Коллаж El.kz

«Қыз Жібектің» сәукелесін тіккен шебер кім?

Қазақ киносының алтын қорында ерекше орын алған «Қыз Жібек» фильмі тек өнердің ғана емес, ұлттық киім дәстүрінің де айнасы болды. Күміс пен маржанға көмкерілген Қыз Жібектің сәукелесі талай буынның есінде қалып, қазақтың сұлулық символына айналды. Ал сол сәукелені жасаған адамның кім екені жарты ғасыр өткен соң белгілі болды, деп хабарлайды El.kz интернет порталы.

Сәукеленің авторы – сәулетші әрі суретші Лейла Рахымжанова. Бұл жаңалықты шебердің өзі Facebook парақшасында авторы екенін айтып, естелігімен бөлісті.

1970 жылы түсірілген «Қыз Жібек» фильмі – қазақ өнерінің символына айналған туынды. Фильмдегі ұлттық киімдер мен әшекейлердің көркемдігі, сол дәуірдің мәдени кодын сақтап қалуда ерекше рөл атқарды. Алайда көпшілік біле бермейтін бір жайт бар – басты кейіпкер Қыз Жібектің сәукелесін жасаған адам осы уақытқа дейін ресми түрде аталмаған еді.

Лейла Рахымжанова кім?

Қазақстанның сәулет және этнография саласында өзіндік із қалдырған тұлғалардың бірі. Ол 1949 жылдың 26 қаңтарында Алматы қаласында дүниеге келген. Ұлты – қазақ.

Лейланың әкесі Шәймерден Рахымжанов 1895 жылы теміржол басқармасында құрылысшы болып еңбек еткен, ал анасы Райхан Рахымжанова 1907 жылы Алматы қаласындағы сән шеберханасында тігінші болған. Отбасында еңбекқорлық пен ұқыптылықты жоғары бағалаған ата-ананың тәрбиесі болашақ сәулетшінің өмірлік ұстанымына айналды.

Лейла Рахымжанованың жеке парақшасынан алынды 

1972 жылы оқу орнын бітірген соң, Лейла Қазақстан Республикасы мәдениет министрлігінің ғылыми-реставрациялық шеберханасында архитектор, кейін бас жоба архитекторы болып қызмет атқарады.

Парижде ЮНЕСКО ұйымдастырған «Ұлы Жібек жолы», «Батыс пен Шығыс мәдениеттерінің диалогы» жобаларына қатысып, «Күн символы түрлі мәдениеттерде» атты кітаптың дайындалуына атсалысты. Сондай-ақ, Польшадағы Гдыня қаласында қазақ этнографиялық орталығын құру ісіне де белсене қатысқан. Сол жылдары ол алты тілді меңгерген – қазақ, орыс, ағылшын, неміс, француз және поляк тілдері.

Оның еңбегі ұлттық сәулет мектебінің дамуына, экологиялық ойлау мәдениетінің қалыптасуына және қазақ этнографиясының халықаралық деңгейде танылуына өз үлесін қосты.

Сәукелені небәрі 18 жасында тіккен 

Суретші Лейла Рахымжанованың айтуынша, «Қыз Жібек» фильміндегі сәукеленің негізі Гүлфайруз Ысмайылованың жасаған эскизіне сүйеніп тігілген. Ол кезде бас киімді тез арада дайындау қажет болған, алайда киностудияның тігіншілері қандай да бір себеппен жұмыстан бас тартқан екен. Бұл уақытта Лейла Рахымжанованың жасы небәрі 18-де болған. 

әлеуметтік желіден алынды 

Сол сәтте мен эскизді алып, пішінді өзім үйге апардым. Сәукеленің әрбір моншағын қатты картонға қадап, бір түн ішінде тігіп шықтым. Таң ата дайын бұйымды киностудияға жеткіздім. Жүздеген моншақтан құралған жұмысымды көріп, Гүлфайруз Ысмайылова риза болып, қатты таңғалды, – деп еске алады шебер.

Осылайша бір түн ішінде дүниеге келген сәукеле қазақ киносының ең әсем киімдерінің біріне айналды. Ал Лейланың айтуынша, бұл еңбегі кейін марапатқа да ие болған, бірақ ол өзі оны көп уақыт өткеннен кейін ғана білген.

Қыз Жібектің сәукелесі үшін сыйлық берілгенін кейін естідім. Cол кезде мен бұл жайлы білмедім. Бірақ мен үшін ең үлкен марапат – халқымның махаббаты мен осы жұмыстың фильм тарихында сақталуы, – дейді ол.

Лейла Рахымжанова сол кезеңде кино саласына араласқан жас өнер иесі болған. Ол тіпті «Қыз Жібек» фильміне қосалқы рөлге де шақырылған. Алайда түсірілім кезінде көңіліне қаяу түскен сәттер де аз болмапты.

Лейла Рахымжанованың жеке парақшасынан алынды 

Мен фильмге түскенде, ол уақытта «қазақ қыздары сұлу емес» деген түсінік бар еді. Менің мақсатым – сол пікірді өзгерту, экранда қазақтың көрікті қыздарын көрсету болатын. Бірақ бізге боянуға тыйым салынды, ал әдемі шыққан кадрлар кейін қиылып тасталды. Сөйтіп, көрермен тек бір ғана сұлуды – Қыз Жібекті көрді. Неліктен біздің халықтың сұлулығын, әр қыздың келбетін мақтанышпен көрсетуге болмады? Бұл біз үшін ауыр тиді, – дейді Лейла Рахымжанова.

Оның айтуынша, фильм түсірілімінде кәсіби операторлар да кей сәттерде әділетсіздікті байқаған.

Кейбір кинооператорлар мені жаман жағынан көрсетіп жатқандарына қарсы болды. Бірақ ол кезде режиссердің шешіміне қарсы шығу мүмкін емес еді, – дейді.

Лейла Рахымжанова жас кезінде Мәскеу мен Ленинградтың белгілі режиссерлерінен де ұсыныстар алғанын айтады.

Кончаловский мені бірнеше ай күтті, тіпті көмекшілері келіп, «сізбен танысқымыз келеді» деп шақырды. Бірақ мен тұрмысқа шыққаннан кейін, киноға қайта бармаймын деп шештім. Себебі мен үшін ең бастысы отбасы болды, – дейді сәулетші.

Солай бола тұра, оның бір түнде жасаған еңбегі қазақ киносының мәңгілік жәдігеріне айналды. Қыз Жібектің сәукелесі ұлттық киім өнерінің көркіне, әйел еңбегінің нәзік шеберлігінің айғағы болды.

Лейла Рахымжанованың жеке парақшасынан алынды 

Мүмкін менің бейнем фильмде өз дәрежесінде көрінбеген шығар. Бірақ менің қол еңбегім –  «сәукеле» сол фильмнің нағыз сәні болды, – деді Лейла Рахымжанова.

Бір түн ішінде тігілген сәукеле – бұл жай ғана киім емес, қазақ әйелінің табандылығы мен өнерге деген сүйіспеншілігінің нышаны. Лейла Рахымжанованың еңбегі арқылы «Қыз Жібек» фильмі тек махаббат туралы эпос емес, сонымен бірге ұлттық қолөнердің ғажайып үлгісін паш еткен туындыға айналды.