бұл сөздері көпшілік арасында қызу талқыға түсті. Желі қолданушыларың біразы қоштаса, екінші тарап қарсы шыққан. Олардың сөзінше, адамның аласы ішінде, сондықтан оны толықтай зерттеу мүмкін емес.

Әнші ойын адал махаббатқа құрылған неке ғана шаңырақтың шайқалуынан сақтайды деп жалғастырды. 

Әйел – үйдің берекесі мен шығары. Көп нәрсе айналып келгенде әйел затына байланысты. Өйткені әйелдің арқасындағы жауапкершіліктің жүгі ауыр. Қалай айтсаңыз да ол – шындық. Отбасылық қарым-қатынас, бала тәрбиесі, үйдегі тіршіліктің барлығы әйелден сұралады. Бала сабақты жақсы оқымай жатса да анасы жауапты. Сондықтан да қыздарға, сіңлілеріме от баспау үшін, өкінбестей өмір сүру үшін кішкене өз болашақтарыңызға, өмірлеріңізге абайлап қадам басыңыздар деп айтқым келеді. Адал таза махаббатпен қосылған екі адам қанша жерден, қандай жағдай болмасын бір-біріне мейірімді, қайырымды, кешірімді болады, – дегенді алға тартты ол.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға